Талғар ауданы Ақдала ауылындағы №44 орта мектепте «Әке – отбасының қорғаны» атты әкелер форумы өтті. Аталған шараға Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов, ақсақалдар алқасының төрағасы Бексұлтан Көлбаев, жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция тобының инспекторы Ерсін Әмірханов, осы білім ордасындағы әкелер мектебінің жетекшісі Жалғасбек Бекбатыров, М.Бейсебаев атындағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің оқытушысы Бағдат Мустафин, «Qaz Media Production» актерлік орталығының негізін қалаушы Айбек Сәрсебек қатысып, қоғамдағы әкенің орны мен рөлі, оны нығайту мен дамыту жолдары жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Кең де жарық, әсем безендірілген мәжіліс залындағы іс-шара мектептің ұл балаларынан құрылған хордың орындауындағы «Менің әкем ең жақсы адам» атты әсерлі де әуезді әнмен басталды. Одан соң мектеп директоры Ажаркүл Қайшыбекова жиынды ашып, форумның мақсатын түсіндірді.
–Бұл форумды ұйымдастырудағы мақсат – әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру, олардың отбасының қамқоршысы, ақылшысы, қорғаны, ұрпақ тәрбиесіндегі жол көрсетуші, сүйеніші екеніне басымдық беру, соны тереңірек түсіндіріп, кеңірек насихаттау арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Өйткені ата-бабамыз әкені сыйлаған, отбасын, қоғамды, мемлекетті әке басқарған. Біз соның бәрін көрдік және жаман азамат болмадық деп ойлаймын. Мектеп тек 10 пайыз ғана тәрбие береді, қалған 90 пайызы отбасында беріледі. Әйелдің үстемдігі – қоғамның кемшілігі деп санаймын. Сондықтан сіздер, әкелер, отбасындағы, қоғамдағы басқару тізгінін қолға алуларыңыз керек, – деді ол.
Ал Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов қоғамдағы көп нәрсе жауапкершілікке байланысты екеніне тоқталды.
– Меніңше, бізде – ер азаматтарда жауапкершілік азайып кетті-ау деп ойлаймын. Өйткені көп жағдайда біз әйелдерді алға шығарамыз. Мысалы, тұрғындармен кездесулерде, басқа да жиындарда мен көп жағдайда әйелдермен әңгімелесемін. Мәселе көтеретін, әлеуметтік желілерде ой-пікір айтатындар да солар. Ажаркүл Ашылқызының сөзінен түйгенім, отбасындағы ер азаматтың жауапкершілігі азайып, «бағбан» екенімізді, «бақташы» екенімізді ұмытқан кезде әйелдер алға шығады.
Кешегі бабаларымыздың тәрбиесі – бізге үлкен тәжірибе, соны іздеп, кітаптардан оқып, күнделікті өмірде қолдануымыз керек. Абай атамыз «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейді. Мықты әке болу үшін бізге не керек? Бізге отбасында, жұмыста, қоғамда да ыстық қайрат, күш керек және сол қайрат-күшімізді отбасымызға, балаларымызға аянбай жұмсай білуіміз керек. Екінші – мейірім, Абайдың айтуынша, жылы жүрек керек, оның ішіне сенің бала-шағаңа көңіл бөлуің, ағайын-туысың, ел-жұртыңмен қарым-қатынасың, қолыңда барыңмен бөлісуің – бәрі-бәрі кіреді, – деді өз ойын өте мазмұнды әрі ұғынықты жеткізген Алмас Нұрдәулетұлы.
Кеңдала ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Көлбаев қазіргі кезде ұрпақ тәрбиесінде әкелердің рөлі әлсірегенін тілге тиек етті.
– Менің мектеп бітіргеніме 53 жыл болды. Біздің буын тек бір әкенің емес, бүкіл ауылдағы әкелердің тәрбиесін көрді деп айта аламын. Ауылда 350-400 оқушы болды, соны 20-ақ мұғалім оқытты. Соның төртеуі ғана әйел, қалғаны ер азаматтар еді. Біз ең алдымен қазір әкелер не істеп жүр, ақсақалдар не айтып жүр – соны ойлауымыз керек. Үйдегі тәрбиеге, ақсақалдардың айтатын өнеге-өсиетіне баса көңіл бөлген жөн, бұған ер азаматтар барынша атсалысуы тиіс, – деді Бексұлтан ақсақал.
Одан кейін сөз алған Ерсін Әмірханов, Жалғасбек Бекбатыров, Бағдат Мустафин, Айбек Сәрсебек мырзалар да ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің орны туралы ойларын ортаға салды. Тақырыпқа байланысты бейнеүзінді көрсетіліп, мектеп оқушылары әке туралы монологтар оқып, ән шырқады.
Форум өте мазмұнды әрі әсерлі өтті. Көпшілік отбасындағы бала тәрбиесінде, жалпы қоғамдық өмірде ер азаматтардың рөлі төмендеп кеткенін баса айтты. Оны мектептегі ұстаздардың, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің 90 пайызына дейін нәзік жандылар құрайтынымен негіздеді. Соның салдарынан ұрпақ тәрбиесі де, қоғамдағы тәртіп те ақсап тұрғаны атап айтылды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы