Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, алдағы жоспарлар, уақыт талабынан туындаған жаңа технологиялар мен іскерлік қарым-қатынастар туралы баяндады.
Іле ауданында дамуға негіз болатын мүмкіндіктер көп. Іргесінде Алматы секілді ірі мегополис тұр. Бұл өңірге көшіп келушілердің саны артпаса, азайған емес. 2024 жылы аудан тұрғындарының саны 234 мыңға жеткен. Соған сай өндіріс саласы да алға жылжып келеді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 741,0 млрд теңгені құрады. 205,5 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. 145,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы сандарды өткенмен салыстырсақ, 2023 жылғы деңгейден біршама жоғары екенін байқайсыз.
Ауданның жалпы сипатына тоқталған әкім бөлшек тауар айналымының 118 млрд теңгеге жеткенін, ауыл шаруашылығында 122,8 млрд теңгенің жұмысы орындалғанын, құрылыс саласында 89,4 млрд теңге игерілгенін тілге тиек етті. Әрине, экономиканың өсуі ең алдымен өнеркәсіптегі қарқын мен сапаға байланысты. Іле ауданында 20 ірі кәсіпорын алдыңғы лектен бой көрсетуде. Олардың қатарында «Филип Морисс Казахстан», «Джей Ти Ай Казахстан», «Raimbek -Aqro», «Galanz Bottlers», «Первый Пивзавод», «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» сияқты флагмандар бар.
Ауданда өңдеу өнеркәсібі 9,3 пайызбен ілгерілеген. Жаңа орындардың ашылуы қамтамасыз етіліп жатыр. Мәселен, Байсерке ауылында «Galanz Bottlers» АҚ қоймалары іске қосылды. «ТК Газоблок» және «DSF Tradinq Co» құрылысы бірінші жартыжылдықта толық аяқталады деп күтілуде.
Тағы бір аңғарғанымыз, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 205, 5 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 87,3 пайызға өскен. Оның 69 пайызға жуығы жеке инвестициялар есебінен құралған. 2025 жылы 16-ға жуық жаңа инвестициялық жоба қатарға қосылмақшы. Аталған нысандарға миллиардтаған қаражат жұмсау көзделген. Бұған қарап түйгеніміз, үлкен шығыс үлкен кірісті қамтамасыз етеді деген сенімдеміз.
Әрине, ірі бизнестің жөні бөлек. Алайда қалың бұқараны жұмыспен қамтитын шағын және орта кәсіпкерліктің өріс алуы – өмір қажеттілігі. Оның екінші мәнін жұмыссыздықпен күрес деп сипаттауға болады. Ендеше осыған орай ауданда не тындырылып жатыр деген сұрақтың жауабын іздеуге тура келеді. Аудан басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысатын 21931 заңды тұлға тіркелген. Нәтижесінде 42651 адам жұмыс тауып, бала-шағасын асырап отыр. Сонымен қатар шағын және орта бизнестен мемлекет қазынасына 281, 2 млрд теңге қаражат құйылған. Бұл мөлшер бұрнағы кезеңмен салыстырғанда 46,5 млрд теңгеге артық. 37 азаматтың бизнес жоспары мемлекет тарапынан құпталып, оларға 54,6 млн теңгенің гранты беріліпті.
Азық-түлік қауіпсіздігі еліміздегі маңызды мәселенің бірі десек, осы жолда тер төгіп жатқан еңбеккерлер жайы басты назарда тұратыны анық. Әкімнің айтуынша, он екі айда ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 122,8 млрд-қа жеткен. «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде 76 жобаға 579, 3 млн теңге несие берілген. 2024 жылы 243 жоба мемлекет талабын қанағаттандырып, оларға 1,8 млрд теңгенің несиесі қарастырылған.
Баспасөз конференциясында тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да баяндалды. Өңірде 58 көпбалалы отбасы баспаналы болған. 30 пәтерді жетім балалар иеленген. Осындай игілікті істер ары қарай да жалғасын таба бермек.
Бүгінгі таңда ауданда 42 мемлекеттік жалпы білім беретін ұйымдар бар. Бала санының еселеп көбеюіне байланысты 17 мектепте сабақ үш ауысыммен оқытылады. Осы мәселені ретке келтіру үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Н. Тілендиев және М. Түймебаев атындағы ауылдарда 1800 орындық мектеп құрылысы биыл жазда толық бітетіні белгілі болды.
«Ауылдың денсаулық саласын жаңғырту» бағдарламасы бойынша қолға алынған құрылыстар көп ұзамай нәтижесін көрсетеді деді. Көкқайнар мен Көктеректе және «Береке» саяжайында дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік акушерлік пункт халық игілігі үшін есігін айқара ашқалы отыр. Жыл соңына қарай аудан орталығында 400 орынды Мәдниет үйі бой көтереді. Боралдайлықтар да жаңа өнер ошағының ашылуын асыға күтуде. Бұқаралық спорт саласы да жанданып келеді.
Әкім елдімекендердің ауызсумен қамтамасыз етілуі толық шешілетінін жеткізді. Жолға қатысты мәселелер де сөз болды. Ең бастысы, қол жеткізген табыстарды тұрақты сақтай отырып, оны алға қарай дамытудың тиімді әдіс-тәсілдеріне жүгінді. Журналистер сұрақтарына тұшымды жауаптар қайтарып, баяндама мазмұнын толықтыра түсті.
Болат Мәжит,
Қонаев қаласы