Қарасай ауданы Шамалған ауылында орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында дәулескер күйші әрі композитор, дирижер, қазақ саз өнеріне өлшеусіз олжа салған КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Ғасыр сазын тербеген – Нұраға» атты мерекелік шара өтті.
Халқымыздың қалыптасқан дәстүрі бойынша басқосу Шамалған ауылдық округінің ақсақалы Қайрат Байбақтиновтің ақ батасымен ашылды. Осыдан кейін мінберге көтерілген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлнұр Келісқызы жиналған көпшілікті тұғыры биік тұлғаның мерейтойымен құттықтап, Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге ықпалын тигізеді», – деген болатын. Ендеше өнерді ұлттың жаны мен жүрегіне балаған халқымыз қашанда дарынды ұлдарын ұлықтап, мәдени мұрасын асқақтата береді, – деген ол ұлы композитордың мерейтойына орай елімізде ғана емес, халықаралық дәрежеде де іс-шаралар жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
Бұл орайда үстіміздегі жылы Іле ауданында композитордың еңселі ескерткіші бой көтеріп, Жамбыл әдеби-мемориалды музейі аумағындағы ескерткіш-зиратына реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізіліп үлгерген. Сондай-ақ облыс аумағындағы елдімекендерге, көшелерге, саябақтарға, жаңадан ашылған мектептерге есімін беру, «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлескен халықаралық деңгейдегі концерттер ұйымдастыру қолға алынып отыр.
Мерейтой салтанатына арнайы келген Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің ардагері, үш ішекті домбыра-прима аспабының маманы Амантай Нұрпейісұлы, күйші әрі «Отырар сазы» оркестрінің директоры қызметін атқарған Дүйсебай Шаштайұлы, осы оркестрде ұзақ жыл еңбек еткен Салтанат Сағымбайқызы сөз алып, ұлы тұлға жайында естеліктерімен бөлісті. Нұрағаңның жанында жүріп, шапағатын көрген өнер майталмандары дарынның дара болмысы турасында сөз қозғап, композитордың артында қалған мол мұрасын ұрпаққа аманат ету тұрғысында өз ойларын жеткізді.
Осыдан кейін мерекелік шара өнерпаздардың концертіне ұласты. Жиылған жұртшылық алдында опера әншісі Сайра Байдолла «Құстар қайтып барады» әнін нақышына келтіре шырқаса, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әншілері мен бишілері көрермендердің көңілінен шығып, алғысқа бөленді.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы