Ел тәуелсіздік алғалы «Қазақ футболы қашан дамиды?» деген сауал әркімді мазалап жүргені анық. Сан айтулы аламанда футбол жанкүйерлері көгілдір экраннан көз алмай алмай келеді. Тартысты ойындардың әсерлі сәттерінде алаңда атой салатын бір Алаш баласын қазақ жұрты ұзақ күткендей. Жақында Қазақстан футбол тарихында ерекше оқиғаның куәсі болдық. Алматылық 16 жасар Дастан Сәтбаев Лондонның «Челси» клубына ауысты.
Сонымен, 2008 жылы туып, әлемнің ең беделді клубтарының бірі қарамағына алған Дастан Сәтбаев деген кім? Осы сауалға жауап іздеп көрсек.
16 жасар Дастан – «Қайрат» академиясының түлегі. Жас талант Алматы қаласы клубының сапында жасындай жарқырап, әлем скауттарының назарын өзіне аударды. Маусымды QJ League-те өнер көрсететін «Қайрат-U18» командасында бастап, 19 гол мен 6 нәтижелі пасты өз еншісіне жазды. Кейін маусымның ортасында Қазақстанның бірінші лигасында ойнайтын «Қайрат-жастар» командасына ауысып, бір голмен көзге түсті. Сонымен қатар «Қайрат» сапында жастар арасындағы чемпиондар лигасында бағын сынап, ол жақта да аянып қалған жоқ. Дастан Сәтбаев жастар арасындағы чемпиондар лигасында 4 ойын өткізіп, қарсылас қақпасына 1 гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Бұдан бөлек, 2024 жылғы 26 мамырда «Қайраттың» негізгі құрамына еніп, QFL аясында «Ақжайық» командасына қарсы ойында 16 жасында дебют жасап, QJ League маусымының қорытындысы бойынша лиганың үздік ойыншысы атағын жеңіп алды. Осы жетістіктерінің арқасында ол әлемдік БАҚ назарын өзіне қаратып, жанкүйерлер оны «Қазақстандық Агуэро» деп те атай бастады.
Дастан Сәтбаевтың сүйікті ойыншысы – Лионель Месси, ал қазір бой түзейтін ойыншылары – Килиан Мбаппе мен Ламин Ямаль екенін атап өтті. Қалай десек те Дастан – қарт құрлықтағы айтулы клубқа қадам басқан алғашқы қазақ футболшысы. Енді Алаш жұрты Сәтбаевтың сара жолына елеңдейтін болады. Қаңтар айында Өзбекстан футбол құрамасының қорғаушысы Абдукодир Хусанов француздың «Ланс» лигасынан ағылшынның премьер-лигасына ауысып, «Манчестер Ситиде» ойнай бастады. Енді әлем футболы үшін Орта Азия ашылған арал іспетті. Сондықтан бұл аумаққа кәсіби футбол мамандарының аңсары жиі ауатын болады. Біз үшін де қазақ футболының тыңнан түлейтін уақыты таяп қалғандай.
Ерзат АСЫЛ