Билік пен халық арасында алтын көпір болып жүретін журналистер қауымының атқарып жатқан қызметі қашанда зор. Шерхан Мұртаза ағамыз «Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деп баға беріп кеткен осынау қиын да қызықты саланың жүгін көтеріп жерген журналистер қауымын алдағы Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист – жасампаздық жаршысы екенін атап өтті.
– Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді. Мен бүгін бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекетімізде ауқымды өзгерістер жасалуда, маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Осыдан 3 жыл бұрын жалпыұлттық референдум арқылы Конституциямызды жаңғырттық. Мемлекеттің бүкіл саяси жүйесін өзгертетін тарихи қадамдар жасадық. Елімізде «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Өкілді биліктің құзыреті күшейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі артты. Конституцияға сәйкес билік тармақтары түгел жаңғыртылды. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайлана бастады. Билікке саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдау ісіне белсене араласатын болды. Қоғамда пікір алуандығы орнықты, яғни, өз ойын заңға сәйкес айта алатын, көкірегі ояу, өркениетті қоғам орнығуда. Халқымыздың мүлде жаңа саяси болмысы қалыптасты. Заң мен тәртіп тұжырымдамасы қоғамымыздың сана-сезімінің ажырамас бөлігіне айналып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастағанына тоқталды. Озық ойлы ұлт болып, көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керектігін еске салды. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, мақсатымызға жететінімізді де алға тартты. Ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүргенін жеткізді. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін реформаның қозғаушы күшіне теңеді. Билік те, баспасөз де ел игілігіне қызмет ететінін, мемлекетіміздің мақсаты – биік, бағдары – айқын, ол – Әділетті, Қауіпсіз, Өркениетті және Таза Қазақстанды құру екенін ортаға салды.
Қазіргі таңда жасанды интеллект технологиялары мемлекеттің табысты дамуының басты факторына айналып отырғаны да айта кетті. Өркениет көшінен қалмау үшін инновацияны барлық салаға қарқынды түрде енгізу қажеттігі туып отырғанын, жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде журналистикаға да жаңа талаптар қоятынын атап өтті. Алайда бұл өзгерістер журналистиканың мүмкіндіктерін, екінші тынысын ашуы әбден мүмкін екенін, қазірдің өзінде жаңа нейрожелілер сұранысқа ие бірегей контент өндіру үшін қажет ақпаратты іздеп, талдай алатын пайдалы құралға айналып отырғанын алға тартты. Отандық журналистер әрдайым шығармашыл, жаңашыл әрі дамуға құштар екенін, жаңа технология мүмкіндіктерін толығымен пайдалана алатындарын, бүгінде елімізде медиасаланың, соның ішінде блогосфераның қанат жаюына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
Президенттің айтуынша, алмағайып заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет.
– Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі қайраткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен мәслихаттарда табысты еңбек етуде. Сондай-ақ жергілікті және орталық атқару органдарында қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Бұл журналистің бесаспап мамандық иесі екенін анық көрсетеді, – деді ел Президенті.
Жиынға ақпарат саласының ардагерлері арнайы шақырылғанын да атап өтіп, Сауық Жақанова, Жарылқап Бейсенбайұлы, Шархан Қазығұл сынды журналистика майталмандарының есімін ілтипатпен атады. Олардың ұлттық ақпарат саласын дамытудағы зор еңбегіне тоқталды. Бұдан соң Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрге сай журналистерге Президент сыйлығы мен гранттарын тапсырып, алғысын жариялады. Сонымен қатар медиа саласының өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттады. Бұл қатарда Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің Еңбекшіқазақ ауданы бойынша меншікті тілшісі Айгүл Габсаттарова да бар.
Салтанатты шарада сала ардагері Шархан Қазығұл, «Казахстанская правда» газетінің бөлім меңгерушісі Юлия Магер және «Хабар» телеарнасының жүргізушісі Гүлнәзия Зарипова сөз сөйлеп, тілшілер қауымының еңбегін елеп-ескеріп жатқан ел Президентіне алғыстарын жеткізіп, журналистиканың толғақты мәселелерін де ортаға салды.
Алма ЕСЕНБАЙ




