Халқымыз ұшқанда құстың қанаты талатын, жүгіргенде аңның тұяғы тозатын Ұлы далада тек жан бағып, малдың күйін күйттеумен ғұмыр кешкен жоқ. Бабаларымыз мінсең – көлік, жесең – тамақ, кисең киім болатын жануармен саятшылық құрып, аң аулауға бейім құс ұстап, дарқан даладан қызықты да таба білді. Осы тұста құсбегілік өнері хақында, сондай-ақ қазақтың қайсар қызы Әйгерім Жаңғысова турасында аз-кем сөз етпекпіз.
Ұлтымыздың болмысын айқындап тұратын салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптардың осы күнге дейін жарасымды жалғасын тауып, ұмытылмай келе жатқаны аян. Бүркіт – қиядағыны көре білетін, ойыңды оқып, иесін тілсіз түсінетін текті құс. Аспан түстес Туымызда қыран құстың бейнеленуі қазақ ұлтының адалдығы мен тазалығын айшықтап тұрғандай. Зеңгір көкте самғаған бүркітке ерекше бап керек. Оның сұсы мен мысына екінің бірі шыдай бермейтіні тағы бар. Өткір көзі қараған адамның өңменін тесіп өтерліктей.
Бабадан мирас болған осынау өнер Әйгерімді бала кезінен баураған. Ол елімізге әйгілі құсбегілер шаңырағында өмір есігін ашқандықтан, ұяда көрген ұлағатты бойына сіңірсе керек. Сондықтан қаршадайынан түз тағысын түлетуге ынталы болыпты. Бүгінде ол – республикалық «Жеті қазына» құсбегілер клубының мүшесі.
– Әйгерім бабалардан қалған төл өнерді әкелері Мұхамед, Бекмұханнан бойына сіңіріп, тәжірибе жинақтап өсті. Ол тек қана құсбегілік емес, елімізде өтіп жатқан қаншама мәдени іс-шараға қатысып, алғыс арқалап жүр. Алыс-жақын шетелдерде қазақтың мұрасын, дәстүрін насихаттап төрге шығарды. Көк Туымыздағы қыранның қасиетін көпке танымал етіп, биіктен көрсетуде, – дейді Нұра ауылындағы республикалық «Жеті қазына » құсбегілер мұражайының директоры Динара Баетбайқызы.
Елорда төрінде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ұлттық өнеріміздің барша әлемге ұлықталғаны мәлім. Сол бір дүйім дүние елеңдеген шараға Алматы облысының атынан Әйгерім Жаңғысова да қатысқан. Ұлттық үлгіде киініп, қолына қыран қондырған қазақ қызына шетелдіктер тамсана қараған. Оның өзгеше өнерін алыстан келген қонақтар айрықша жоғары бағалапты.
– V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында өзім баптаған құсымды қолыма қондырып, көптеген шараға қатыстым. Сол бір сәтте шетелдік қонақтар қасыма келіп, таласа-тармаса фотоға түсіп жатты. Олар шынымен түз тағысының бабын тапқан бабаларымыздың өнеріне қайран қалды. Тіпті кейбірі құсбегілік өнерді адамзат баласының сирек кездесетін құндылығы деп жатты. Сол кезде кеудемді шексіз мақтаныш кернеді, – дейді Әйгерім Жаңғысова.
Көптің көзайымына айналған бүркітші қызымыз сол көшпенділер ойынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған. Әйгерімге сан қырыңмен шоқтығың биік болып, талмай самғай бер дегіміз келеді.
Ерзат АСЫЛ
Еңбекшіқазақ ауданы