Мұражайдағы жәдігерлер – көне тарихтың куәсі. Сол арқылы жас ұрпақ танымын арттырып, ой-өрісін кеңейтеді. Кеген ауданындағы тарихи-өлкетану музейі де өткенді зерделеп, болашаққа бағдар беруде өз міндетін атқарып келеді.
Аталған мұражайдың ғылыми қызметкері Меруерт Ермағамбетқызының айтуынша, қазіргі таңда ғылыми мекемеде 2249 экспонат бар. Онда өлкетануға қатысты деректер көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған құнды жәдігерлер жинақталған. Соның ішінде осыдан екі жыл бұрын Кеген ауылынан он шақырымдай жердегі ежелгі Құмтекей ескі қалашығының орнынан табылған тас мүсіннің алар орны ерекше. Тылсым таста бауырына сәбиін басқан Ана мен бала мүсіні бейнеленген.
Мүсінді Айбек Оспанов есімді ауыл тұрғыны тауып алған. Ол осыдан төрт жыл бұрын Құмтекейдегі иен даладан тракторымен үйіне құм басып алып келеді. Құмды үйінің маңына әкеліп төккенде арасынан осы тас мүсін шыққан. Табылған ерекше жәдігерді ауыл тұрғыны аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізген.
– Мұражайда 2023 жылы Құмтекейден табылған, баласын құшағына алған ана бейнесіндегі тас мүсіннің жөні бөлек. Тас мүсіннің биіктігі – 38 см, ені – 35 см, салмағы – 26, 929 келі. Құмтекей деген атаудың өзі тарихи мекенді құм басқаннан кейін пайда болуы әбден мүмкін. Мұны ғалымдар да жоққа шығармайды. Көптеген зерттеу жұмысында бұл мекен Үйсін мемлекетінің астанасы Чыгу қаласы деп көрсетіледі. Бірақ кейіннен қала күйреп, елдімекеннің барлығын құм басып қалған, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Меруерт Ермағамбетқызы.
Ғалымдардың айтуынша, Үйсін қалаларының бірі болған Құмтекейдің қойнауы тарихи құнды жәдігерге толы. Сондықтан тылсым тас зерттеуді қажет етеді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы