Офицер. Иығындағы жұлдызға (мейлі ол кішкентай немесе үлкен болсын) сызат түсірмейтін офицермен сұхбаттас болу, оның қызмет атқару кезіндегі жеткен жетістіктеріне шын жүректен қуана білу де бір ғанибет екенін, ең алдымен әскери тілшілер түсінеді…
Жақында ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюпов Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының учаскесіне жасаған қызметтік сапар кезінде дараланған ұжымдарды марапаттады. Солардың бірі, «Нарынқол» шекара бөліміне тиесілі грамотаны департамент басшысы аталған ұжым бастығының орынбасары – штаб бастығы майор Р.Қыдырмолдаұлыға табыс етті. Өйткені, офицер осындай құрметке ие болатын…
…Иә, «қасқырды аяғы, журналисті қаламы асырайды» демекші, біз – әскери тілшілердің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Сол секілді, мен де осынау офицермен еліміздің солтүстіктегі өңірлерінің бірінде кездестіріп, кең сұхбаттасқаным бар. Бұл кезде Руслан бұрынғы Петропавл шекара отрядының «Талсай» шекара бөлімшесін басқаратын. Негізі, ҰҚК Шекара академиясын 2013 жылы бітіріп, өзінің шекарадағы алғашқы қызметін Өскемен шекара отрядының «Ульба» шекара бөлімшесінде бастапты.
– 2013 жылы… Майор мырза, онда сіздің дивизион командиріңіз полковник Валентин Лютерович болды ғой, – дедім көпмәнділік танытып.
– Иә, дәл таптыңыз. Біз оқыған жылдардағы Шекара академиясының ең мықты дивизион командирлерінің бірі, – дейді Руслан. Болашақ офицер, жас маман үшін ол – үлкен тәжірибе, тағылым мектебі болғаны анық. Дивизион командирінен көп нәрсе үйрендім. Болашақ мамандығымның қыр-сырына қанықтым. Менің үлкен бақытым – полковник В.Лютерович секілді сардарлар арқылы офицер болудың қаншалықты маңызға ие екенін сезіндім. Бүгінде өткенге көз жүгіртіп қарасам, біздің дивизион өзінен түлеп ұшқан қаншама жас офицерге қанат бітірген екен.
Руслан Қыдырмолда дұрыс айтып тұр еді. Мен білетін, нағыз шекарашыға балайтын офицерлердің құрмет тұтып, үлгі санайтын ұстаздары бар. Өйткені, мен мұны өз басымнан білемін…
Айтпақшы, бізді осыдан талай жыл бұрын «Талсай» шекара заставасында күтіп алып, өзі басқаратын ұжымның жауынгерлік қызметімен таныстырып қана қоймай, ауыл әкімімен кездестірген офицер мен бүгінгі штаб бастығы майор Р.Қыдырмолдадан өзгерісті байқамадық. Сол баяғы жанып тұрған жігерлі шекарашы. Тіпті сондағы сымша тартылған тұлғасынан уақыт салған белгілерді байқамадық…
Талсайдан кейін қазіргі Шығыс Қазақстан облысының орталығында орналасқан Өскемен шекара отрядында қызмет атқарған офицер 2020 жылы Алматы қаласына ауыстырылады. Бұл кезде «Шығыс» өңірлік басқармасы – Алматы облысы бойынша департаменті, ал оның қарамағындағы Қарасай шекара отряды – Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы атанған. Осында шекара күзету бөлімінің аға офицері лауазымына тағайындалған Русланды енді қазақ-қырғыз шекарасының бойында жиі кездестіретін болдық. Бөлімше офицерлеріне көмектесу, жас сарбаздарды қызметке тарту, шекара бойын адақтау секілді толып жатқан міндеттердің бел ортасынан табылу. Бір қызығы, осының барлығын офицер өзі қалап тұратындай көрінер еді…
Сөйтіп, көзіміз осыған үйрене бергенде біз Русланның 2024 жылы тамызда Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына ауысып кеткенін бір-ақ білдік. Әрине, еңбекқор офицер қызмет баспалдақтарынан сәтті көтерілгеніне қатты қуандық. Сол-ақ екен, Р.Қыдырмолдаұлы бізді енді өзі «шаммен» жүріп іздейтін болды. Өзі қызмет атқаратын шекара бөліміне бағынышты бөлімшелердің қызметін көрсету үшін. Бұл үшін жиі жіберетін бейнероликтері де бірінен-бірі өтер еді…
Бұл туралы Русланның өзі былай дейді:
– Шынымды айтсам, шекараның бойында қызмет етуге өзім сұрандым. Мұндайда кейбіреулер Алматыға қалайда ауысудың жолын іздеп, шарқ ұратыны бар емес пе? Ал мен әсем мегаполистен өзім «қашқандай» болдым. Өйткені, шекара мен үшін қай жағынан да қымбат. Жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Өзімді қолынан іс келетін нағыз офицер ретінде дәлелдеу жолындағы үлкен сынақ десем де болады. Сондықтан, алдыма қойған мақсатыма біртіндеп жақындап келе жатқан жайым бар!..
…Руслан Қыдырмолдаұлы. Ол Талдықорған қаласының өрені. Шекара академиясының бетке ұстар сардарынан тәлім-тәрбие алған офицер өзінің қолынан не келетінін көрсеткісі келеді. Біз оның ел шебінде қызмет атқарған жылдары қанша шекара бұзушыны ұстағанын, қанша марапаты бар екенін сұраған жоқпыз. Қажетіне не? Өзін шекарасыз елестете алмайтын офицер мұнсыз да өзін кіл мықтылардың қатарынан көрсетіп тұр емес пе?!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі