Асылбектің тепкен добы табан астында он екі қабатты үйді дүр сілкіндірді. «Не деген қуатты соққы?» деп отырған боларсыздар. Иә, осал тебіс емес. Бірақ үлкен үйдің шырқын бұзған аяқ қуаты емес, бірінші қабаттағы пәтердің терезесіне тиген добы. Абырой болғанда терезеге орнатылған темір тордың арқасында әйнек шағылған жоқ. Әуелде «Не сұмдық мынау? Доп ойнайтын жер таппай қалдыңдар ма?» деген әйелдің ащы дауысын бүкіл үй естіді. Артынша уатсаптағы ортақ чатқа жан бітті.
«…Тәрбиесіздер», …Ата-анасын сотқа тарту керек», …Бүгін терезе сындырса, ертең бомба жарар…» деген сияқты небір сөздермен қара аспанды төндіріп жатыр. Мұндай оқиға бұл үйде жиі қайталанатын құбылыс. Тізе берсең өңшең тәртіпсіз, бұзақы балалар тұратын қараң қалған мекен бе деп қаласың. Бәрі тулайды да жатады. Өкініштісі «Өй, бала деген ойынмен өспей ме? Осыларға бір алаң жасап беретін кім бар осы?» деген жанашыр сөз әзірге ешкімнің аузынан шыққан емес. Расында бұл төңіректе ондай алаң жоқ еді.
– Асылбек, есіңде ме, – деді сыныптасы Айдана ата-анасынан ұрыс,
көршілерінен сөз естіген сыныптасының ұнжырғасын көтермек болып, – «Құқықтану» сабағында ағай: «Әр баланың дене шынықтырып, спортпен айналысуына құқы бар. Заңға сәйкес мемлекет соған жағдай жасап беруге міндетті», – деді емес пе?
– Еееее, ол сабақ қой, – деп сүлесоқ жауап қатты доп тебем деп бәлеге
қалған Асылбек, – заңды кім орындап жатыр?
– Кел, соны тексеріп көрейік.
– Иә, саған. Әкімің тыңдай қапты.
Дегенмен екеуі ұзақ ақылдаса келе аудан әкіміне хат жазып, спорт алаңын салып беруін өтінбек болды.
«Құрметті, әкім! Бізге спорт алаңы керек. Осы маңайда тұратын бізден басқа да балалардың футбол, волейбол ойнап, спортпен шұғылданғысы келеді. Сол себепті арнайы алаң тұрғызып беруіңізді сұраймыз» деп жазды да астына екеуі аты-жөндерін тіркеп, қол қойды.
– Тым қысқа емес пе? – деді Айдана.
– Мүмкін, басында «елқамды, ұлтжанды азаматсыз» деп мақтап алу керек шығар? Басшыларға хатты сөйтіп жазатынын көргем бір жерден, – деді Асылбек. Айдана жақтырмай қалды.
– Ұят емес пе, адамды бетіне мақтау. Жарамсақтанған сияқты болмайық.
Екеуі хатты қалай жазу керектігін біраз талқылап, ақыры «Құқықтанудан» беретін ағайымен ақылдасатын болып келісті.
Мұғалімі екеуінің бұл әрекетіне риза болды. Мақтап, мақтап, хатты жақсылап тұрып өзі жазып бере салды.
– Поштамен жіберейік пе?
– Өз аяғымызбен апарып бергеніміз жөн шығар.
Екеуі әкімшілікке келіп конверттегі хатты
«Азаматтардың жеке өтініштері» деген жәшікке салып кетті. Енді сарылып жауап күтіп жүр. Арада айлар өтті. Хат ұмытылайын деді.
Бір күні күтпеген жерден тұрғындармен кездеспек болып, аулаға аудан әкімі келеді деген хабарландыру тарады. Оны естіп Айдана мен Асылбек те барды. Халық көп жиналыпты.
– Қалай ойлайсың, Асылбек, – дейді Айдана, – Өткендегі хатымызды алды ма екен? Алмаған болса, осы кездесуде айтып қалайық өтінішімізді.
– Дұрыс, айтайық. Әкімді күнде көре бермейміз ғой – деп қолдады Асылбек.
Сөйтіп тұрғанда жиналғандардың сауалдарына жауап беріп жатқан әкім:
– Құрметті халайық! Араларыңызда Айдана және Асылбек деген
балалар бар ма? Келді ме екен бүгінгі кездесуімізге? – демесі бар ма.
Қаумаланып тұрған жұрт «олар кім болды екен» дегендей жан-жақтарына қарасты.
Асылбек өз құлағына өзі сенбей аңырып тұр.
– Келдік, бармыз, – деп қасындағы Айдана батыл саңқ етті де
Асылбекті жетектеп, өздеріне ошарыла қараған топты жарып өтіп, әкімнің қасына жетіп барды.
– Мен, – деді әкім екеуін иықтарынан құшақтап, дауысын көтере сөйлеп, – Осы екі баланың өтініші бойынша келіп тұрмын. Бұлар «спорт алаңы керек» деп өздері құралыптас балалардың атынан хат жазыпты әкімдікке. Жәй хат емес, Конституциядағы «Балалар туралы» Заңның тиісті баптарындағы өз құқықтарын дәйектей отырып, бұлтаруға жол қалдырмайтын өтініш әкеліпті. Бізге де, бізден де жоғары басшыларға балалардан келген хат қатты әсер етті. Сауатты, заң жүзінде өз құқытарын талап ете білетін Айдана мен Асылбектің арқасында ендігі жылы спорт алаңдарыңыз болады. Ал басшылық екеуіне азаматтық позициясы үшін алғыс айтып, осы жауапты жеткізу үшін мені сіздерге арнайы жіберді.
– Мәссаған, бізде ондай да балалар бар екен ғой.
– Бәрекелді.
– «Ақыл жастан» деген. Жарайсыңдар, балалар!
– Бақытты болсын, айналайындар! Көп жасаңдар!
– Қазіргі балалар ақылды, білімді ғой, – деп екеуіне алғыстарын жаудырып, ағынан жарыла баталарын беріп жатыр жиналғандар.
– Хатымызға әлгі мен айтқан мақтауды қосып қойғанымызда әкіміміз бұдан да ертерек келер ме еді, Айдана, а? – деді Асылбек.
– Қайдағы мақтау, «Құқықтанушы» ағайдың құдіреті ғой, – дейді Айдана.
Содан кейін жылдан астам уақыт өтті. Енді міне, Заң колледжінің студенттері Айдана мен Асылбек спорт алаңының ашылу салтанатына келе жатыр. Олар әлі күнге дейін хатты «Құқықтану» ағайы жазып бергенін ешкімге айтқан жоқ. Ең жақсысы үйде де, үй чатында да бейбітшілік орнады.
Мұрат Қожамқұлов