Алматы облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және облыстағы әскери-патриоттық «Жас өрт сөндіруші» сыныптарының ашылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты патриоттық іс-шара өтті.
Кездесу қонақтарды қарсы алудан және тәртіп пен патриотизмнің жоғары деңгейін көрсеткен әскери-патриоттық «Жас өрт сөндіруші» сыныбының саптық дайындығын көрсетуден басталды. Іс-шараға Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, сонымен қатар, өзге де күш құрылымдарының өкілдері қатысты. ТЖД бастығы әскери-патриоттық «Жас өрт сөндіруші» сыныбымен кездесіп, олардың ынта-жігері, болашаққа құрған жоспарлары және сыныптарында алынған дағдылардың маңыздылығы туралы әңгімелесті. Сонымен қатар ол қарумен жұмыс істеу бойынша практикалық шеберлігін көрсетті Макаров тапаншасын бөлшектеп-құрастыруды егжей-тегжейлі түсіндіріп, әр кезеңде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, нысанаға дәл түсірудің негізгі тәсілдерін үйретіп, тактикалық сабақ өткізді. Әскери-патриоттық «Жас өрт сөндіруші» сыныбының қозғалысының дамуына үлес қосқан басшылар мен ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті. Сыныптардың тарихы 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастау алады. Қазақстан Республикасында алғаш рет Іле ауданының Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте “Smartsarbaz” (“Жас өрт сөндіруші”) атты әскери-патриоттық сынып ашылған болатын, онда 30 оқушы білім алды. Бұл бастаманың авторы — азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжехан. Бүгінгі таңда Алматы облысында жеті әскери-патриоттық «Жас өрт сөндіруші» сыныбы жұмыс істейді. Бұл сыныптарда балалар әскери-патриоттық тәрбие және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдылары бойынша білім алады. Алматы облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Даурен Оразбеков атап өтті: «Әскери-патриоттық «Жас өрт сөндіруші» сыныптарының оқушылары — қоғамға қызмет етіп, адамдардың өмірін қорғауға арналған болашақ құтқарушылар. Олардың басты мақсаты — құтқару дағдыларын игеру және кез келген төтенше жағдайда көмек көрсетуге әрдайым дайын болу. Жауапкершілікке, батылдық пен патриотизмге тәрбиелеу — оларды нағыз Отан қорғаушылар етіп қалыптастырады». Іс-шара бірлік пен жарқын болашаққа деген үміттің белгісі ретінде ағаш отырғызумен аяқталды. Бұл іс-шара өскелең ұрпақты отансүйгіштік, тәртіптілік және төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға дайын болу рухында тәрбиелеудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі