Сексен алты жасты еңсерген талғарлық қария Тасмағамбет Омаровтың өмірден көргені көп, түйгені мол. Пікірлерін ұрпақтар кәдесіне жаратқысы келгендіктен, «Замана қасіреті», «Ақиқат жолы», «Бабалар аманаты», «Өмір белестері» атты кітаптарын жарыққа шығарды. Ол кісінің ұлттық құндылықтар туралы әңгімесін тұщынып тыңдадық. Қадірменді қария толғанысын былайша тұжырымдады:
– Бірлік – елдіктің өзегі. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі босты» хәкім Абай бекер айтқан жоқ. Оны бір немесе бірнеше адамның, жекелеген әлеуметтік топтың түсінгені аздық етеді. Бұл ұғым күллі қазақтың санасына сіңіп, әр азамат оны күнделікті тіршілігіне, қызметіне бағдаршам ретінде пайдаланса қандай ғанибет?! Бүгінгі және ертеңгі ұрпақты бабалардың ерлік дәстүрімен тәрбиелеудің әсері мен мәні өте зор.
Менің кітаптарым белгілі бір тұлға немесе оқиға жайлы жазылған әдеби шығармадан гөрі, нақты деректер мен дәйектерге, өмір шындығына негізделген публицистикаға жақын. Себебі мен тарихи деректерге, статистикалық нақты мәліметтерге сүйене отырып, халқымыздың қиындықтарға қалай ұшырағанын, ұлттық болмыс-бітімі қалай өзгерістерге түсіп, қасиетінен айырыла бастағанын көрсеткім келді. Бүгінгі және келешек ұрпақ бұл оқиғалардан қорытынды шығарсын, кемшіліктердің себебін білсін, салдарын жоюды ойлансын деймін.
Бабаларымыз «Айтылған сөздің өлгені – тыңдайтын құлақ болмаса» деген екен. Мен бүгін «Жазылған кітап өлгені – оқитын пенде болмаса» деп оны сәл-пәл өзгертер едім. Шынтуайтына келсек, қазір көп адам кітапқа қызыға бермейді. Жастардың дені ғаламтор, әлеуметтік желімен әуре. Қолында телефон, көзі де, құлағы да, миы да сонда. Соның салдарынан жастарды түрлі аурудың иектей бастағаны жасырын емес. Десек те жастарды жасытып, білімсіз, қайырымсыз, мейірімсіз, кітап, газет-журнал оқымайды деп айыптай беруге тағы болмайды. Оған қоғам, үйдегі, мектептегі тәрбие белсене араласып ықпал етуі керек. Жастар табиғатында білімге, жаңалыққа жаны құмар. Сондықтан олардың бойында осындай ізгі құштарлықты оята білуге тиіспіз. Мәселен, қазір күнделікті тұрмыста қазақ тілінің қолданылу аясы таралып бара жатқандай. Ғаламтор, әлеуметтік желілерде, телеарналарда жасанды, жаттанды, басқа тілден енген сөздерді араластырып сөйлеу әуестігі көбеюде. Бұл – қауіпті белгі, алаңдатарлық жағдай. Сондықтан жас ұрпақты өз ана тілін жақсы білуге, Қадыр ақын айтқандай, оны өзге тілдерден артық құрметтеуге тәрбиелеуіміз, осыны саналарына толық сіңіруіміз қажет.
Өз басым әйелдің сұлулығы сымбаты мен қылығында болса, ер азаматтың сұлулығы жігерлі, шешен сөйлейтін тілі мен әділ де мәрт мінезінде деп ойлаймын. Сөзді әр адам қабылдай алатындай етіп ұғынықты, мәнді қолданса деймін. Сөзге шешен, әділ адам өз ұлтының шамшырағы іспетті, ол қоғамға көп пайдасын тигізеді. Ал жөргегінде ұлттық тәрбие көрмеген, жас кезінен ұлттық мінез-құлық, әдеп-әдетпен сусындамағандар, қазақ болғанымен қазақи қасиеттерден алшақтап, неше түрлі қитұрқы әрекетке қымсынбай барады деп пайымдаймын.
Бабаларымыз «Батамен ер көгерер, жаңбырмен жер көгерер» дегенді текке айтпаған. Бата қабыл болмай қалмайды, бата – бақытты сөз. Бата алған адамның мерейі өсіп, көңілі көтеріледі, рухы жанып, кеудесі жап-жарық болады, тоқсан тоғыз тарау жолы ашылады. Қазақта бақыты жанған хан-сұлтан, атағы асқан батыр, тіпті тарлық көрген кедей де үлкендерден барып бата алған. Ал ақ бата – жақсы ой, ізгі ниет, ыстық ықылас, шынайы тілек, барлық наным-сенімнің бірлігі. Бата – адам баласын ізгілікке, бақытқа, баянды болашаққа және арман-мұратқа жету жолына бастайтын терең де тәрбиелі ұғым. Жақсы дәстүр жалғасын тапса рухани байлыққа одан сайын кенеле түсеміз.
Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық педагогика маңызды орында тұруға тиіс. Қолға алатын міндеттер шаш етектен. Бәрі қосылғанда ұлттық иммунитетіміз бүгінгіден де нығая түсетін болады. Меніңше, ұлттық иммунитет деген – ғасырлар бойы сұрыпталып, өмір сүру, бір-бірімізбен қарым-қатынас жасау, тіршілік ету қағидатына айналған айнымас ережелер. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз, ана тіліміз, айқын ділімізге негізделген ұлттық идеологияны тудырып отыруға тиіс. Тіпті заңдарымыз да ұлттық салт-дәстүр негізіне сай қабылданатын болса, оның несі жаман?
Тұрмысқа шыққан кейбір қыздар бір-екі бала туып алып, ажырасып кететін жағдайлар көбейді. Олар сөйтіп бұрынғы күйеулерінен алимент төлеуді, дүние-мүлікті бөлісуді талап етеді. Бәрі дүние-мүлікпен бітпейді ғой. Ондай жағдайда ең алдымен сорлайтын жазықсыз ұрпақ. Салдарынан балалар әкесіз өседі, әке тәрбиесін алмайды. Сөйте тұра біз «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп ақыл айтамыз. Осы сөз рас болса, баланы неге әкесінде қалдырмаймыз? Ол бәрібір әкесі төлейтін алименттің есебінен тәрбиеленіп жатыр ғой. Өмірде қарама-қайшылықтар көп.
Қазақта бұрын ажырасу деген мүлде болмаған. Бірен-саран жағдай кездессе, ұрпағын өзі өскен ұясында қалдырған. Менің ойымша, егер бала әкесінде қалатын болса – отбасының бірлігін, ұрпағының келешегін ойламай, болмашы келіспеушілікті сылтау етіп, ажырасу белең алмайтын еді. Арыз берген жандарға бәленбей миллион теңге айыппұл салынса, ажырасу көрсеткіші күрт төмендер еді. Жастар шаңырақ құрмай тұрып, мұның өмірлік мәселе екеніне көздері жетіп, әбден ойланар еді.
Біз әлі де кеңестік идеологияның ізімен келе жатқан сияқтымыз. Жалғызбасты әйелдерге жағдайдың бәрін жасап жатырмыз. Сөйтіп, отбасындағы ауызбірлік, татулықты, сол арқылы қоғамдағы ынтымақты нығайтудың орнына, жас аналарды жалғызбасты өмір сүруге өзіміз ынталандырып отырғандаймыз. Бұған ғаламтор, әлеуметтік желі, телеарналар арқылы батыстық өмір салтын көрсетудің әсері мен ықпалы да тым күшті. Сондықтан ұлттық болмысымыз бен өмір сүру салтымызға қайшы келетін бағдарламаларды шектеу керек. Тіпті оған тыйым салсақ та артық етпейді. Ата-ана, мектеп, қоғам, мемлекеттің басты міндеті – салауатты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу, оларды саналы, білімді, ибалы, зиялы, жан-жақты жетілген азамат етіп қалыптастыру болса, мен ортаға салған осы пікірлерге ешкім қарсы болмайды деп ойлаймын.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы