Жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Аршагүл Тойбай – қазақ руханиятына мол үлес қосқан жан. Телевизияда қызмет атқара жүріп, Наурыз мерекесіне орай түсірілген алғашқы бағдарламаның сценарийін жазған, ұлттық-танымдық хабарлар дайындаумен қатар ұрпақ тәрбиесіне де атсалысып келе жатқан ұлағатты тұлға. Қасиетті қалам иесінің туған күні де Наурыз мерекесімен тұспа-тұс. Биыл 70-нші көктемін қарсы алып отырған қаламгер – «Ақкербез», «Мәңгілік жол», «Қос құбылам», «Даланың дана арулары», «Қазақ солдаты» кітаптарының авторы. Қазақ аналарының ұлттық киімі кимешекті дәріптеп жүрген Аршагүл Серікбайқызымен Наурыз мерекесінде сұхбаттасудың сәті түсті.
– Аршагүл апай, 1992 жылы алғаш рет Қазақ телевизиясы көрерменге Наурыз мейрамын ұсынды. Осы хабардың сценарийін жазған өзіңіз. Сол туралы әңгімелеп берсеңіз.
– 1992 жылы 15 наурызда Үкімет қаулысының негізінде мереке мемлекеттік мәртебеге ресми түрде ие болды. 1926 жылы Кеңес одағы билігі тарапынан салынған тыйымнан кейін араға 62 жыл салып, алғаш 1988 жылы аталып өтті. Наурыз мерекесі енді жаңғырып жатқан уақыт. Бас редактор Дулат Исабеков бірнеше редакциядағы мықты журналистерге мерекеге орай сценарий жазуды тапсырды. Ол кезде наурыз туралы мардымды ақпарат та жоқ. Архивтерді ақтарып, этнограф ғалымдармен, Наурыз мерекесін көрген көнекөз қарттармен, өз анаммен ақылдаса отырып жазған менің сценарийімді редакторлар «үздік» деп танып, сол бойынша таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін жалғасқан үлкен хабар дайындалды. Екі студияда тікелей эфир жүріп жатты. Мәдина Ералиеваның орындауында «Дастарқан» әнімен ашылған хабарымызда танымал сахна саңлақтары түгелдей өнер көрсетті. Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігімен «Отырар сазы» халық аспаптар оркестрі әншілерді сүйемелдеп отырды. Қазақстанда тұратын этнос өкілдері де өз өнерлерін ортаға салды. Бағдарлама қонағы болып Мұстафа Өзтүрік келді. Мұқағали Мақатаевтың анасы 103 жастағы Нағиман апа елге аналық ақ батасын берді. Наурыз мерекесі салт-дәстүрдің жаңғырып, ұлттық рухтың жанданған керемет көрінісі болды. Наурыз бен халықтың қауышуы – телеарнадағы үлкен жаңалықтың бірі болып тарихта қалды.
– Телеарнаға алғаш қай уақытта келдіңіз? Бала күнгі арманыңыз журналист болу ма еді?
– Мектепте оқып жүргенімде аудандық газетке, «Қазақстан пионері» басылымына мақалаларым жиі жарияланды. Редакциялардан үнемі хат, жазған мақалама қаламақы да алып тұрдым. Аудандық газеттің жас тілшісі атандым, бірақ болашақта журналист болуды ойламадым. Өйткені туыс-туғанымыздың көбі медицина саласында болған соң мен де дәрігерлікті армандадым. Мектеп бітіретін жылы әдеттегідей аудандық «Еңбек туы» газетінің редакциясында «Жас тілшілер» күніне орай кездесу өтті. Сонда газеттің бас редакторы Әбу Бөпебаев медицинаға түскелі отырғанымды естіп, оған үзілді-кесілді қарсы болды. Ақыры, сол кісінің жол сілтеуімен ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенті атандым. Қазақ телевизиясының бас редакторы Совет Мазғұтов ұстазымыз болды. Сол кісінің жетелеуімен студент кезімізден телевизияның тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы өмірмен біте қайнасып кеттік. Университетті тәмамдаған соң, телевизияға қызметке орналастым. Онда ақпараттық бағдарламалар редакциясында қызмет еттім. Музыкалық бағдарламалар редакциясында он жылға жуық жұмыс істедім. Бұл редакцияда «Шашу», «Туған жер әуендері», «Шабыт», «Сымбат», «Кешкі әуендер», «Сәлем», «Тамаша» циклдары мен «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасының редакторы болдым. Одан кейін «Шежіре», «Атамұра» циклдары, қуғын-сүргін құрбандарының өмірінен кеңінен мағлұмат беретін, көрермен қауымның жанын жаулап алған «Тұлпардың тұяғы» хабарлар топтамасы, Семей полигонының қасіретін қозғаған «Қара шекпен қор қылған қайран жерім» хабарлар топтамасы, «Ел болам десеңіз» сынды авторлық бағдарламаларым көрерменге жол тартты. Ұлы жазушы, халық мақтанышы М.Әуезовтің 100 жылдығына орай «Мұхтар әлемі» деген телеэнциклопедия дайындап, телевизия саласында жаңа жанрды қалыптастырдым деуге болады. Мұхтар Әуезовтің жанында жүрген, жолдас, сырлас, қаламдас болған игі жақсылар – Әбділда Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Әбіш Кекілбаев, Шыңғыс Айтматов сынды ірі тұлғалармен сұхбаттасып, олардың естеліктері арқылы Әуезовтің өмір жолын жан-жақты ашып көрсеттім деп ойлаймын. Бұл телеэнциклопедия бір жылға созылды. Одан бөлек, аналар тақырыбында көп хабар түсірдім. «Алып анадан туады», «Анасы жақсы қандай-ды» хабарлар топтамасында «Елім» деп еңіреген азаматтарымызды өмірге әкелген аналардың образын аша отырып, отбасылық тәрбие, ұлттық құндылықтар тақырыбын көрерменге ұсындым. Философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімовпен бірлесіп дайындаған имандылық тақырыбындағы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты пәлсапалық хабарлар топтамасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Ширек ғасырға жуық жұмыс істеген орныңыз – Қазақ телевизиясынан кейін еңбек жолыңызды Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жалғастыруыңызға не себеп?
– Онкология институтында жатқан бір танысымның хал-жағдайын сұрай бардым. Институт ғимараты өте ескі екен, есік-терезесі аңырап, едені шұрық-тесік, тоз-тозы шыққан. Онкология сияқты өте қауіпті дертке шалдыққан науқастардың онсыз да жабырқау көңілін ондағы атмосфера одан сайын құлазытып тұрғандай көрінді. Бұған бей-жай қарай алмадым. Журналистік зерттеу жүргізіп, бұл мәселені Үкіметке дейін жеткізіп, оңынан шешілуі үшін соңына дейін күрестім. Нәтижесінде, институт директорын ауыстырып, құрылыс жұмысы жүргізілді. Сол жаңа тағайындалған директор «Институттың баспасөз хатшысы болыңыз, әрі салаға қатысты журнал шығарыңыз» деп, мені жұмысқа шақырды. Онда «Здоровая Азия» онкологиялық сырқаттарды қолдау қоры құрылып, соның вице-президенті және «Адам. Дәуір. Медицина» журналының бас редакторы қызметін атқардым. Журналда онкология жайында алғаш қазақ тілінде мақалалар, мамандармен сұхбаттар жарияланды, аталған тақырыпта ана тілімізде мейлінше көп ақпарат беруге тырыстық. Аурудың алдын алу шаралары мен емдеу тәсілдері жайлы көпшілікке арналған арнайы методикалық оқу құралдары жарық көрді. Қорда қызмет ете жүріп, елімізде қатерлі аурулардың ішінде сүт безінің ісігіне жылына 3000-ға жуық әйел шалдықса, оның тең жартысынан астамы ажал құшатынын, Қазақстан бойынша маммолог-дәрігерлердің тапшы екенін айтып, дабыл қақтық. Сүт безі обырын анықтайтын скрининг қажет екенін Үкіметке жеткіздік. Скринингтің қазақ тіліндегі бағдарламасы авторларының бірі болдым. Бұл бастама Үкіметтің қолдауының арқасында республика көлемінде әйелдерді алдын ала тексеру, скринингтік бағдарламасы ретінде жүзеге асырылды. Онкология сырқатына шалдыққан жандарға арнап жыл сайын «Ана, мен сені сүйемін!» атты тақырыпта өнер жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық концерттерін ұйымдастырдық.
– Қайырымдылық демекші, үнемі игі істің жанынан табыласыз. Оған не себеп?
– Қазақта қайырымдылық деген жақсы ұғым бар. Қайырымдылық жасаған жанның жүрегі жұмсарып, мейірімі таси түседі. 1999 жылы Онкология институтына маммология тақырыбында хабар жазуға бардым. Бұл 30 желтоқсан еді, дәл жаңа жылдың алды. Дәлізбен кетіп бара жатып, есігі ашық тұрған палаталарда балалардың жатқанын байқап қалдым. Түрлері солғын. Емханада ертеңгі мерекеден бір нышан жоқ. Дәрігерден мерекеде балаларды үйлеріне жібермейтінін, әрі олардың ата-аналарының да келмейтінін білдім. Содан бөлім меңгерушісімен сөйлесіп, сонда жатқан балаларды қуантып, сыйлық жасауға рұқсат алдым. Артық табыс көзі жоқ, журналистің айлығы. Қолымдағы қаржыма азын-аулақ тәтті мен ойыншық алдым. Алматыдағы жеміс консерві комбинатының директорын танитынмын. Онкология институтында жатқан балаларға шағын сый жасағым келетінін айтып едім, ол кісі 25 банка түрлі жеміс шырынын берді. 31 желтоқсанда институтқа барып, балаларды қуанттым. Сол күннен бастап Онкология институтында жатқан балаларға жаңажылдық қуаныш сыйлау отбасымызда дәстүрге айналып, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жарым мен балаларым үнемі қолдап, көмектесіп отырады. Қайырымдылық жасау үшін бай болу міндетті емес. Керемет сый жасай алмасақ та, шын көңілімізбен үйде түрлі тәтті, бауырсақ пісіріп, кішігірім ойыншықтарын алып барғанда балалардың мұң шалған көздері күлімдеп, аз уақытқа болсын, сырқатын ұмытып, жайнап сала береді. Осы бір көріністі көргенде бойыңды ерекше сезім билейді. Өмірімде жасаған ең үлкен іс болса, онда ол осы балалардың езуіне күлкі үйіре алғаным дер едім. «Бір баланы қуантсаң, аспандағы жүз періште қуанады» дейді. Осы сөз менің жадымда жатталып қалды.
– Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, кимешекті көпшілікке кеңінен таныстыруға мол үлес қосып келесіз. Сол туралы да айтып өтсеңіз.
– Телевизияда жүргенде де, журнал мен институт қабырғасында да ана тақырыбын, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмадым. Бала – біздің болашағымыз. Саналы, әрі сапалы ұрпақ өсуі – алдымен аналарымызға байланысты. Сондықтан бұл тақырыптар әрдайым өзекті. Бұған бей-жай қарамайтынымды байқаған белгілі қоғам қайраткері, Абылай хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің профессоры Бақыт Шпекбаева «Анаға құрмет» музейінің негізін қалап, сонда бірлесе қызмет істеуге шақырды. Ол кезде журналда редактормын. Оны тастай алмаймын, бірақ музей жұмысына барынша көмектесуге сөз бердім. Жаныма жақын іс болған соң бар бос уақытымды арнап, музей толық қалыптасып, жұмысы жолға қойылғанша екі жыл сонда тегін жұмыс істедім. Жан-жақтан экспонаттар жинап, атына заты сай болардай жабдықтадық. Аналарға арналған музей болған соң, әрине, оның төрінде кимешек тұруы – заңдылық. Алдымен өз әжемнің кимешегін апарып қойып, одан кейін өзге өңірлердің, рулардың өзіндік өрнегімен өрнектелген кимешектерін тауып топтастырдық. Солай кимешектерге деген қызығушылығым оянып, оны елге кеңінен танытуға өз үлесімді барынша қосып келемін. Өйткені қазіргі уақытта біреудің қаңсығын таңсық көріп, қап-қара болып оранып алатын қыз-келіншектер көбейді. Қазақ қызы ешқашан олай оранбаған, әсіресе, қара жамылмаған. Қыз кезінде тақия мен бөрік кисе, ұзатылғанда сәукеле, келін болып түскенде желек, жаулық тағып, балалы болғанда кимешек киген. Ұлттық киімдеріміздің әрқайсысы иесі туралы сыр шертіп, мол ақпарат беріп тұрған. Жас ерекшелігі мен қоғамдағы орнын да киген киімімен аңғартқан. Кимешек бала емізетін ананың омырауын жауып, сырт көзден ғана емес, суық пен желден де қорғап тұрған. Жас келіншектер киген кимешек қызылды-жасылды жіппен көмкеріліп тігілсе, үлкен жастағы әжелердің кимешегіндегі өрнек әлдеқайда қарапайым, ұстамды болған. Мұны көпшілік біле бермейді. Ұлт мұрасы – ұрпақ қазынасы. Ата-бабадан жеткен ұлы мұраларымыз уақыт өте ұмыт болып барады. Сондықтан оларды жастарға айтып, түсіндіріп отыруымыз керек-ақ. Осы орайда мектеп, жоғары оқу орындарын аралап, оқушылар мен студенттерге ұлттық құндылықтар, ана мен бала тақырыптарында дәріс оқып келемін. Бұл – менің үлкен мұхитқа қосқан тамшыдай үлесім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Құралай МҰРАТҚЫЗЫ