Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы өңірдегі мемлекеттік тілдің дамуында ерекше рөл атқарып келеді. Осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстың нәтижесінде біз тіл үйренушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, тіл үйретуде жаңа әдістемелік тәсілдерді енгізу бағытында бірқатар қадам жасадық. Орталықтың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның оқыту әдістемесін заманауи талаптарға сай жетілдіру.
Бүгінгі таңда облыста қазақ тілін үйрену үшін арнайы курстар мен оқыту бағдарламалары ұйымдастырылған. Орталықтағы мамандар тіл үйрену процесін үздіксіз жетілдіру үшін әдістемелік құралдар мен оқулықтарды жаңартып, түрлі тренинг пен семинарлар өткізеді. Сонымен қатар, қазақ тілін оқытуда цифрлық технологияларды пайдалану мәселесіне баса назар аударылуда.
Орталық оқытушылары тарапынан өңірдің тілдік ерекшеліктерін қамтитын «Алатау» оқу-әдістемелік кешенінің А1 қарапайым және А2 базалық деңгейлеріне арналған оқу құралдары жарық көрді. Оқулықтың басты ерекшелігі лексикалық минимумды, сұхбаттарды Qr-кодты сканерлеу арқылы тыңдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сөздердің дыбысталуын дұрыс меңгеруге септігін тигізеді. Сондай-ақ, Qr-код арқылы сұхбаттардың бейнежазбасын көру мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда базалық А2 деңгейіне арнап оқулық әзірленуде. Тіл үйренуді қолжетімді ету мақсатында қашықтықтан оқытуға арналған TilOquBot атты Telegram чат-боты да әзірленді. Аталмыш чат мемлекеттік тілді оқытудың 4 деңгейіне арналған 100 сағаттық оқу бағдарламасы мен мемлекеттік тілде іс жүргізу курстарының сабақтарын қамтиды. Тіл үйренушілер өздеріне ыңғайлы уақытта оқу материалдарымен танысады. Чат-боттың көмегі арқылы оқыту орталығы жоқ шалғай ауылдардағы тұрғындарды да тіл курстарына тарту мүмкіндігіне ие болдық. TilOquBot чат-боты 2024 жылдың сәуір айынан пайдалануға берілді.
Ақпараттық технология арқылы оқытумен қатар оқыту сапасын арттыру және оқытушылардың білім-білік дағдыларын жетілдіріп отыру мәселесі де өзекті болып отыр. Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында былтыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, SDU, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мамандарының қатысуымен «Мемлекеттік тілді үйренуге қажетті платформалар» тақырыбында семинар, «Тіл оқытуда инновациялық технологияларды қолдану» атты біліктілікті арттыру курсы, «Тәжірибе алаңы: әдіс, тәжірибе, инновация» тақырыбында онлайн семинар өтті.
Мемлекеттік тілді меңгеру барысында тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыру да аса маңызды. Осы мақсатта өңірде әртүрлі қоғамдық шара, тілдік клубтар мен кездесулер ұйымдастырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға тырысып жатырмыз. Біздің мақсатымыз – қазақ тілінің қоғамдағы барлық деңгейде қолданылуын қамтамасыз ету және әр адамды тілді үйренуге ынталандыру. Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы болашақта тіл үйрету барысында қолданылатын әдістерді одан әрі жетілдіру, жаңа формада оқыту, әртүрлі курс пен тренингтер арқылы тіл үйренушілердің қызығушылығын арттыру жұмыстарын жалғастыра береді.
Қуаныш АМАНТАЙ,
Алматы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік
орталығының басшысы