Ол уақытта атағын алыстан естіп, жырларын жастана оқитын ақын ағамызды Жазушылар одағында өтіп жататын түрлі шараларда сыртынан көріп сүйініп, реті келсе жиналыс соңынан қалың көпшілікпен бірге келіп имене сәлем беруден әріге бара алмайтын балаңдау кезіміз еді. «Жастықтың мініп тұлпарын» демекші, қызметтің арасында топты үйлестіріп, той басқаратын да әдетіміз болатын. Бірде үйлену тойының тізгінін ұстадым. Тойдың төрін толтырып, ел назарын ерекше өзіне аударған екі тұлға ерекше есімде қалыпты. Біріншісі –Балғабек Қыдырбекұлы, екіншісі – Тұманбай Молдағалиев.
Тұманбай ағаға сөз берерде тілімнің ұшына оралған сондағы төрт жол өлең мынау еді:
Сызылған қыздай қылықты,
Тұманбай ағам біртуар.
Тұманбай сынды талантты.
Ғасырда қазақ бір туар.
Бұл осыдан отыз бес жыл бұрынғы ақын ағама арнаған ең алғашқы лебізім.
Жылжып жылдар өтіп жатты.Тұмағаммен жүздесіп, сұхбат құруды армандап жүргенде ол кісімен жақын араласып, тереңірек танысуыма мүмкіндік табылды. Оған себеп болған өзімнің ұстазым, аға досым, белгілі ұста, қолөнер шебері «Жарасқан басыңдағы қырауың да,
Өзіңсің ақыным да, жырауым да.
Туылған менен кейін жарық сәуле,
Қазатком деп аталған бір ауылда» – деп жыр арнаған ақынның жерлес бауыры Дәркембай Шоқпарұлы болатын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, сол Дәркен ағамның арқасында ұлтымыздың небір ұлағатты тұлғаларымен танысқаным бар.
Кейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілген шығармашылық кештерде ақын ағаның алдында өлең де оқитындай дәрежеге де жеттік. Қасында жүрдік. Сондағы аңғарғаным, Тұманбай аға бір сәтке де өлеңсіз өмір сүре алмайтын, өзгеше жаратылған жан екендігіне көзім анық жетті. Елін, жерін емірене сүйді. Тау-тасты, өзен-көлді, айлы түнді, күлімдеген күнді, жымыңдаған жұлдызды, бір-біріне ғашық болған сыршыл жастарды, тамылжыған табиғатты, мейірім мен шапағатты, мәңгі өлмейтін махаббатты, бәрін жырына арқау етті. Бір сөзбен айтқанда, бұл – Тұманбай ақынның өлеңге деген өлшеусіз берілгендігі, өмірге деген сүйіспеншіліктің шынайылығы еді.
Ақын ағамыздың өз сөзімен айтар болсақ, ғашық бола білген жанның ғана бойынан жылуы мәңгі жоғалмайды, қызығы тоналмайды, бақыты жоғарылайды. Адамдарды шексіз сүйгендіктен туған жақұт жырларын жіпке тізген маржандай етіп, ішке бүккен мұңын да, сырын да оқырманның алдына жайып салады. Тұмағамның жүрегінде жасырын сыр қалмайды.
Жаратушы ием өнер атты киелі ұғымнан әр адамға үлестіріп бергенде – біреуге мысқалдап, біреуге тұспалдап, біреуге үйіп-төгіп беретіні секілді Тұманбай атты ұлына жырды аямай дарытқан.
Келем кейде Алматымда жаяулап,
Келем кейде көше бойлап, ой аулап.
Жапырағын баяу ғана қозғайды,
Түніменен ұйықтамаған, ұйықтамаған ояу бақ,
немесе:
Жұлдыздар жерге жақындап.
Байланып қалған секілді.
Қаз-қатар өскен тату бақ,
Ойланып қалған секілді, – дейді ақын.
Мұндай сұлу суреттерді суыртпақтап тарта берсең түгесіп болмайсың. Шумақ-шумағымен шыға береді, шыға береді. Бұл шынында ғасырда ғана бір туатын Тұманбай сынды біртуар таланттың ғана еншісіне бөлінген сыбаға демеске шараңыз жоқ. Өнер туралы, өлең туралы сырласқанда Тұмаш ағамның жанарынан от ұшқындап, шабыттың шаңқан бозына мінгендей шамырқанып шарқұрып, шабыттанған кезінің де куәсі болдық.
– Поэзияның перзенті боламын дегендерге айтарым, ең алдымен шынайылықты, тазалық пен мөлдірлікті, мейірімділік пен махаббатты мейлінше меңгеруің керек. Өлең – қасиетті сезім. Ал тазалық жоқ жерден қасиет қашады. Осындай қасиетің болмаса, өлең шіркін өзінің отарбасынан сені ерте түсіріп кетеді. Талантың мен тазалығың болмаса, айдалада адасып қаласың. Құдай ақындарымызды осындайдан сақтасын! Сондықтан да өлең деген айналайынмен абайлап сөйлескен жөн, – деп отыратын.
Бірде белгілі ақын Темірше Сарыбайұлы «Балдырған» журналында қызмет істеп жүргенде бас редактор, өзінің бастығы Тұманбай ағаның бөлмесіне кіреді. Қарбалас жұмыс үстінде қағаздарын қобыратып отырған Тұманбай ағам кенеттен:
– Әй, Темірше, сен естіген жоқ па едің? Ертең Алматы қаласына арнап өлең жазған ақындардың жыр мүшәйрасы болады. Соған сен қатыспайсың ба? – дейді.
– Ой, Тұмаға, Алматыға арнаған менің өлеңім жоқ қой, оған қалай қатыспақпын? – деп тығырыққа тірелген Темірше інісіне Тұмағаң:
– Қанша жыл осы ару қала, әсем қала Алматыда тұрып, қызмет істеп жүріп өлеңім жоқ дегенді менен басқа ешкім естімесін. Жоқ болса жазасың. Сен ақын емессің бе? Жақсы ақынсың. Жаз. Бүгін отырып жаз, – депті бұйыра сөйлеп.
– Әңгіме осымен бітті.Тұмаш ағамның бөлмесінен арқама бір ауыр жүк арқалағандай қалың ойға қамалып әрең шықтым. Ағаның маған айтқан сын-ескертпелері, ертеңгі жыр сайысының сынағы және ол кісінің маған деген мейірі мен пейілінің ауып сенім арта сөйлеуі, еріксіз жазу сөліне байлады. Бұрыннан да пісіп-жетіліп қалған тың ойларымның сыртқа лықсып төгілуіне Тұманбай ағам түрткі болды. Өлең жарықтық өзінен-өзі төгілді. ..Желкілде жырдың шудасы,
Шапшышы, шалқып көкке өлең.
Бабамның әппақ бурасы,
Бұл жерге тегін шөкпеген.
… Алматы дейміз әсілі,
Алланың нұры жауған жер, – деп келетін жыр жолдарым ертесінде-ақ топты жарып, жыр мүшәйрасының бас жүлдесін жеңіп алды. Мұның бәрі Тұманбай аға секілді жан жылуын жанына таратып жүретін тума таланттың қамқорлығымен қол жеткізген жетістігім болатын, – деп Темірше сол сәтті жиі еске алушы еді. Енді міне, екі ақын да арамызда жоқ…
Табиғаттың тамыршысы, махаббаттың жыршысы атанып, сонау алпысыншы жылдардағы қазақ лирикасына жыл құсындай жаңалық болып келген Тұманбай ақынның кез келген туындыларын тамсанбай, таңданбай оқу әсте мүмкін емес. Ол адами асыл қасиеттердің нәзік те нәрлі болмысы мен оны дәл жеткізудің тиімді формасын таба білген талант. Ол адаммен ғана емес, аңмен де, құспен де, ағашпен, таумен, таспен, сумен де сырласып, тылсым сырдың тереңінен тіл қатады. Өлеңімен өрнектелген ерекше бір шеберлігімен сезімтал жүрегінің лүпілін тыңдатады. Бұл Тұманбай ақынның мол дарыны мен таусылмас қажыр-қайраты. Сарқылмас күш-қуаты.
Ренжітпедім мен елді,
Кезегі келсе қуанттым.
Арқасы бәрі мендегі,
Беделі ұшқыр қуаттың, – деп өзі жырлаған сол күш-қуат кісілігіне қылау түсірместен қарыштап алға ұмтыла беретін ақын ағаның бойынан да, ойынан да еш сарқылып көрген емес.
Ол арқырап ағып, асып-таспайтын, арнасын бұза-жарып қашпайтын, қалыбынан танбай шымырлап ағатын қара Ертістің суындай қазынасы мол жырымен жұртының жүрегінің жылуына оранды. Өзгеше бір сағынышпен тыңдаған құлақтың құрышын қандырып, жүректің отын жандырып, әсерлі бір ырғақпен әсем әнге салдырып, жаныңды нұрға малдырып, таудан аққан бұлақтай сылдырлап ағып жатса да сарқылмайтын дарын иесі болатын.
Боламын кейде бір емен,
Бойымен көкті тіреген.
Боламын кейде ағын су да мен…
Бұл – нәзік жанды ақын болмысының, сәби жүрегінің табиғатпен тірі адамша тілдесіп, сөйлесе алуының бір көрінісі ғана. Мұндай өлеңді біресе асқақтаған тәкәппар тауға, біресе миуасы төгілген бауға, біресе сыңсыған қалың нуға, енді бірде арнасында жөңкіген мөлдір суға теңемеу мүмкін емес.
Өлең болып жаралған, өміріне асыл жырдан нәр алған Тұманбай ақынды өлеңінен ешкім бөле қарамайды. Қаламгер өлең деген киелі ұғымның ажырамас бір бөлігіне айналып кеткен өнерпаз. Ақын еңбектерін санамалап отырсақ, «Студент дәптерінен» бастап өмірінің ақырына дейін шығарған жинақтарының саны елуге жетеді екен. Оның бер жағында, 2002-2004 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Қазығұрт» баспасынан әрқайсысының көлемі отыз бес баспа табақтан тұратын он төрт томы жарық көрді. Кейінгі шығармалар жинағы жиырма төрт томды құрайды. Бірінен бірі қымбат құнды дүниелер.
Әй, өлең-ай, әй, өлең-ай, өлең-ай,
Нағашым-ай, ағашым-ай, бөлем-ай!
Әуре болып жүр ғой әлі біреулер,
Мені сенен, сені менен бөле алмай, – дегені осыны меңзейді.
Заманының заңғар ақыны атанып, кейінгі толқын інілеріне қамқоршы ұстаз, ақылшы аға бола білген Тұмаш ағамыз алдыңғы толқын аға буынға құрметін аяған жоқ. Тұманбайға да, Мұқағалиға да ақ батасын беріп, әкесіндей қамқорлық жасаған Әбділда Тәжібаев атамыздың сөзімен естелік мақаланы түйіндеуді жөн көрдім.
«Тұманбай екеумізді тағдыр өзі қосты. Мен – аға, ол іні болып табыстық. Біріміздің көзімізге екіншіміз махаббат көзіменен қарадық. Ешнәрсені айтпай-ақ, бірімізге біріміз жақсы сөздер айтпай-ақ ұғыстық. Бұл Тұманбай – таңғажайып ақындығымен қоса таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін ғана туған. …Мен жалпы Тұманбаймен достығымды өзіме ерекше мақтаныш етемін. Жасасын Тұманбай!» Бұдан артық қандай баға бар?!
Камнұр Тәлімұлы
ақын, сазгер,
ҚР білім беру ісінің үздігі