Райымбек ауданының тұрғындары 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесін биыл да зор мереймен қарсы алып, айрықша құрмет көрсетті. Бұл күні Б.Соқпақбаев атындағы саябаққа жиналған қауым бірін-бірі айтулы мерекемен құттықтап, ынтымақ, береке мен бірлік, татулық тілесті.
Көгілдір көктемнің жазға ұласар шағында әр шаңыраққа шаттық сыйлап, мейірімге толтыратын айтулы мереке биылғы жылы да қалың қауымды өзіндік ерекшелігімен, жайдарман жаңалығымен қуанышқа бөледі. Атап айтқанда, еліміздегі татулық пен бірліктің негізін қалап, мызғымай сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл толып отыр. Аталған құрылымның ортақ мақсат жолындағы жетістігі ұшан-теңіз. Оның айқын дәлелін тәуелсіз елімізде ғұмыр кешіп жатқан түрлі этностардың ынтымағы арқылы жасалған ырыс пен берекенің, аста-төк молшылықтың көрінісінен аңғаруға болады.
Бірлік мерекесіне арналған салтанатты жиында Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев көпшілікті орны бөлек, маңызы ерек қуанышпен құттықтады:
– Қадірлі жерлестер! Сіздерді ынтымақ пен татулықтың нұрына бөленген Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерекенің ұлттар достығының негізі берік қаланған біздің еліміз үшін маңызы зор. Бірлік, достық, татулық, жарасымды сыйластық болған кезде тәуелсіз Отанымыз мол байлыққа, халқымыз баға жетпес бақытқа кенеледі. Оның дәлеліне бүгінгі таңдағы мамыражай тірлігіміз арқылы көзіміз жетіп отырғаны анық, – деген Берік Фатықұлы еліміздегі жүргізіліп отырған сындарлы саясат, қолға алынып, нәрлі нәтижесін көрсетіп отырған игі істерді әңгімесіне арқау етті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай мерекелік медаль тағайындалғаны белгілі. Мемлекет басшысының Жарлығымен халықтың ынтымағы мен бірлігінің артуына, ауызбірлігі мен татулығына қосқан үлесі үшін республиканың көптеген азаматтары осынау мерекелік медальмен марапатталған болатын. Жоғары марапатқа ие болғандардың қатарында аудандық аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова да бар. Мереке үстінде аудан әкімі марапат иесіне мерекелік медальді зор құрметпен табыс етті. Сонымен қатар ортақ мақсатқа лайықты үлес қосып жүрген бір топ еңбек ардагері Алғыс хатпен марапатталды. Мәдениет үйінің өнерпаздары жиналған қауымға қазақтың халық әндерімен қатар түрлі этностың әсем әуендері мен билерін тарту етті.
Бұл күні ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сауда қызметі де кеңінен қанат жайды. Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі осылайша зор мереймен атап өтілді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы