Перейти к содержимому
Главная страница » Игілікті іс

Игілікті іс

     Әлемнің көптеген мемлекеті секілді Қазақстанда да еріктілер қызметін дамыту маңызды міндетке айналуда.

Еліміздегі еріктілердің қызметі жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еріктіліктің мәні – жақсы ниетпен бір нәрсе жасау. Оның біздің ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызға сәйкес келетінін білеміз.
Еріктілік – бұл жай ғана тегін жұмыс емес, азаматтардың жауапкершілігінің және әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайындығының көрсеткіші. Оны тек бір реттік сенбіліктер мен экологиялық іс-шаралар челлендждер ретінде қабылдау қате. Бұл – жүйелі және тұрақты қызмет. Егер қаласаңыз, бұл жанның қалауы және өмір салты», – деп баға берген болатын.
Осы орайда Қазақстан Республи­касы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департа­ментінің жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» Қазақстан Республикасы Үкіме­тінің қаулысымен бекітілген мемлекет­тік қызметшінің оң бейнесін қалып­тастыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында облыс көлемінде игі істерді жүзеге асыруға белсенді түрде қатысып келе жатқанын атап өткен жөн. «Еріктілер кеңесінің» мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында еріктілер қозғалысын үйлестіру және олардың бастамаларын осы саладағы заңнама талаптарына сай жүзеге асыруын қамтамасыз ету.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен исі мұсылманның ұлық мейрамы саналатын Құрбан айт мерекесіне орай «Еріктілер кеңесінің» мүшелері Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті қызметкер­лерімен бірлесіп, орталық ме­шіттің абаттандыруылуына үлес қосты. Осылайша, аталған кеңес құрамындағы және департаментте қызмет атқаратын мемлекеттік қыз­метшілер Алла үйінің ауласында арнайы ыдыстарға гүл көшеттерін отырғызып, абаттандыруға үлес қосты. Мемлекеттік қызметкерлердің қос мерекеге орай құлшылық үйіндегі экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізетін сауапты амалына мешіт ұжымы ризашылығын білдірді.
– Мемлекеттік қызмет – елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан құрылған «Еріктілер кеңесі» атқарып жатқан игі істер – соның айғағы. Облыстық мешіттің абаттандырылуына қолдау көрсетіп, имандылық ордасына жанашырлық танытып жүрген мем­лекеттік қызметкерлерге жамағат атынан шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – рухани құндылықтарға деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Осындай өнегелі істер ел еңсесін көтеріп, көпке үлгі болары сөзсіз, – деді облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ