Еліміздің аграрлық саласында Алматы облысының өзіндік орны бар. Аграрлық саладағы мәселелердің бірі – егіс алқаптарына түрлі зиянкестерден төнетін қауіп және оның алдын алу. Бүгінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарын шегірткелерден қорғауға бағытталған кешенді іс-шаралар жалғасуда. Биыл өңірдегі аса қауіпті зиянды жәндіктерге қарсы күрес аясында 1 874 930 гектар жерге мониторинг жүргізу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазіргі кезеңде 873 460 гектар жерге тексеру жүргізілуі тиіс, оның ішінде 799 000 гектар – үйірлі шегірткелердің, 74 460 гектар – саяқ шегірткелердің таралуы ықтимал аумақтар. Бүгінге дейінгі мониторинг нәтижесінде шегірткелердің жаппай таралуы мен экономикалық зияндылық шегінен асқан жағдайлар анықталған. Қазір жалпы 113 997 гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Аталған химиялық өңдеу жұмысына «ЗаРаГранд» және «AVIASILA» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тартылып, барлық жұмысқа 201 адам және 1 жеңіл ұшақ, 5 жеңіл әуе кемесі, 2 дрон, 46 автокөлік жұмылдырылған.
Осылайша қауіпті зиянкестерге қарсы күрес облыста жүйелі әрі қатаң бақылаумен жүргізілуде. Арнайы мамандар мен техника күшімен жүзеге асырылып жатқан бұл іс-шаралар ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғауға, өнім сапасы мен көлемін сақтауға бағытталған.
Бүгінде ел аумағында шегірткенің үйірлі және үйірлі емес түрлері таралған. Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері секілді үйірлі шегірткелерден қорғану шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Ермұрат МҰҚЫРБАЙ