-13 °c
Qonaev
Saturday, May 10, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    «СОЛДАТ СОҒЫСТАН КЕЛДІ»

    08.05.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Идеология, Тарих
    «СОЛДАТ СОҒЫСТАН КЕЛДІ»

    Фото: egemen.kz

    0
    SHARES
    1
    VIEWS

    Қазақ әдебиетінің детектив, яғни шырғалаң шығармашылық жанрында жол бастаған, әдеби сыйлықтың талайын қанжығасына бөктеріп, қазыналы болған майдангер қаламгер Кемел Тоқеавтың «Солдат соғысқа кетті» деген өмірбаяндық романының атауын жадымызда жаңғырта отырып, жеңімпаз жауынгер туралы сөзімізді «Солдат соғыстан келді» деген тақырыппен жазушылық, азаматтық келбетін еске алып, сыр мен сымбат қостық.

    Ұмытпасам, 1985 жылдың алтын күзі болатын. Алматының күзі қандай, шіркін, тоқсан бояу тоғысып, аспан мен жер астасып, Алатаудың шыңына жаңа ғана түскен ақша қар кейуананың кимешегіндей  болып жұтынып, қарағай мен шырша талас бой түзеп, тау беткейіне жарыса жарасқан кезде көңіл көкжиегі де келбеттене көрініп, жүрек жұпары бұрқыраған сәт еді. Алматының мың сан адам тоғысқан, мың сан дауыс табысқан, тәуелсіздікте төркінін тапқан  «Жібек жолы» көшесінің бойындағы тоғыз қабат торқалы, қазынасы қордалы редакциялар үйінің жетінші қабаты. «Лениншіл жас» газетінің мекенжайы. Газеттің әдебиет және өнер бөлімі. Бөлім меңгерушісімін. Жүргіншісі мен жолаушысы сапырылысып жататын жер. Үлкенді-кішілі ақындар, жүгі мол жазушылар ағылып жататын арқайын дәліз.

    – Інім, амансың ба, өзіңе келіп қалдым, – деп бойшаң, аққұба, самайына күміс себезгілеген толқынды шашын баппен маңдайдан асыра қайырған, көгілдір жейдесіне қырмызы галстугі жараса кеткен жігіт ағасы – белгілі жазушы Кемел Тоқаев есіктен жылыұшырай кіре берді. Ұшып тұрып, алдынан шығып, амандастым. Осы бөлімге келгелі Кемел ағамен бірнеше рет кездескем, Жазушылар одағында да мен «аға» деп қол беріп, ол «інім» деп бауырына тартып, құшағына алған. Өзінің ұшқан ұясы – «Лениншіл жас» газетіне жиі келіп тұратын. Біз де осы ұядан ұшқан ағаларымыздың тізімін жатқа біліп, жаңылмай жүйелеп, інілік ізет, кішілік ілтипат білдіріп жатамыз.

    Өйткені майдангер қаламгерлер бұл жерге өз үйіне келгендей еркелеп, қуанып, құшағын ашып,  бауырына басып келеді. Шырғалаң жанрындағы бірнеше повесть, романдары жыл сайын Қазақстан жазушылар одағы мен Одақтық  Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби байқауларда алдына жан салмай, қатарынан 1956, 1972, 1977, 1980 жылдары беделді бәйгені қанжығасына бөктеріп, төрт мәрте лауреат атанған қаламгер Кемел ағаның оқырман ортасындағы олжасы қазыналы болатын. КСРО Ішкі істер министрлігінің алтын  белгісін кеудесіне таққан одан басқа жауынгер  жазушы жоқ. Бұл жағынан Кемел Тоқаев дара қаламгер болды. Бейбіт күнгі майданның жоралы жауынгері еді ағамыз.

    Бұл бір кез майдангер  қазақ қаламгерлерінің қатары қанатын жайған, сапы сиремеген, санаты кемімеген сәт еді. Жеңіс күндерінде апайтөс кеуделерінде жарқыраған орден, медальдары сыңғыр қағып, сол бір сұрапылдың ортасынан аман шығып, туған елде түтін түтетіп, отбасын құрып, өмірге жаңа ұрпақ әкеліп, бейбіт күндерде де жеңіскер атанған ағаларымыздың баршылық кезі болатын. «Өзім туын көтергендей Жеңістің, сол күні мен көп іштім» деп Тұмағаң – Тұманбай Молдағалиев ағамыз ағынан жарылғандай, біздің толқын да жеңіс күндерінде майдангер ағаларымыздың алдында тік тұрып құрмет көрсетіп,  жауынгерлік сәлем беріп, тост алатын едік. Сол үлкен ерліктің алдында біз әрқашан кіші едік. Әлі де кішіміз.

    Сұрапылдың ішінен аман шығып, елге ерлік боп жеткен, көзін көрген ағаларымыз: Әбу Сәрсенбаевтың, Бауыржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтің, Әди Шәріповтің,  Дихан Әбілевтің,  Хамит Ерғалиевтің, Жұбан Молдағалиевтің, Қалижан Бекқожиннің, Сырбай Мәуленовтің, Мұзафар Әлімбаевтың, Тахауи Ахтановтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Әзілхан Нұршайықовтың, Сағынғали Сейітовтің,  Тоқаш Бердияровтың, Кемел Тоқаевтың төбелері көрінгенде әскери қызметке жаңа келген бозбаладай болып ізет көрсетіп, бойымызды тіктеп, ойымызды жүктеп, айтарымызды діттеп, жинақы қалыпқа түсіп қалушы едік. Олар жанымыздан асқақ басып, жігері тасып өтіп бара жатады. «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп хас ақын Қасым жырлағандай, соларға қарап тұрып, қазақты жау да, дау да ала алмайды деп көңіліміз тоғайып, қуанышымыз молайып қалатын. Қалай екені қайдам, осы майдангердің қайсысын көрсем де Сырбай ағаның «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңі жадымда жаңғырып, жатқа оқылып жүре береді:

    Жаутаңдап қарап дала тұр,

    Көз жасын сүртіп жаңа бір.

    Хабарсыз ұлын сұрауға,

    Жолыңды тосып ана жүр.

     

    Қанша үйдің ұрлап адамын,

    Қанша үйде сөніп қалды оттар.

    Көрдің бе ұлын ананың,

    Соғыстан қайтқан солдаттар.

     

    …Қаралы хабар жіберіп,

    Қаншама қайғы салды оқтар.

    Барады үнсіз түнеріп,

    Соғыстан қайтқан солдаттар.

    Бұлардың әрқайсысы осынау ғажайып жырдың ғаламат кейіпкерлері. Соғыстан келген солдаттар.

    Тағдыр маған тамаша тарту жасады. «Лениншіл жас» газетінің арқасында мен әз есімдері аталған майдангер ағаларымыздың бәрімен етене таныс, емен-жарқын біліс, ініден бетер туыс, жақсыдан бетер жұғыс болдым. Соғыстан қайтқан солдаттар біздің ұлттық тарихымыздың ең жарқын беттерін жазуға қатысты. Ерлікті елге әкелді, елдікті жерге әкелді. Ұлттық ұйымшылдықтың ұжымгер ұлағатын салды. Руханият әлеміне рухты шығармаларымен үлес қосты. Олар барда жоғымыз түгел еді.

    Қазақ әдебиетінің ұзан тарихында олар Сыпыраның сарынын, Қазтуғанның қарымын, Шалгиіздің арынын, Доспамбеттің дабылын, Ақтамбердінің ағынын, Махамбеттің жалынын, жауынгерліктің жарығын жұртының жан дүниесіне жалау етіп бекітіп, алау етіп жарқыратты. Осынау ордалы топтың ішінде жаңа әдеби жанрдың  негізін салып, айлапат әлемге абырой жарығын түсірген ағылшын қаламгері Артур Конан Дойлдың  тыным таппас тыңшысы  Шерлок Холмстың таңғажайып тапқырлығына таңырқай қарайтын қазақ оқырманы Кемел Тоқаевтың да дерек пен дәйекке көркемдік кестесін салған кең тынысты жаңа шығармаларын жата-жастана оқыды. Жаңа жолға түскен жазушының қаламына іліккен оқыс оқиғалар мен қым-қуыт, шырғалаң шындық өз оқырмандарын жаңылмай тапты. Қазақ әдебиеті жаңа қаламгерін жолықтырды. Жанр оқырман аудиториясын қалыптастырды.

    1954 жылы жарық көрген алғашқы туындысы «Жұлдызды жорық» деп аталуының өзінің бейімдік белгісі болды. Жазушылық жорығы жұлдызды болған жазушы одан кейінгі жылдарда «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы,» «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты повесть, романдарында дара жолға түскен детектив жанрының даңғылын одан әрі кеңейтіп, осы жанрдың басында тұрған қаламгер ретінде өзінің атақ-жөнін қазақ әдебиетінің тарихына талмастай жазды. Аталмыш кітаптары әр кезеңде он төрт рет қайта басылған қаламгер туған әдебиетімізде әлі кемшін. (Біз бұл ретте кеңестік кезеңдегі қаламгерлерді сұрыптап отырмыз).

    Таралымы жағынан классиктеріміздің алдын ораған жазушының қаламгерлік бақытын көзбен көріп, қуанышына бірнеше рет куә болған, оның жеңіскер туындыларына жастар газетінде орын беріп, үзінділер жариялаған қызметкер ретінде Кемел ағамен ағалы-інілі сыйлас болған кездерім еске түскенде, көз алдыма аяғын асықпай басып, жүзінде жұмбақ күлкі жүгіріп, ақсары өңі сәл алабұртып, көз қиығындағы сүмбіле сәуле көкірегіме себездеген сәті көз алдыма келіп, «інім, келіп қалдық» деген жұмсақ үні тап қасымнан шыққандай болады. Өзі айтқандай: «біздер тағдырластар» едік, ол да «Лениншіл жас» газетінің түлегі, мен де осы ұжымнан қанат қаққан қаламгермін.

    Жанына балаған жалғыз желкендей перзенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент Сенатының төрағасы болып тұрған кезінде қабылдауында болып, осы бір аға рухын қастерлеу сәтін айтқанымда «Әке туралы толғаудың» авторы да толқып: «Папаммен тағдырлас болған екенсіз ғой» деп әке сөзін қайталағандай болып, қолымнан құрметтей ұстап, тебіреніп еді. Осы жерде айта кетелік, «Слово об отце» деп орыс тілінде жазылған кітапты «Әке туралы толғау» деп  атауы дәл тауып  қойылғаны да жарасымды. Толғау жанры эссе мен реквиемнің және патетикалық толқыныстың үш тоғысынан жаралып, жан дүниеге жарығын түсіретін жанр. Әке туралы сөз толғау болу керек. Толғанысты болу керек. Әкелерміз туралы біз толғамағанда кім толғайды? Кіші Тоқаевтың зерделі қаламы әке Тоқаевты жұртына жаңаша таныстырды. Бір мақалада Кемел ағаның ұшан-теңіз туындыларын таратып айту мүмкін емес. Сондықтан Кемел Тоқаев қаламынан шыққан шығармаларының  ішінде көркемдік кесте мен тарихи шындықтың қоса, жігі жымдаса өрілген туындысы – «Солдат соғысқа кетті» өмірбаяндық романы туралы қысқаша әдеби пайымдау жасау мақсатында қаламгер қаламының қанатын үзбеу үшін «Солдат соғыстан келді» деген тақырыппен сөз сабақтағанды оң көрдім.

    Сырбай ақынның жан дүниеңді төңкеріп түсетін жырын еске алудағы әдеби әрекетім де  осы тақырыпқа баратын соқпақ еді. Қолдан жасалған қаныпезер әрекеттен, айлапат аштықтан соң балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қазақтың пана тапқан жерлерінің бірі қырғыз елі болғаны ақиқат. Таңдайына қырғыз халқының дәмі татып, көрер жарығы таусылмаған Кемел ағаның  бала шағындағы өксікті өмірі жылдар өтсе де жүрек түбінде шемен боп қатып, шеген боп беріштенді. Оның туған жер, туған елге деген перзенттік махаббаты қаламының қарымынан, ойларының ағынынан жарқырай көрінуі осының айқын көрінісі.

    Аштық та сұрапыл соғыс. Қазақты қынадай қырған зұлмат зұлпықары өте ауыр болды. Оның қатыгездігі кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстан да ауыр, қасіретті еді. Өйткені жау сырттан емес, іштен келген. Ұлтты жою бағытындағы геноцидтік үкім сол кезде қайта қарауға жатпайтын, аса ауыр және заманауи зардапты болды. Отқа оранған тіршіліктің тұтам  жүрегі сол зұлматтан да аман қалды. Көретін жарығы, көшетін жері, қонатын елі бар өмір туған жеріне қайта оралып, қабағат толқынды Қараталдың жағасында үмітке ұя салды. Тал қарманған тіршілік заман боранының астында құлағы қалқайған бәйшешектің күнге ұмтылған арманындай болып, алғы күнге  албырттықпен ұмтылған еді. Қызыл аяқ қар кешкен, жалаңаяқ жар кешкен күндер өтті. Жеңілген жоқ, жеңді. Осы жеңіс Кемел ағаны өмір бойы жетелеумен болды.

    Сүлеймен жүзігіндегі жазудай «ол күндер де өтті». Бірақ соғыс жалғаса берді. Қазақ әдебиетінде соғыс тақырыбы үлкен ауқымды алады. Өйткені оқ пен оттың арасынан келген әрі тегеурінді, талантты толқынның жоғарыда аталған өкілдері осы тақырыпты шырқау биікке көтеріп, оны өркениеттік деңгейдегі өріске шығарды. Қазақ жауынгерлерінің қахармандық үлгісі ұлттық батырлық портрет болып, уақыттың полотносын жазды. Ұлы Дала төсінде қалыптасып, ұрпақтардың қаны мен жанына  ұялаған ерлік соғыстан кейінгі мамыражай кезеңде соғыстан келген солдаттардың қаламынан шынайы шығарма болып шығып, әдебиетіміздің  алтын қорына қазына қосты. Соғыстың сұрапыл портреті қанмен жазылса, ол туралы шығармалар да көз жасына шыланып отырып оқылды.

    Кемел Тоқаевтың өзімен тұстас, немесе соғыстан оралған бірер жас ілгері-кейінділігі бар қаламгерлерден айырмашылығы ол – бейбіт күндегі күрес пен соғыстың тынысын тап басып, таныған жазушы. «Солдат соғыстан келді» романы осы тұрғыдан келгенде өзі терең қаузаған детектив жанрынан сәл ауытқып, роман-эссе жанры деген әдеби атауға қол артады. Бірақ бір қарағанда солай көрінгенмен, сол соғыстағы әділдік пен адалдықтың да жерге қараған, жетімдік кешкен кезеңдері шыншыл түрде жазылған. Бұл роман-эссе дәлдік атрибуттарымен, қаз-қалпында баяндалған қасиетімен, бастан кешкен оқиғаларын ұлттық сана-сезім сүзгісінен өткізгендігімен, тынысы өмірге деген дірілі басым құштарлығымен ерекшеленеді.

    Шығарманың бас кейіпкері Мұқамедтің он сегіз жасында отқа кірген шағы, майданға бет алған қызыл вагондардағы түтін иісін әлі сезбеген бозбалалардың жау ұшақтарының жойдасыз бомбалауынан жайрап қалған жантүршігерлік эпизодтары оқырманды алда болатын қан-қасап майдан шындығын қапысыз сезінуіне жол ашады. Жас Мұқамедтің елдегі арсыз ашаршылық кезінде бастан кешкен қайғы-қасіреті енді зұлым жаудың басқыншылығы жағдайында параллель түзуі қаламгердің шеберлік шыңына шыққанын дәлелдейді.

    Ауыр балалық шақ суреттерінің себеп-салдары қолдан ұйымдастырылған аштықта жатқаны аз айтылса да, саз айтылып, қазақ тағдырындағы қаралы күндерден сыр бере кетеді. Епті қолдың қаламы шектеулі еркіндіктің шекарасынан шығып кетпей, бірақ оқырманның көңіл орбитасына ділгір нұсқау бере кетеді. Романның 80-ші жылдардағы туынды екенін ескерсек, мұны да батыл қаламға әбден жатқызуға болады. Бұл да шырғалаң шындыққа барлау болатын. Аштық тақырыбын айтушылардың да бірталайы абақтының ащы дәмін татқан. Осы реттен келгенде кезінде қаламгер батылдығына қол соғылды.

    Романның өкініш пен мұңға толы беттері өзінен бұрын қан майдан көріп, қасапқа түсіп, ерлікпен қаза тапқан туған ағасы Қасым туралы баяндайтын жерлері оқырманның санасын селт еткізер сәттер екені даусыз. Соғыс – құрбандық алаңы. Соғыс қолбасшыларының «солдатты аяуға болмайды, ол Отан үшін қажет кезінде жанын беруі шарт» деген қатал қағидасын бастарынан көбірек кешірген өзге ұлт өкілдерінің талайсыз тағдырлары туралы да сөйлем астарындағы аңдатпалар соғыс саясатының солақайлықтарын көрсетеді.

    Батыр ағаларымыздың кеудесінде жарқыл қағатын Батырлық белгінің  берілер кезде берілмей, көрінер кезде көрінбей қалуындағы жұмбақ жықпылдар осы шығармада, таптауырын тіркеспен айтқанда – жағымсыз кейіпкерлер Власов пен Громовтың бейнелері қаламгерлік үкіммен қатал жазаланады. Сатқындық атты сұмдық кеселдің сұмырай кескіні жазушының шыншыл қаламында шынайы түрде бой көрсетуі Кемел Тоқаевтың азаматтық келбетіне дәйекті деталь қосып, оның солдаттық сертіне беріктігін көрсетеді.

    Соғыста көп қолданылған тіркестің бірі – биіктікті ұстап тұру. Бұл жөнінде кеңес қаламгерлерінің шығармаларын ойша сүзе қарағанда Севастополь қамалын суреттеген Константин Паустовскийден бастап, Михаил Шолоховтың  «Адам тағдыры», Юрий Бондаревтің  «Жағалауы» секілді аса танымал туындылардың ішінде Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» бекіністі биіктікті ұстап тұрудың стратегиялық-тактикалық маңызын жан-жақты ашып көрсеткен туындылар. Осы тұрғыдан келгенде Кемел Тоқаевтың аса маңызды биіктікті жеті жауынгермен ғана жауға бермей ұстап тұрудағы жанқиярлық ерлігін қаһармандықтың  ұжымдық портреті деп қабылдауға болады. Ол әдебиетте де алған биікті ұстап тұрды.

    Жазушының жан жүрегін жарып шыққан өмірбаяндық романын жүрдек талдай отырып, мына бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғанды жөн көрдім. Адамзат жаралғалы ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, адалдық пен аярлық, махаббат пен жауыздық жаға жыртысып жағаласып келеді. Жамандық атаулының бәрін түбінде жақсылық жеңеді деген ұстанымды малданған пенденің үміті әлі күнге үркек. Мемлекет дамуын тежейтін жегі құрттың бірі – жемқорлық. Осы дерт жамандық атаулының бәрін бір қораға қамап, қасқыр мінез танытып, қаскөйлігін тоқтатпай келеді. Кешегі кеңес кезінде де жең ұшынан жалғасу, сыбайлас сұрқиялық, парақорлық пен бәлеқорлық аз болған жоқ. Бірақ күрес те қатты болды. Күрескерлер де қырағы еді. Осы жағынан келгенде жазушы Кемел Тоқаев сол кезеңнің өзінде осынау оспадарсыз дерттермен аяусыз күресті, майдан салды. Қылмыс әлемінің Қотыраштарына қалам қаруын сілтеді, Батыраштардың балтасын қолынан жұлып алып, күресінге тастауға ұмтылды. Демек, ол бүгін бәріміз ауыз жаппай айтып жүрген жемқорлыққа қарсы алғашқы болып күрескен қаламгер. Оның қаламынан туындаған шығармаларынан  жемқорлыққа қарсы «Жұлдызды жорықтың» жалауын көреміз.

    Қылмыс әлемінің «серкелеріне» серт бере күрескен жазушы кітаптарының бірнеше рет қайта басылып, таралымы өсе түсуі қоғамдағы дертке қарсы көпшіліктің қолдауын алды деген сөз. «Рухани жаңғыру» кезеңі, мүмкін осы кезеңде нақтылық сипат алған болар. Қоғам өміріндегі жақсыға қарай жаңғырудың алғышартарын түзген туындылары әлі күнге пәрменді, салмақты, үкімді болатыны содан екені даусыз.

    Осылардың  бәрі жақсылықпен жүзеге асуы үшін «Солдат соғысқа кетпей», отбасында, Отанында халқына, қаламына сүйеніп, бақытты ғұмыр кешіп, Тәуелсіздікке тәу ете қызмет жасасын. Тәуелсіздік туы туған елдің көгінде желбіресе, қаламгердің азаматтық келбетіне елі елжіресе жазушы бақыты деген сол емес пе! Жаңарған Қазақстанға жабыла ұмтылған жұртымыздың әділдікке деген үмітінің алауын бұған дейін жағып кеткен жазушы Кемел Тоқаевты халық сол үшін құрметтеп, әз есімін жадында ұстайды. Халық жады – қымбат қазына.

    Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,

    Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты

    Ұсынымдар

    Еліміздің мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

    Еліміздің мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды

    2 years ago
    Ауыл жұрты алаңдаулы

    Ауыл жұрты алаңдаулы

    3 months ago
    Мұғалім –  мектептің жүрегі

    Мұғалім – мектептің жүрегі

    7 months ago
    Қоғамдық тыңдау – даму кепілі

    АЭС-ке қатысты референдум өткізуге қажетті барлық сараптама бар – Министр

    2 years ago
    «Ұлттық киім- ұрпаққа мұра»

    «Ұлттық киім- ұрпаққа мұра»

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>