«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Жиналыстың күн тәртібінде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру жайындағы мәселелер қаралды.
Кеңес отырысына Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Ерлан Жұмашұлы, ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Еркінбек Аянбекұлы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Айгүл Жұмаханқызы, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Алматы облыстық филиалының өкілдері және кеңес мүшелері қатысты. Мәжілісті партияның облыстық филиалы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Асқар Фазылұлы ашып, жүргізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе жаңадан пайдалануға берілген агроөнеркәсіптік кешен нысандары мен инвестициялық субсидиялар бойынша ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Еркінбек Аянбекұлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде 2025 жылға 300 жаңа жұмыс орнын құрумен, жалпы сомасы 33,5 млрд теңгеге 17 жобаны іске асыру жоспарланғанын, оның ішінде 16,8 млрд. теңге сомасына 6 инвестициялық жоба, 40 жаңа жұмыс орны және 14 млрд. теңге сомасына Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін бағдарламасы негізінде 11 жоба жүзеге асып жатқанын айтты. Сондай-ақ жиын барысында ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру, шаруа қожалықтарына жеңілдетілген несие беру және субсидиялау бағдарламалары, ауыл кәсіпкерлеріне қаржылық қолдау көрсету, қаржыландырудың қолжетімділігі, су тапшылығы сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Аталған кеңес отырысында кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жаңа жобалардың жайы да назардан тыс қалмады. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған 200 бірлік грант беру туралы және «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қорының есептері тыңдалды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының маманадарының сөзінше, биыл кәсіпкерлікті қолдауға жергілікті бюджет есебінен 4,2 млрд теңге қаражат бөлінді.Оның ішінде;сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау бойынша 2,6 млр .теңге,ішінара кепілдендіру бойынша 1,3 млрд.теңге, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері және «Бір ауыл-Бір өнім» финалистері үшін мемлекетті грант бойынша 350,0 млн теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде облыс бойынша «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері» тізілімінде қазіргі уақытта 69 субъект тіркелген, тізілімге тіркеуге құжат қабылдау тоқсан сайын жүзеге асырылады.
Ал «Damu» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға басымдық береді. Үстегі жылы «Даму» Қорының Алматы облысы бойынша өңірлік филиалы өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, білім, медицинаға бағыталған кәсіпкерлерге жылдық 12,6 пайыз жеңілдікпен несие береді.
Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. Қабылданған шешімдердің орындалуын партияның облыстық филиалы өз бақылауында ұстайды.
Ерзат АСЫЛ