Райымбек ауданы Шалкөде орта мектебінде өткен «Қасиетіңнен айналайын, туған жер!» атты тағылымды шара осы ауылдың төл перзенттері, белгілі қаламгерлер – Жұматай Оспанұлы мен Бақыт Жағыпарұлының 50 жасқа толу құрметіне арналды. Ауылдастары көз алдарында өсіп, ержеткен, туған жерге деген махаббаттарын қара өлеңнің қасиетімен құндақтаған ұлдарының мерейлі қуаныштарына көңілдің көгі, жүректің төрінен орын берді.
Қос ақынның өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті бойларына сіңіру, сол арқылы жас буынның кітаппен достасуына жол ашуды мақсат еткен шараға ұстаздар, аудан, мекеме, басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. ҚР мәдениет қайраткері, Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебайұлы, аудандағы оқушылар арасында айтыс өнерінің негізін қалаушылардың бірі, ақын Даубай Мамытұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Камнұр Тәлімұлы сияқты танымал азаматтар арнайы келді.
Жұматай мен Бақыт ғұмыр-дарияның арнасынан еншілеріне бұйырған қаламгерлікті өмірлік ұстанымына балады. Сүйіспеншілік, бауырмалдық, адамгершілік сияқты рухани құндылықтар арқылы қасиетті атамекеніне, Отанына адал қызмет етуді абыройлы борыш санады. Тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы – ұлттық дәстүрді ұлықтай білуді жан-тәнімен қалады.
100 жылдық тарихы бар білім ошағындағы игі шара ауыл өнерпаздары, ұстаздар мен шәкірттер бірігіп дайындаған сахналық қойылыммен басталды. Мектеп тарихынан сыр шертетін бейнебаян да өткен күндерді ойға оралтты. Жұматай мен Бақыттың қаламгерлік жолы 1988 жылы Нарынқол аудандық Мәдениет үйінде тұңғыш рет ұйымдастырылған оқушылар айтысынан басталған. Сол жыр додасы көрерменнің делебесін қоздырып, таңдайын қақтырғаны, жүректерге жол тауып, құлақтың құрышын қандырғаны әлі есімізде. Содан бері зулап 37 жыл да өте шығыпты. Екеуі де бүгінгі таңда бойларындағы айтыскерлік өнерді қара өлеңмен ұштастырып, уақыт үнімен үндесе алатын арынды ақын, қаламы жүрдек журналист ретінде ел-жұртына кеңінен танылып келе жатыр. Қазіргі таңда Жұматай Оспанұлы – «Жетісу» газетінің бас редакторы, ал Бақыт Жағыпарұлы Қазақ радиолары Алматы бөлімшесінің жетекшісі қызметтерін жемісті атқаруда.
Қос қаламгердің мерейтойына арналған салтанатты жиында алғашқы сөз тізгінін ұстаған Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Жанарбек Жақсылық аудан әкімі Берік Дүйсенбаевтың ыстық ықыласқа толы сөздерін оқып берді. «Қасиетті Аспантау өңірінде туған елі мен жерін аялап, халқын жан жүрегімен қадірлеген, Отанын анасындай қастерлеген перзенттер аз емес. Солардың қатарында өздеріңіздей аптал азаматтардың жүргені бізді қуанышқа бөлейді. Мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын! Қалың қауымды шуақты да қуатты жырларыңызбен сусындата беріңіздер! – деп жазылған Құттықтау хатты құрметпен тапсырған Жанарбек Жантөреұлы мерейтой иелерінің арқасына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Келесі кезекте мінбеден орын алған Дариға Саламатова, Мәулен Қайшыбекұлы сынды ұстаздары жүрекжарды лебізін білдірді. Ауылдастары ардақты азаматтарына ат мінгізді.
Бұл күнгі шараның негізгі бөлімі қос қаламгердің шығармаларын оқушылар арасында кеңінен насихаттауға арналды. «Мен Сізді үлгі тұтамын» жобасы негізінде ұйымдастырылған жыр сайысы екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңіндегі үш номинацияға аудандағы 19 мектептен келген 19 оқушы қатысты. Үміткерлер «Жүректегі жырымды әлемге мен шашамын» атты бірінші номинация бойынша екі ақынның өлеңдерін жатқа әрі мәнерлеп оқудан жарысты. Оқушылардың поэзияға деген талғамына, жаттаған өлеңін мүдірмей, шатаспай оқуына, сахна мәдениетіне айрықша назар аударылды. «Ақынмын мен, жыр мен ойлар тербеген» номинациясында әр үміткер екі ақынға арнаған өлеңдерін оқып, берілген тақырып бойынша 8-10 минут ішінде өлең құраудан сынға түсті. «Сезімнің дауысы, ақиқаттың айнасы, Қаламым менің арманымның қайрағы» номинациясы бойынша берілген тақырып аясында сөйлеу, сөз құрау шеберлігін анықтау арқылы журналистика мамандығына деген көзқарасы, талпынысы, ізденісі сарапқа салынды. Екінші кезеңдегі «Айтыс – сөз өнері» номинациясында «Туған жердің әр тасы, біздің алтын тағымыз» тақырыбындағы ақындар айтысына қатысқан үш оқушы ұлттық өнерді насихаттауға шама-шарықтарынша талпыныс жасады.
Сонымен Жұматай Оспанұлы мен Бақыт Жағыпарұлының шығармашылығына арналған жыр додасы да жарық күнді ұясына жақындатып барып өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының әділ төрелігімен жүзден жүйрік шыққандар анықталды. Байқауға қатысқан 12 оқушыға аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Үшінші орынды Б. Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Айдидар Бектұрсын, Абай атындағы орта мектеп оқушысы Айтолқын Жақсыбай және Қ.Байшығанұлы атындағы мектеп оқушысы Ақжол Өмірғали иеленді. М.Мақатаев атындағы орта мектеп оқушысы Айғаным Оралқан мен Т. Жанұзақов атындағы білім шаңырағының өенрлі өрені Телібай Қасен екінші орыннан көрінді. Байқаудың барлық шарттары бойынша жақсы нәтиже көрсеткен Шалкөде орта мектебінің оқушысы Айтолқын Мәлік бірінші орын алды. Ал А.А. Барманбекұлы атындағы орта мектептің оқушысы Еңлік Қожан байқаудың үш номинациясы бойынша үздік деп танылып, бас жүлдені еншіледі.
Ақындар айтысы бойынша үшінші орын Шалкөде орта мектебінің оқушысы Бекзат Еркінұлына, екінші орын Ш.Уәлиханов орта мектебінің айтыскері Ерден Анкенге бұйырды. Болашағынан мол үміт күттіреді деп танылған Көмірші орта мектебінің оқушысы Ералы Абылайханға бас жүлде иеленді. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен Мақтау қағаздар және ақшалай сертификаттар табысталды.
Шара барысында ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Нұрақын Абзалдың орындауындағы Жұматайдың «Ауылды ұмытып кетпеңдер» өлеңіне жазылған әсем ән де көпшіліктің көңілін баурады. Осы орайда жыр додасының барлық жүлде қорына демеуші болған Райымбек ауданының тумасы, кәсіпкер Олжас Тұрсынғожадай азаматқа да алғыс айтқан орынды.
Қасиетті Аспантау өлкесіндегі Шалкөде ауылының қос перзентін ұлықтаған тағылымды шара көпшіліктің көңілінен шығып, мән-мағынасымен әр жүректің төрінен орын алды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ,
Райымбек ауданы
Жұматай ОСПАНҰЛЫ,
Бір әңгіме қозғалса ауыл жайлы
Әлде жиі түсіме кіргендіктен,
Бәлкім қасиетіңді білгендіктен.
Анамның қолынан дәм татқандармен,
Әкем көзін көргендер жүргендіктен.
Әйтеуір, ауыл десе көңіл бөлек,
Аунап жатқым келеді төрінде көп.
Өйткені, әкем айтып отыратын,
Шет жүрсең де жеріңнен жерінбе деп.
Ауылымнан кетсем де қанша қия,
Есімнен шыққан емес дарқан ұя.
Содан ба, маған сонша қызық емес,
Ел барған Әбу-Даби, Анталия.
Олар менің мауқымды баса алмайды,
Көңілімнің сарайын аша алмайды.
Дубайда көк тіреген ғимараттар,
Менің Хантәңірімнен аса алмайды.
Туған жер ақ сүт берген анамдай-ды,
Сондықтан сағынамын, алаңдаймын.
Тай мініп, балалығым өткен жерді,
Тайланға айырбастап ала алмаймын.
Біреулер шетелді аңсап отырады,
Маған қымбат тауымның шоқылары.
Біреуге құмда күю арман болса,
Маған ыстық туған жер топырағы.
Баспаса да санамды ауыр қайғы,
Көрмесем сағынышым қалыңдайды.
Ерекше шабыттанып, есіп кетем,
Бір әңгіме қозғалса, ауыл жайлы.
Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ
Құт мекенім, ауылым!
Мен туған жер шұрайлы, Шибұт таудың етегі,
Қорғасындай ұйыған Қожбанбеттер мекені.
Төрт түлігі төрінде, ырыс тұнған елімде,
Дәмі ауыздан кетпейтін бал-қаймақты шекері.
Бөтен ешкім жоқ мұнда,бәрі менің бауырым,
Ақ батасын арнаған, ақ тілекті қауымым.
Келмегелі көп болды,іргең бүтін, тыныш па,
Ата қоныс, аяулы алтын бесік ауылым.
Қос Шибұттан ағатын қандай еді ақ бұлақ,
Шап айыл мен төстігін тартып беріп қаттырақ.
Мышан көке мінгізіп күрең қасқа жүйрігін,
Сиыр айдап өріспе, қайтушы едім шапқылап.
Ол үйдегі Несіпжан анамыз да жарықтық,
Құрт-кәмпитін қалтама салушы еді қарық қып.
Жүнісқандай шежіре көнекөздер бар еді,
Солар айтқан әңгіме, аңыз, жырға қанықтық.
Самаурынын қайнатып, үрлеп қойып оттығын,
Бар ауылдың тілейтін амандығын, тоқтығын.
Тұрсын, Биқан әжелер, Менің Күлән анам да,
Сағынғанмен амал не, арамызда жоқ бүгін.
Балалық шақ қайрылмас, ең қызықты шақ неткен
Сөмкемізді сүйретіп оралушы ек мектептен.
Ұстаздардың көбінің қатарлары кеміген,
Білім беріп ұрпаққаа, келешегін көктеткен.
Береке мен бірліктің ғұрпы тұнған осы елде,
Бұл ауылдан ержеткен ақын, ғалым, кеөсем де,
Ақ қораняы жайлаған, бие бауын байлаған,
Жиі енеді түсіме әкем менен шешем де.
Қол бұлғайсың алыстан Көксай,Шолақ, Ақбиік,
Жүрегімді сыздатқан сағынбайын десем де.
Құт мекенім – ауылым, құлыныңа құшақ жай,
Менің бала шағымның ізі қалған көшемде.