Қонаев қаласында Қытай Халық Республикасы Хунань провинциясының әкімшілік орталығы Чанша қаласының роуд-шоуы өтті. Басқосуда алғашқы сөз кезегі Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановқа берілді.
– Бүгінгі іс-шара Қытай мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, екі елдің өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды кеңейтуге зор мүмкіндік береді. Чанша қаласы – инновациялар мен жоғары технологиялар орталығы, қарқынды дамып келе жатқан экономикалық хаб. Оның тәжірибесі мен жетістіктері біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Қонаев қаласы да өзінің даму жолында ілгерілеп келеді. Біз халықаралық серіктестіктерге ашықпыз және Қытайдың жетекші қалаларымен, оның ішінде Чаншамен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз. Бұл роуд-шоу бизнес-қоғамдастықтар арасында жаңа байланыстар орнатып, бірлескен жобалардың бастамасы болады деп сенеміз, – деген шаһар басшысы маңызды іс-шараны ұйымдастырған тараптарға алғыс білдіріп, қатысушыларға табысты келіссөз, жаңа серіктестер мен ұзақ мерзімді жемісті ынтымақтастық тіледі. Асхат Ермекұлы былтыр туризмді дамыту бағытында Қытай Халық Республикасына делегацияның бірнеше мәрте барып келгенін, қалаға бірсыпыра инвестиция тартылып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар жуырда құрылыс саласы бойынша қытайлық кәсіпорын ашылғанын, Қонаевта су үнемдеу технологиясын өндіретін зауыттың бар екенін айтты.
Кейінгі кезде Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында қарым-қатынас жоғары қарқында дамып келе жатқанын атап өткен Аспан асты елінің өкілдері қатысушылар назарына аталған аймақтың туризм саласы туралы промо-ролик ұсынды. Сонымен бірге Иян қаласы мен провинция орталығы Чанша әуежайының мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл өңірдің балық пен күріштің Отаны екенін, шәй плантациялары мен теңіз өнімдерімен де танымалдығын сөздеріне арқау етті.
Келесі кезекте Қуанышбек Мейрамбекұлы Алматы облысының туристік ағыны жыл сайын өсіп келе жатқанын айтып, Қонаев қаласында алғаш рет роуд-шоу өтіп отырғанынан хабардар етті. Бұл шараның екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін, өйткені Чанша инновациялар мен жоғары технологиялардың орталығы саналатынын тілге тиек етті. Бұрын Қытайдың жақын аймақтарымен ынтымақтастық орнаған болса, енді шалғай өңірі мен Қонаев қаласының өзара тиімді серіктестігі мен бірлескен жобаларына жол ашылатынына сенім білдірді.
Одан кейін Алатау қаласы әкімінің орынбасары Ғазиз Сағитұлы Мемлекет басшысының Жарлығымен былтыр 9 қаңтарда құрылған шаһардың болашақта қалай дамитыны жайлы сөз қозғады. Айтуынша, жаңа қаланы құру жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияларды, технологияларды, қосымша қаржы ағынын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді.
Екіжақты тиімді байланысты сөз еткен роуд-шоуда «SCAT Airlines» компаниясының да таныстырылымы жасалды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы