Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен еліміздің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін ірі жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Осыған орай апта басында «Алматы – Бішкек» автожолының «Алматы –Қаскелең» учаскесін күрделі жөндеу аясында кеңейту жұмыстарының ресми басталуына арналған салтанатты шара өтті.
Бұл күні «Алматы – Бішкек» автожолының 22-шақырымында орналасқан жанармай құю бекетінің айналасы қарбалас тірлігімен ерекшеленді. Жол салу жұмыстарын жүргізуге арналған ірі техникалар сап түзеп, арнайы құрылған ақ шатыр маңында жиылған адамдар қарасы молынан көрінеді. Бұл – өңір үшін аса маңызды күре жолдың кеңейтілуін көптен күткен жұртшылықтың тілегіне сай жақсылықтың нышаны болатын. Себебі, күн сайын қалаға қатынап, нәпақасын Алматыдан тауып жүрген аймақ тұрғындары үшін таңертең мен кешкі кептеліс уақыттары жүйкелерін жұқартып, көптеген жайсыздық туғызатын еді. Енді осы мәселенің түйіні шешілетін шаруа бастау алды.
Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев алдымен Алматы қаласы мен облысына тең тиесілі жолды кеңейту жұмыстарының басталуымен құттықтады.
– Заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Қолға алынған бұл жоба да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бастамасымен жүзеге асырылып отыр. «Алматы – Бішкек» күре жолы еліміздің аса маңызды транспорттық дәлізі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Бүгіндері бұл жолмен Алматы қаласына күн сайын 70 мыңнан аса көлік қатынайды. Қолданыстағы төрт жолақты магистраль мұндай көлемдегі көліктерді кедергісіз жібере алмайды. Осының себебінен кептелістер пайда болып, адамдардың уақыты мен денсаулығына, көліктердің техникалық жағдайына кері әсерін тигізуде. Міне, сондықтан аталған учаскеде сегіз жолақты жол, екі транспорт айналымы, жаяу жүргіншілер көпірі, жол жиегіне жүргіншілер жолы салынатын болады. Аталған жоба жүзеге асырылғанда «Алматы – Бішкек» бағытындағы қатынас әлдеқайда жеңілдеп, жолдың көлік өткізу қабілеті еселеп артатын болады. Бұл, түптеп келгенде, жол қауіпсіздігін жақсартып, кептелістердің алдын алады, – деді ол.
Алмасхан Бауыржанұлы өз сөзінде алматылықтардың қауіпсіздігі мен тұрмыс жайлылығы үшін Алматы қаласында жасалып жатқан жол құрылымдары да туралы мәлімет беріп, құрылысқа қатысушы барлық мердігердің жұмысына сәттілік тіледі.

Осыдан кейін мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы соңғы жылдары Алматы англомерациясы төңірегінде жол қатынасы бойынша туындап отырған қиындықтарға тоқтала келіп, Алматыдан Бішкек бағытына шығатын осы учаскенің мәселелерін тарқата айтып берді. «Соның бірі – жол құрылысына қажетті 100-ге жуық жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі. Бүгіндері бұл бағытта мақсатты жұмыс жүргізіліп, қажетті қаражат бөлінген. Еліміздің транспорттық әлеуетін арттырып, экономикамыздың өсуіне ықпал ететін бұл жоба келесі жылдың соңына дейін бітеді деп жоспарланған. Сондықтан өңір үшін өте маңызды жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тілегім келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Келесі болып сөз алған «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Иманшаев елімізде жолды күрделі жөндеу мен жаңадан салу бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Соның қатарында «Қонаев – Күрті» тас жолы заманауи талаптарға сай жасалып, пайдалануға беріліп отыр. Алдағы жылы осы сияқты «Алматы – Талғар» жолын да кеңейту жоспарланған. Ал Алматы мен Қаскелең аралығындағы сегіз шақырым жолды кеңейтіп, айналма жолдармен, жүргіншілер көпірлерімен қамтамасыз етуге қажетті мүмкіндіктердің барлығы жасалған. Оған қажетті техника мен мамандар өз жұмыстарына кірісіп кеткен көрінеді. Демек, бір жылдың ішінде жұмысты аяқтап, пайдалануға беріледі деп сендіре аламыз.
Осыдан кейін ұлтымыздың дәстүрі бойынша Іргелі ауылындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі Қалиахмет Көшкенбаев жақсы істің басында жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, жаңа құрылыстың табысты жүргізілуіне ақ батасын арнады.

Ендігі бір сәтте алып жүк тасығыш көліктер мен түрлі техниканың мотор үні айналаны жаңғыртып жіберді. Алдын ала дайындалған көліктер жол табанына тастар төгіп, екіншілері оны тегістеп жатты. Жол жиегіндегі ағаштарды кесіп, қосымша екі жолақтың табанын дайындап жүрген жігіттердің де қимылдары ширақ. Егер осы қарқындарынан жаңылмаса, өз мерзіміне дейін жоспарланған жұмыстар аяқталып, өңір халқы мен қонақтар жол азабын тартпайтын күн де алыс бола қоймас демекпіз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы


