Қонаев қаласында 17 этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ынтымағы жарасқан шаһар жұртшылығы қазақ орта мектеп-лицейінде Алғыс айту күніне арналған «Алғыс – жүректен шыққан ізгілік» атты салтанатты жиында бас қосты.
Сахна шымылдығы биыл туғанына 100 жыл толып отырған Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің туындысымен ашылды. Қалалық өнер мектебінің шәкірттері композитордың «Темірбектің төкпесі» атты шығармасын шабыттана орындап, көпшілікке күй құдіретін сезіндірді. Одан кейін «Визави» ансамблінің мың бұралған бишілері көрерменді тәнті етті.
Мінберге шыққан қала әкімі Асхат Бердіханов жиналған қауымды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады.
– Бүгін біз халқымыздың бірлігі мен достығын нығайтуға арналған маңызды күнді атап өтуге жиналып отырмыз. Бұл күні бір-бірімізге алғыс айтып, өмірімізді жақсартуға бағытталған ортақ күш-жігерімізді бағалаймыз. Қала әкімдігі шаһардың дамуына үлес қосып келе жатқан барлық азаматқа алғыс білдіреді, – деді шаһар басшысы.
Сахна төрінде Асхат Ермекұлы Жұмысшы мамандықтары жылы мен Алғыс айту күні мерекесіне орай Ивановтар отбасына Алғыс хатын табыстап, сый-сияпат көрсетті. Андрей Викторович Ш. Шөкин атындағы Қапшағай су электр стансасында 27 жыл абыройлы еңбек етсе, зайыбы мен ұлы 30 жылдан астам және немересі 12 жылдан бері аталған ұжымда табан аудармастан жұмыс істеп келеді. Дәл осындай марапатқа қала мекемелерінде түрлі сала бойынша еңбек ететін Мамыриналар, Бочаровтар, Минжановтар, Қанапиндер, Шыныбаевтар әулеті де ие болды. Сонымен қатар облыс орталығында бірлік пен татулықты нығайтуға үлес қосып жүрген қалалық этномәдени орталықтарының басшыларына да қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Келесі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Адам Бойсаев сөз алып, Кеңес өкіметінің солақай саясатының салдарынан туған жерінен еріксіз жер аударылып келген өзге этнос өкілдерін құшақ жая қарсы алып, бір тілім нанын бөліп беріп, қамқор болған қазақ халқына жүрекжарды алғысын тебірене жеткізді.
Салтанатты жиын соңы Қонаев қалалық мәдениет үйі өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ