2020 жылдан бастап Президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық еңбекақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркуйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35 % көлемінде үстемеақы қосылды.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін, мұғалімдердің жалақысының мөлшері білімінің, санатының (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор) деңгейіне және еңбек өтіліне, жүктеме көлеміне, сондай-ақ еңбек ету жағдайына байланысты қосымша төлемдер, академиялық дәрежесінің болуы (10 АЕК), тәлімгерлік етуі, сабақтан тыс спорттық дәрістер беруіне (базалық лауазымды еңбекақыдан 100%) байланысты қалыптасады.

Осылайша, түрлі санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді:
* Педагог-шебер – 50%
* ⁠Педагог-зерттеуші – 40%
* ⁠Педагог-сарапшы – 35%
* ⁠Педагог-модератор – 30%

Ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлінуде – олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда, кемінде 25%-ға жоғары.