-13 °c
Qonaev
Friday, May 9, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Ғалымның ғибратты ғұмыры

    26.04.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Ғалымның ғибратты ғұмыры
    0
    SHARES
    7
    VIEWS

         Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсын­ған, ойлап тапқан жоба­лар­дың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, эконо­­мика да өркендейді. Түптеп келгенде, ғылым азамат­тардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс», – деген болатын. Шындығында да, солай ғой! Дарынды жастардың өнер, білім және ғылымға деген ынтасын оятуға зор үлес қосқан бір ғалым болса, ол Ебіней Бөкетов деп айтар едік.

    Әуелі Құдайдың құдіреті­нің арқасында адамзат тіршілігін алғаш бастаған Адам ата және Хауа анамыздың қосылуынан бүгінгі саналы ұрпақтары өмірге келіп, солардан өсіп, өнгеніміз – тарыдай өтірігі жоқ ақиқат. Барша халық, қазіргі заманда әр ұлт болып жүрген бүкіл адамзат баласы бір-бірімен бауыр, жанашыр болып, адамзатқа өзара ең пайдалы тіршілік көздерін жетілдіріп, оның мүмкіндіктерін қолдануға үнемі мүдделі болғаны жөн деп ойлаймыз. Себебі XX және XXI ғасырдағы ғажайып прогресшіл ғұлама ғалымдардың ғаламат жаңашыл, жасампаз жұмыстары оң нәтижелі ғылыми бағытта өрбігені – өркениетке қосылған құлдырамайтын құндылық қатарын толықтыратыны баршаға аян. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Кімде-кім ғылымды және ғұламаны сүйсе, ол менің жаннатта көршім болады» деген. Еліміздің ғылымын өрге сүйреген, ұлт маңдайына біткен, ғаламдық ғылым қайраткерінің өрнегі, тағылымы әрқашанда әз-халқымыздың күретамыры – білімді, білікті, саналы ұрпаққа, жігерлі, жалынды жастарға үлгі, өнеге.
    Ғаламдық өркениет биігіндегі ғалым Ебіней Арыстанұлы Бөкетов туралы ой-пікірімізді жазып баста­мас бұрын қарапайым ауыл мұғалімі, «Қазақстан әйелдері» энцикло­педиясына есімі енген, 41 жыл педагогика саласында қызмет етіп, шәкірттерге тағылымды тәлім-тәрбие, сапалы білім берген ұлағатты ұстаз, «Алтын алқа» иегері, Батыр ана Құлбаева Жұмақыз Біләлқызының: «Әуелі Құдайдың құдіретімен кіндік қанымыз тамған, туған жерімізде ұлтымыздың үні, елдігіміздің нышаны, ата-бабаларымыздың асқаралы жолы­мен ғасырлар бойы қалыптасқан ана тілімізді, қастерлі ділімізді, асыл дінімізді, рухани тәлім-тәрбиенің негізгі діңі, бастау көзі саналатын ұлттық құндылықтарымызды үнемі ұрпақтарымызға дәріптеп, оларды құрметтеу – Тәуелсіз елімізді, біртұтас қасиетті Отанымызды шынайы сүюдің әдепті үлгісі болмақ», – деген аналық тілегінің маңызы айрықша заманауи мәнге ие.
    Ебіней Арыстанұлы Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Шал ақын ауданында 1925 жылы наурыз айының 23-жұлдызында өмірге келген. Балалық шағы, жасөспірім жігіттік кезеңі ашаршылық пен репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына тап келген. Бірақ ол қиындыққа мойымай, талантын ұштап, білімін тереңдетіп, атақты ғалым болып шыққанына қалың елі куә. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, металлург, аудармашы, әдебиет сыншысы, ұстаз Ебіней Бөкетовтің ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне тұспа-тұс келген 100 жылдық мерейтойы – бүкіл еліміздің, ғалымдар қауымының ортақ қуанышы. Ол кісі кезінде қыры мен сыры мол ғылым және әдебиет саласында өшпес із қалдырған өз заманының нағыз біртуар перзенті десек те жарасады.
    Биыл 180 жылдығы кең көлемде, халықаралық дәрежеде насихатталып жатқан қазақтың бас ақыны, хакім Абай Құнанбайұлы: «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге, Әрбір ғалым хакім емес, Әрбір хакім – ғалым», – деген сөзінің астары тым тереңде жатыр. Адамдық өмірдің негізгі мақсаты – шындық іздеу, шындыққа тиянақты жету. Әуелі, Аллаға шүкір, ұлтымызда Ебіней Арыстанұлынан бұрын да, кейін де ғұлама ғалымдар, бірегей дарын иелері болды. Бола да береді. Ол жағы күмәнсіз.Ұлт тарихында, жалпы әлемде кең өрісті, терең ойлы ғылыми тұлғаларды көптеп айтуға келмейді. Прогресшіл саңлақ адамдар ата-анасынан, ұлықты ұстаздарынан тағылымды тәлім-тәрбие алған мәдениеті жоғары ғалымның ұлт руханиятына шынайы жаны ашымауы мүмкін де емес.
    Ебіней Бөкетов 90 жылдан аса шежірелі тарихы бар Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде (бұрынғы В.Ленин атындағы қазақ тау-кен металлургия институты) көптеген дарынды студент­термен бірге оқыған. Кемеңгер қазақтың «Қадірлесең қартыңды, қолдайды Алла бәріңді» деген дана сөзі бар. Айтуға тұрарлық жайт. Бірге оқыған құрбы-құрдастарының қатарында өркенді әулеттің ұрпағы, Медеу қажы Пұсырманұлының шөбересі Шәріпжамал Жәйшібекова да бар. Медеу атамыз өз дәуірінің айтулы меценаты болған. Әсем қала Алматының апортын алғаш өсірген әрі көбейткен бағбан. Оның шөбересімен Ебіней Бөкетовтің бір университет қабырғасында білім алғаны жөнінде Шәріпжамал апаның туған сіңлісі, бүгінде 90 жасқа келген Шарбан Жәйшібековадан естіп білдік. «Біздің үйге қонақ көп келуші еді. Солардың бірі, халқымыздың дәулескер күйшісі Дина Нұрпейісованың шаңырағымыз­да болып, дәм татқан астабағын әлі күнге дейін сақтап келеміз», – дейді Шарбан апа. Әкесі Жақыпбек қарияның аманаттауымен сақталған ыдыс – шыны­мен де тарихи құнды жәдігер.
    Ұзақ жыл геология саласында қажырлы еңбек еткен Шарбан Жақыпбек­қызы зейнет жасына жеткен соң Алматыдағы М.Әуезов музей-үйінде қызмет атқарды. Күнделікті республикамыздың түкпір-түкпірінен ағылып келетін қонақтарды қарсы алып, музейдегі барлық экспонат тарихын орысша-қазақша түгендегенде тәнті боласың. Осыдан 4-5 жылдай уақыт бұрын Қарағанды қаласында тұратын филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрсұлу Ыбырайқызы Бөкетова музейге арнайы барып, кездейсоқ Шарбан апаймен танысады. Нұрсұлудың Ебіней Арыстанұлының немере қарындасы, тектінің туысы екенін білген соң Шарбан апамыз ағынан жарылып, туған әпкесі Шәріпжамал мен Ебінейдің құрбы-құрдастарымен, достарымен бірге жиі үйлерінде болғанын айтқаны бар. «Ебінейдің жас кезінен зерек, ақылды азамат екенін әкеміз Жақыпбек Жәйшібекұлы бізге тәлім-тәрбие ретінде өнегелеп айтып отырушы еді. Шешеміз Қайнар Рақымбекқызының қолынан талай дәм татқан, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін әрқашан қастерлей білген Ебіней ата-анамыз дүниеден өткенде қара шаңырағымызға келіп көңіл айтқаны естен кетпейді», – деп еді.
    Ебіней Бөкетов 1972 жылдың наурыз айында ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің алғашқы ректоры болған. Қазір аталған оқу орны ғалым есімімен аталады. Университет ішіндегі мұражай көптеген тарихи, рухани әсері мол экспонаттармен толықтырылып, көркем безендірілген. Ағасының мұрасын жинақтауға Нұрсұлу Бөкетованың қосқан үлесі зор. Нұрсұлу апайдың шақыртуымен Қарағанды қаласына арнайы барған кезде айтулы ғалымның шәкірттері, ерлі-зайыпты Әбдуәли және Ажар Баешовтардың ұстазы жайлы естелік­терін тебірене тыңдаған едік. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәли Баешов пен техника ғылымдарының докторы, профессор Ажар Баешованың айтқан әңгімелерінен Ебіней Бөкетовтің биік болмысына тағы да бір көз жеткізе түстік.
    Кісінің кісілігі киімінде емес, білі­мінде екенін ықылым замандардан жадымызда сақтаған белгілі халықтың белді өкілі болғанымыз баршаға аян. Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасының әлемге әйгілі «Өнегелі адамдар өмірі» («ЖЗЛ») сериясымен жарыққа шығатын кітаптарда біздің елімізден саусақпен санарлық қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғылым мен өнердің дарабоздары енген. Тұғырлы тұлғалар шығатын кітапқа атпал жазушы, өткен жылы пәниден өткен Медеу Сәрсеке ағамыздың құрастырушы автор ретінде жарық көрген «Евней Букетов» атты ғылыми кітабы бар. Ебіней Арыстанұлы туралы жазылған жинақ өте шымыр шыққан, көптеген деректер топтастырылған кітабы құндылығымен ерекше. Айта кеткен жөн сияқты, кезінде «Өнегелі адамдар өмірі» сериясымен «Қ.Сәтбаев», «Ермұхан Бекмаханов», тағы басқа ғылыми жинақ, еңбек туындыларын жазып қалдырған, бірнеше прозалық және аударма кітаптардың авторы Медеу Сәрсеке ағамыздың ерен еңбегі еліміздің жас ғалымдарына әлі талай ғылыми азық болатыны белгілі. Осы барша азаматты кітап оқуға үндеп, ынталы болуға шақырамыз. «Кітап – ұлт руханиятының өзегі, ғасырлар шежіресінің сырлы әлемі, ғажайыбы. Кітап оқысаңыз, шартарапқа жетелеп, көсегеңізді көгертеді. Сізге ақылшы азыққа айналады. Даналықтың ұясы, кемелдену жолы, кең өрістің ордасы – кітапхана. Ебіней Арыстанұлы дүниеге келерден бұрын да халыққа әйгілі болған адамдар өмір сүрген. Олардың ізгілікті ізі, ісі мен ерлігі жөнінде халық аузынан естіп, жадына тоқып өскен, кейбірінің көзін көргенін Ебіней Арыстанұлы сол кісілерге деген ілтипат, құрметін ешқашан төмендетпеген. Ежелден ұлыларын ұлықтаған, ұстаздарын құрметтеген халық болғандықтан, қазақ ғылымының көшбасшысы, Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, геология және минералогия ғылымдарының докторы, профессор, тұңғыш академик, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы «Академик Қ.И.Сәтбаев» (90 жылдығына арнайы жазылған естеліктер жинағы) деп аталатын кітабына арнайы енген академик-химик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің: «Сөнбес жұлдыз» атты мақаласынан үзінді келтіре кетейік. «Үлкен адамдардан қалған рухани мұраға жеңіл-желпі қараушылықтың өзі жақсылыққа апармақ емес. Игілікті ісімен халықтың есінде қалған адамдар туралы біз жазуға тиістіміз. Өйткені үлкен адамдар туралы жазу дегеніміз – олардың өмір тарихын зерттеу болып саналады. Олардың игілікті істерін, тіршіліктегі ғибратын кейінгі буын тек ойланып, жіті зерттесе ғана іске асырып, бойына сіңіріп, өз игілігіне пайдалана алмақ. Өнегелі адамдар­дың өмір тарихында өз кезіндегі тіршілік жетістіктері, тәжірибесі жинақталған. Бұл тәжірибені мейлінше пайдаланбайынша, халықтар алға қойған мақсатына жету жолында ойдағыдай жедел, ілгерілей алмас еді. Қаныш Имантайұлы – ең алдымен үлкен ғалым болатын. Оны бұл дәрежеге жеткізген – оның еңбексүйгіштігі мен ізденімпаздығы. Ешбір табыс өзінен-өзі келмейтінін жақсы білген ғалымның қағидасы – «Бейнетте береке» боларын түсінген. Ол алға қойған мақсатына тезірек жету үшін білімді білетіндерден тынбай үйренген, үлкен ғалымдарды ұстаз санаған, соларға ұқсауға тырысқан. Білмегенін білуге асығу оны әрдайым ізденіске әкеліп отырған. Оның барлық әрекеті тек күн көру ғана емес, халқына керек ғылыми жаңалықтар табу жолына бағытталған. «Қанекең жаңалықты жанындай жақсы көретін жан еді», – деп тебірене жазады. Қарапайым қазақи тілмен жазылса да ақиқаттан айнымаған аксиома дерсіз. Ебіней Арыстанұлы өзінің ұстазы жөніндегі ой-пікірінен қарапайымдылығы, кішіпейілділігі­нен ұлт руханиятына деген асқан жанашырлығы көзіқарақты, қырағы жанды тамсандырып, таңқалдырады. Қазақ ұлтының біртуар ғалымына айналған сұңғыла ғалымдығын мұқым ел әрдайым мақтаныш тұтып келеді.
    «Әрбір істің ақыры бар, әрбір қиын­­шылықтың рахаты бар» демекші, Тәуелсіз еліміздің алғашқы жыл­дарында (1990) құрылған 35 жылдық тарихы бар Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының жетекшілігімен көптеген кісілер өздерінің қажылық сапарларын ешбір қиындықсыз технология мен техниканың дамыған заманында жыл сайын, адамзат баласы үшін, ұлық мереке саналатын Ораза және Құрбан айт кезінде қажылық сапарларын өтеп келіп жатқаны әмбеге аян. Өткен ғасырдың басы, сол замандағы қиыншылықтарға қарамай, тәуекелге бел буып, қажылыққа барған тұлғалар шежірелі тарихымызда аз болмаған. Аз-кем тарихқа шегініс жаса­сақ, қазақтың қажылыққа алғашқы­лардың бірі болып Қазақ КСР ғылым академиясының тұңғыш президенті, еліміздің бірінші академигі Қаныш Имантайұлының атасы Сәтбай ақсақал да (Меккеде фәни дүниеден өтіп, сонда жерленген қария) 1904 жылдары барғаны рас. Қазақ елін 40 жылдай тыңғылықты басқарып, экономика­лық, әлеуметтік өсіп-өркендеуіне, ғылымның жетілуіне бойындағы бар қабілет-қарымын, білімі мен білігін жұмсаған, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атасы Жұмабай (Жетібай) Қонайұлы мыңжылдық туған құдасы Медеу Пұсырманұлымен бірге 1904 жылы Түркия елі арқылы Сауд Арабиясына сапар шегіп, Мекке мен Мединеге қажылыққа барғанын тарихи архив құжаттары толығымен растайды. Содан соң, 1905 жылы Үндістан мен Ауғанстан арқылы елге аман-есен оралып, бес парыздың бірі қажылық сапарын өтеген өз заманы­ның озық ойлы азаматтары болған, еліміздің көнермейтін қайраткерлерін ұлықтасақ, одан ұрпағымыздың ұтары аз болмайтыны белгілі.
    Айбынды ұлт, бай-қуатты халық еңбекте береке боларын ежелден түсінген, ынтымағы, бірлігі жарасқан біртұтас ел, өзгеден озық тұруды асыл мұрат санаған кеңпейілді көңілі дархан қазақпыз. Білім және ғылым өркениеті дамыған, алғашқы ондық қатарында болғанды жөн санайтын, сапалы еңбексүйгіш саналы елміз. Адамды дәреже жеткізбейді, білім жеткізетінін әлімсақтан бері білеміз. Бұл дүниеге мәңгі қалу мүмкін емес. Жақсы ат қалдыруды ұлылық дейміз. «Тар жол, тайғақ кешулерден» өткен қайраткерлердің өмір жолдары оңай деп айтуға келмейді. «Бір Аллаға сыйынған арам өлмес, Құдайсыз қу қолынан іс те келмес», – деген Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың сөзі ерекше.
    Ұлтымыздың бетке ұстар әлемдік мақтанышы, дүниежүзіне есімі әйгілі энциклопедист ғалым, тәрбие мен білімді ұштастырған, 1155 жыл бұрын өмірге келген ұлықты ұстаз, данышпан Әбу-Насыр әл-Фараби: «Адамның бас дұшпаны – надандық», – деген. Ғажайып ғаламның саналуан сырына адамның ақылы жетпейтінін бірталай игі жақсы ғұлама ғалымдар айтқан. Дана, ойшыл Сократтың бір нақыл сөзі бар: «Менің білгенім, ешнәрсе білмейтінім», – деген. Құнанбай қажының баласы Абай Құнанбайұлы заманында «Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, Айтпа, ғылым сүйсеңіз!» деп тегін айтпаса керек. Е. Бөкетовтің жазған ғылыми еңбектері мен мақалалары өмір бойы ғылым саласына қызмет еткені – ақыл-ойының тереңдігі мен білімінің ұшан-теңіздігі болар. Электрлі химия саласының білгірі Е.Бөкетовтің айрықша бір қасиеті – химикпен де, биологпен де, физикпен де, филологпен де, тарихшымен де, тағы да басқа ғылым саласының белді өкілдерімен өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе білуі – эрудит білімділігінің шын белгісі. Парасаттылық, білімдарлық, сабырлылық, ыждаһаттылық – бәрі де ақылға байланысты. Ақыл мен білімді ұштастырып, ғылымға, ғылыми техникалық прогреске, цивилизацияға апарар жол тек ғылымда жатқандығын түбегейлі зерттеген еңбектері, бүгінгі бай ғаламат мұралары өз халқына қалтқысыз қызмет етуде. Сайып келгенде, өнеге аларлық сегіз қырлы, бір сырлы нағыз білімпаздың өзі екенін мойындау керек.
    КСРО Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ғылым және қоғам қайраткері Ебіней Арыстанұлының тұла бойына туа біткен жазушылық, сыншылық өнері – жас кезінен қазақ ауыз әдебиетіне деген риясыз жанашырлығынан көрінетін қасиет. Кеңес одағындағы орыс халқының заңғар жазушыларын, дүлдүл ақын­дарын қазақша сөйлеткен ұлт суреткері деп айтсақ, шындықтан алшақ кете қоймаспыз. Қарапайым да кішіпейіл ауыл азаматы, текті әулет отағасы, еңбек ардагері, шежірелі қария Смахан Болысұлы: «Құдайға шүкір, ақиқатын айтсақ, шежірелі тарихи шындыққа толы абыз бабалар аманатын бізге жеткізген, кең өрісті тілдердің қатарынан ойып тұрып орын алған, әлемдік қауымдастық алдында заманауи мәнге ие мемлекеттік қазақ тілі, халқымыздың отбасылық өмір­дің айрықша белгісі саналатын ұлттық құндылығымыз ана тілімізді халықаралық ғылым және өркениет деңгейіне көтеру – баршамыздың ғылыми, игілікті ең басты азаматтық борышымыз», – деген аталы сөзінің мәні ерекше. «Түйенің қомында, аттың жалында тебінгісінен тер төгілген арда қазақтың ұрпағымыз» демекші, ұлт руханиятын ұлықтаған қазақ әдебиетінің, ұлтымыздың тірегі ана тіліміздің дамуына да сүбелі үлес қосқан ғылым қайраткерінің «Атан қомында туған ұл» деп аталатын қызықты да тартымды әрі татымды кітабы бар. Әдеби көркем кітап халқымыздың дара перзенті, екі мәрте С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін (бұрынғы АГМИ) тәжірибелі басқарып, Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін екі рет ұстаған, әуелгі байлық – денсаулық саласына өзіндік із қалдырған айтулы эпидемиолог-ғалым, медицина ғылым­дарының докторы, профессор, академик Ишанбай Қарағұловқа арнап жазылған тың туындысы сол кездің өзінде-ақ оқырмандардан оң бағасын алған, шымыр шыққан шығармасы күн өткен сайын рухани құндылығын арттырып, өміршеңдігін жоғалтпай келеді. Жоғалтуға тиіс емес, себебі ақиқатқа негізделіп жазған Ебіней Арыстанұлының өзі де ақиқат жолы – әділеттіліктен бір айнымай, ар-намысын ешқашан кірлетпей өткен нағыз ерге тән қасиетке ие азамат.
    Тау қопарар толағай жұмыстарды нәтижелі атқару – өз ұлтын ерекше сүйген дара дарын иелеріне тән қасиет. Қазақ өкіметін 14 жыл басқарған (1970 наурыз – 1984 наурыз) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, ардагер ұстаз Бәйкен Әшімовтің «Ел сенімі – ең қымбатың» атты (1997) кітабында ұлт қайраткері Нұртас Оңдасынов жөнінде, оның аяулы қарындасы Зүбайра апамыздың өмірлік серігі бол­ған Ебіней Бөкетов туралы айшықты жазылған тың ойлар, тұщымды оқиғалар баяндалады. Тарихқа сәл-пәл шегініс жасасақ, Қаныш Сәтбаевпен 1941 жылдың бас кезінде танысқан Нұртас Оңдасынов елімізде өз алдына ғылым академиясы болу керектігі жайлы ақылдасады. Нәтижесінде Қазақ КСР ғылым академиясы 1946 жылы маусым айының 1-жұлдызында сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов, Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов және Қазақ КСР жоғары советі президиумының төрағасы Әбдісәмет Қазақбаевтардың ұйытқы болуымен ашылғаны баршаға белгілі.
    Академияның (қазіргі Ұлттық ғылым академиясы) күрделі құрылысы басталарда «қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп күміс тиындар шашып, еліміздің бай-қуатты қарқынды дамуына ықпалы зор алып ғылым ордасының алғаш қазығын қаққан, лингвист ғалым Нұртас Дәндібайұлы және Қаныш Имантайұлының ерен еңбегімен дүниеге келген ғалымдар үйі тұтасымен дәуір қуанышы әрі жарқын болашағымыздың кепілі ретінде қызмет етуде. Қатарларынан озық туған ойшыл, қабілетті тұлғалардың дарынды жас ғалымдардың ғылыми жұмыстар жасап, халықтың экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан әл-қуатын жандандыруға ғылым ордасының алар орны, оның тигізер әсері айрықша. Айта кетпесек болмас, осы жасампаз істердің басынан аяғына дейін, оның сол уақыттағы КСРО Ғылым академиясының президенті, академик-ғалым В.Комаров, вице-президенті И.Бардин, өз саласының айтулы білімпаз академиктері И.Мещанинов, А.Панкратова, тағы да басқа ғалымдардың мұрындық болғанын есімізден шығармауымыз керек деп ойлаймыз.
    Е.Бөкетовтің осындай ғылым­ның марқасқаларымен иық тірестіріп орасан зор ғылыми жаңалықтар ашқан, тұлабойынан дарындылығы және кішіпейілділігі мен елінің есінде еріксіз қалған ұмытылмас есімдердің санатындағы сұңғыла ғалымдығы асқар шыңға ұқсайды. Өз саласындағы аса ірі тәжірибесі толағай мамандардан жоғары баға алған ғалым-химик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов – заманында айтылған жала сыннан қуғын-сүргін көрсе де, барлығын да сабырымен жеңген ғылымның шын сардары. Кең қазақ бәрін кешіреді. Бірақ өзінен білімі, таланты асқанды еш кешіре алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Білімі артып бара жатса, еңбегіне қарай құрметке, елдің ыстық-ықыласына бөлене бас­таса, аяқтан шалуды, құрдымға кетіруді ойлайтындар арамызда жоқ емес. Түсінікті кісілердің өздеріне аян. Біразымыздың басымызда бар жағдай. Осындай тар кезең, соқтықпалы, соқпақсыз жолдардан аман-сау өткен Ебіней Бөкетов халқына қалтқысыз қызмет еткен адал еңбегі мен жасампаз ғылыми жаңалықтары, адамгершілік қасиеттері арқылы еліміз қадір тұтқан дана да дара перзенті болғаны рас.
    Ұлт мәдениетінің айрық­ша жанашыры, ұлттық мерекеміз – әз-Наурызды елімен қайта қауыштырған тұғыры биік ерен тұлға, Түркістандағы Әзірет Сұлтан мешітіндегі қазақтың құт-берекесі саналған тайқазанды Санк-Петербургтегі «Эрмитаж» мұражайынан елімізге әкелуге себепкер болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің: «Еліміздегі әлеуметтік, саяси-экономикалық, басқа да түйткілді жағдайлар бүлінсе, ол сөзсіз түзелер. Ұлт руханияты тәрбие, өнер, білім және ғылым бүлінсе, онда жағдайымыз қандай күйде болмақ?» – деген сөзінің жаны бар.
    Ұлт руханияты мен ғылымды ұштастырған жігерлі, жалынды жастардың еңбек жолы, берекелі ісі – қашанда ел мерейі. Ғалымдар еңбегі нәтижесінде әлемдік алпауыт мемлекеттердің өкшесін басқан, тамыры терең тәуелсіз еліміздің эконо­микасы, білім, ғылым, жалпы ұлттық руханиятымыз қарқынды даму үстінде. Қастерлі Отанымыздың гүлденуіне орасан зор игілікті ісімен ықпал жасап, айтулы еңбек сіңірген ұлтымыздың ұйтқысы Е.Бөкетовтің орны қай кезде де бөлек. Өнегелі өмірінде таза да адал еңбегіне сеніп, бар саналы ғұмырын ғаламдық ғылымға арнаған оқымыстының парасатты биік бол­мысы, жаратылыстану ғылымына тың түрен салған ерен ерлігі – бүгінгі өтпелі буынға үлгі, келешегі кемел, болашағы айқын тағылымды ұрпаққа азық іспеттес. Біртуар ғалымның 100 жылдығы 1995 жылы қабылданған Ата заңымыздың 30 жылдығымен қатар келіп, кең көлемде тойлануы – елдігімізді нығайтып, ме­рейімізді үстем етері сөзсіз. Оның текті жұртына қалдырған ғылыми, рухани құнды жәдігерлерінің астарында маңдай тері және ой-ақыл еңбегі қисапсыз екені анық.
    «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады» дейді кемеңгер Абай атамыз 32-қара сөзінде. Ғұлама ғалыммен қызметтес болған замандастары жазған естелік­терге қарағанда, Е.Бөкетов халқы­мыздың фольклоры саналатын әуезді әндерін, күмбір-күмбір күйлерін нақы­шына келтіре орындап, домбыра шертіп, ән салғанда құмартпайтын жан кемде-кем болған көрінеді. Таусыл­майтын кен Жер-анамыздың кеудесінде болса, әсем ән, жыр мен күй ойшыл елдің көкірек көзінде, ал ғылым, білім ғұлама ғалымдар жүрегінде жатса керек. Күншілдік пен қызғаныштың барар жолы – опасыздық екендігі кімге де болса, түсінікті ғой. «Жүз досың да көптік етпейді, бір дұшпаның да аздық етпейді». «Жөн білмеген ағалар бүлініп кетсең, қуанып, сүрініп кетсең, табалар» деген мақалдар өмір шындығынан алынса керек.
    Жоғарыда айтқандай, Е.Бөкетов өз заманында ғылымдағы тағдыр жолы тақтайдай тегіс даңғыл болмағаны айналасына белгілі. Оның басты себебі – көреалмаушылық пен іштарлық. Ол жасырын емес. Әрбір екі елдің бірінде бар жағдай. Сайып келгенде, өзі жұмыстың көзін білмейтін, сондықтан қолы бос адамның әңгімесі бітпейді. Пендешілігі басым, пиғылы жаман ондай адамдар мына сіз бен бізге, қоғамға кеселін тигізеді. Өздері еш нәрсе тындырмайды да, өзгені тура жолынан тайдыруға асығып жүреді. Бұл фәнидің асылы да адам, сасығы да адам ғой, шіркін! Осындай оқиғаларға кез болып жүдесе де, ешкімге арлы басын еңкейтпей, жүнжімей өтуіне Ебіней Бөкетовтің ата-анасынан дарыған сабырлылық қасиеті, тектілігі күш бергені анық. Дана бабаларымыздың: «Қарапайым еңбек адамдары атақсыз болып ғұмыр кешсе де, саналы кісі бір күн абыройсыз болғанды өз-өзіне қылмыс санайды», – дегені бекер емес.
    Ұлтымыздың әлеуеті саналатын ғылымды саналы өмірінде өрге сүй­реген тұлғаның ғылымдағы өзіндік өрнегі әрдайым маңыздылығымен ерекше көз тартады. Орталық Қазақстанда 1958 жылы ашылған Қарағанды химия-металлургия инсти­тутында басшы болып жүргенінде жүздеген дарынды жастарды ғылымға баулығанының өзі халқымыздың кемел келешегін ойлағандығынан екені дау тудыра қоймас. Жаратылыстану ғылымдарының үлкен бір саласы – электрлі химияның рөлін, сонымен қатар оның өндіріс орындарында маңызы зор екенін болжап, бағалай білген шынайы білгірдің өзі. Кезінде химия-металлургия институтында директор бола жүріп, бір күнге де ғылымнан қол үзбей, дарынды шәкірт­тер тәрбиелеген, ізгілікті істердің ұйытқысына айналған таным-түсінігі кең адам. Жұмбағы көп, сыры толық ашылмаған химия ғылымының бар­лық тармағында жас мамандарды тәрбиелеп, өмірдегі ең таза жолдардың бірі – ғылым жолына даярлауды өзіне басты ұстаным етіп, тұлабойын­дағы интеллектісімен өзіндік мектебін қалып­тастырғаны шәкірттерінің есінде. Сол дарынды шәкірттерінің қатарында екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдірәсіл Жәрменов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ж.Әбішев атындағы химия-металлургия институтының директоры Сайлаубай Байсанов, жоғарыда атап өткен Әбдуәли аға мен зайыбы Ажар Баешовтер отбасын айрықша атауға хақылымыз. Сонымен қатар өздеріне ғылыми жетекшілік етпесе де, ұстаз тұтып қадірлейтін, Қарағанды қаласында тұратын бір топ ғалым азаматтар, заманында бір мекемеде ғылыми жұмыстар жасап, тәлім-тәрбиесін алған ғылым докторлары, профессор, академиктер – Болат Қасенов, Бораш Төлеуов, Арыстан Ғазалиев, Серғазы Әдекеновтерді атамау мүмкін емес. Біздің еліміз ғасырлар бойы ата-ананың, ұстаздың, жалпы үлкеннің алдын кеспей, олардан тағылым алып, көргені және түйгені мол халықпыз. Халық даналығында: «Үлкеннің алдын кессеңіз, көрінбей қаласыз, кішінің жолын жапсаңыз, көмусіз қаласыз», – деген аталы сөз бар. Е.Бөкетовтің шәкірттері еліміздің жан-жақты өсіп-өркендеуіне, ұлттық ғылымымыздың айтарлықтай дамуына алыс-жақын шетелдерде үздіксіз қызмет жасауда. Ғалымның сара жолын шәкірттері бір дақ түсірмей, жалғастырып келеді.
    Халқымыздың абызы Бұхар жырау Қалқаманұлы «Ер жігіттің қадірін ағайын емес, жат білер, Ер-тоқымның қадірін қаптал емес, ат білер» деген сөзі әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған. АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Халықаралық планета орталығы бекіткен тұжырымдамасы бар. Сонда 1979 жылы ашылған Марс пен Юпитер орталығында «астероид белдеуіндегі» күнді айнала қозғала, жерден жүздеген шақырым қашықтықта ғарыш төрінде Қ.Сәтбаев есімімен аталатын планета ұшып жүрсе, ол – халқымыздың, халықты прогреске бастаушы ғалым­дардың шын қуанышы. Ғұлама ғалымдардың ғылыми ісін жаңғыртып, кең-байтақ қазақ халқын әлемге әйгілейтін талантты, ел мерейін үстем ететін жас ғалымдардың шықпасына кім кепіл! Құдай бұйыртса, бұл да жақын күндегі шаруа деп ойлаймыз. Сәуір айының 12-жұздызы Ғылым күні болғандықтан, қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтың: «Ғалым болу үшін, ең алдымен адам болу керек, өйткені ғалым барлық өмірін, еңбегін өзі үшін емес, халық үшін сарп етеді. Ғалым білімді болу керек, білімдінің бәрі ғалым бола бермейді. Ғалым ерінбей үйренеді де ізденеді. Ғалым білім алады да, білімге білім қосады», – деп айтқан ойлы сөзі баршамыздың ортақ қазынамыз болуға тиіс. Е.Бөкетов асқан білімдарлығымен еліміздің мәдениетін, ғылымын ғарыштық биікке көтерген кемеңгер ғалымдығы арқылы әлемге әйгілі. Сонау 1990 жылдары үлкен бір ғаламат ғылыми ашқан тың жаңалығы үшін Америка ғалымдары аспандағы жаңадан табылған жұлдызға «Бөкетов – Баешов жұлдызы» деген атау берген. Бұл ғалымдарға деген шекарасы жоқ, құрметтің шын белгісі. Елдігіміздің абыройы ұстаз бен шәкірт сабақтастығының айқын көрінісі «Бөкетов – Баешов» ғылыми әдісі болып, жер жүзінің тарихына таңбаланған қыруар ғылыми жаңалықтың құндылығы күн өткен сайын жарқырап, жаңаратыны, жас ғалымдарға бағыт-бағдар, ұрпаққа серпіліс жасап, серпін беретіні ақиқат. Е.Бөкетовтің ғылым жолы, ғылыми майданда өз тұрғыластарынан қара үзіп алға шыққаны – оның тумысы­нан зеректігі, ізденімпаздығы мен адал еңбексүйгіштігінде болғаны баршамызға үлгі болуы керек.
    Ортағасырлық атақты ойшыл Рудаки­дің: «Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деп айтқан сөзінің астары терең. Ұстазы Қаныш Сәтбаевтың дәстүрін жаңғыртқан жасампаз тұлға, ұлттық ғылымды өркениетке жеткізуші дана дарын иесі халқымызбен бірге жасай бермек. Оның өміршең жұмыстарын, атқарған қызметтерін, ғылыми еңбектерін бүгінгі саналы ұрпақ білуге тиіс. Ебіней Арыстанұлының ғасырға бергісіз еңбектерді өз қолымен істеп, еліміздің күретамыры – өндіріске де, ғылымға да сүбелі үлес қосса да «мен» немесе «менің басқаруыммен» демей, «қатысуым­мен» деген сөзді ғана жазғанын көресіз. Қанымызда бар тектілік – нағыз ер азаматқа тән қасиет. Мұны үлгі аларлық, құптарлық, қуанарлық қадам деуге болады. Әрбіріміз сондай биікте бола алсақ игі еді.
    Француздың әйгілі жазушысы, әлемдік қайраткер тұлға Виктор Гюгоның: «Тұлғалар тұғырын өзі жасайды, ескерткішін туған елі қояды», – деп жазған өзекті ойы жасампаздығымен ерекше. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, әділдіктің заты өлмейді» деген халық нақылы бар. Қазақстанның ғана емес, кешегі Кеңес одағына, бүкіл дүниежүзіне өзінің бойына біткен, өзгеден өзгерек жаратылған бітім болмысымен, таза адал еңбегімен халқымыздың атақ-абыройын, даңқын әлемге кеңінен жайған, қазақ ғылымының тарихында өшпейтін мұра қалдырған, тау секілді алыстаған сайын асқақтайтын, оқыған-тоқығаны аз емес, терең ойлы, өткір тілді, ақиқатшыл ғалым Ебіней Арыстанұлы Бөкетовтің естен кетпес ерек есімін туған елі ешқашан ұмытпайды.

    Ғибрат Маратұлы,
    Абдрахман Тәуекелұлы,
    Ғани Смаханұлы

    Ұсынымдар

    Қонаевта сайлау күніне орай ретрокөліктер шеруі өтті

    Қонаевта сайлау күніне орай ретрокөліктер шеруі өтті

    2 years ago
    Қонаев қалалық мәслихатының төрағасы сайланды

    Қонаев қалалық мәслихатының төрағасы сайланды

    2 years ago
    Сақтықта қорлық жоқ!

    Сақтықта қорлық жоқ!

    5 months ago
    Кимешекті кие тұтқан

    Кимешекті кие тұтқан

    2 months ago
    Мұзда балық аулауға арналған учаскелер тексерілді

    Мұзда балық аулауға арналған учаскелер тексерілді

    3 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>