Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі Жамбыл ауданына баспасөз турын ұйымдастырды. Республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ өкілі өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарын аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.
Аудандық мәдениет үйіне жиналған тілшілер мен блогерлермен алдымен аудан әкімі Нұрлан Ертас кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндаған аудан басшысының айтуынша, 1-тоқсанның қорытындысы бойынша оң серпін байқалады. Халқының саны 169 мың адам шамасында, жер көлемі үлкен аудан ауыл шаруашылығы саласына маманданған. Бұл бағытта бәсекеге қабілетті агроөндірісті дамыту мақсатында бірқатар тиімді шаралар қабылданған. Аудан мал саны бойынша облыста алдыңғы орында. Енді санын көбейтіп қана қоймай, төрт түліктің сапасын көтеру, яғни тұқымын асылдандыру, жер жағдайына қарай санын реттеу, жайылым мәселесі төңірегіндегі түйткілдерді оңтайлы шешу сияқты жайттарға тоқталды. Сонымен қатар басқа да салалардағы жарқын істердің барысынан хабардар етіп, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
Тілшілер мен блогерлер бұдан кейін аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлерді барып көрді. Мұнда бірнеше тұрғын үй қатар салынып жатыр, барлығы да бес қабатты. Оның екеуі 40 пәтерлі, екеуі 20 пәтерлі және тағы үшеуі 60 пәтерлі. Аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Марат Әкеғұловтың айтуынша, алды биылғы тамыз айында қолданысқа берілмек, яғни 180 пәтерге өз иелері кіреді. Баспаналар банк арқылы несиелік жүйемен беріледі. Бұл – еліміз тәуелсіздік алғалы бері бой көтерген бес қабатты үйлердің алды.
Ұзынағаш ауылында жаңадан бой көтерген 1500 орынға арналған орта мектептің де құрылысымен таныстық. Осындағы мердігер ұйым “BIGLOBAL” ЖШС прорабы Бақытжан Бектұрғанов жұмыстың тоқсан пайыздан астамы орындалғанын айтты. Қазір ішкі жұмыстары толық аяқталып, тазалау, жиһаздарын орналастыру, ауланы абаттандыру істері қалған. Ғимараттың қолданысқа берілуі үш ауысымдық мектеп санын азайтуға септеспек. Өйткені Алматы қаласына жақын орналасқан аудандарға тән мәселе мұнда да өткір күйінде қалып отыр. Ауданда үш ауысымда жұмыс істейтін 8 мектеп бар. Білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова көшіп келушілер мен халықтың табиғи өсімінің есебінен мектеп табалдырығын аттаған балалардың саны жыдан жылға артып отырғанын айтады. Мәселен ауданда жылына 5 мың сәби өмірге келеді. Биыл ауданда үш жаңа мектеп салынып жатыр.
Жаңалық жаршылары Ұзынағаштағы «Алатау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тігін цехына барып, өндіріс үрдісін көрді. Онымен директордың орынбасары Анар Егізбаева таныстырды. 2022 жылдың қазан айында жұмысын бастаған кәсіпорында 120-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Негізінен мемлекеттік тапсырысты орындайды. Қазір мұнда еліміздің қарулы күштерінің қызметкерлеріне арналған әскери киімдер тігілуде. Жылына 50 мың дана шамасында киім жиынтығы дайындалады. Алдағы уақытта аяқ киім өндірісін жолға қою жоспарда бар.
Келесі сапар Жамбыл ауылдық округінің аумағындағы «Алинар Арго» ЖШС-нің жылыжайына жасалды. Шаруашылық 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Басшысы Тимур Маратұлы 1 гектарлық жылыжайда ерте көктемнен бастап күзге дейін қызанақ пен қияр өсірілсе, қыста құлпынай егіледі дейді. Құлпынай терімі үш айға жалғасады, өнімі күнара жиналып, әр терілгенде 1-2 тоннадай алынады. Сол сияқты күніне 2 тоннаға жуық қияр жиналады. Жылыжайда 25 адамдай жұмыс істейді, ал жиын-терім науқанында олардың саны еселеп артады. Шаруашылыққа 300 миллион теңгеден аса инвестиция қаржы салынған. Құлпынайдың «Клери», «Альбион» түрлері өсірілетін жылыжайдан жылына осы дақылдан 40 тоннадан астам өнім алынады.
Шолаққарғалы ауылдық округіне қарасты қарқынды алмабақ егілген алқапқа келдік. Көшеттер 2017 жылы Еуропадан әкелініп, отырғызылған. «Гүлден» шаруашылығының агрономы Нұрдәулет Тұрарбекұлының айтуынша, алғашқы өнімі әр гектардан 100 келіден айналып, өткен жылы 60 тонна алма теріліпті. Биыл көктемгі суықтан түтіндетіп аман сақтап қалды. Алманың бес сорты бар. Осындағы 25 гектарлық баққа 75 мың көшет егілген. 10 адам жұмыс істейді. Келешекте апорт алмасын отырғызу жоспарда бар.
Журналистер Қасымбек ауылы жанындағы балық шаруашылығымен танысты. «Алматы Балық-2050» ЖШС жетекшісі Оразалы Кенжебаев кәсібін бір жыл бұрын ашқан. Инкубациялық цехтағы арнайы аппаратта уылдырықтан шабақ шығару үрдісін түсіндірді. Шетелден әкелінген уылдырықтан 25 күнде балық пайда болып, шағын бассейндерде өсіріледі. Отбасылық бизнесте 10 адам жұмыс істейді.
Бір күнге созылған баспасөз-турына қатысқан журналистер ақындар мен батырлар елінің бүгінгі тынысын біліп, қолға алынған тың істерге куә болып қайтты. Аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы тілшілермен бірге жүрді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы