ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыс тұрғындарымен кездесті. Жиынға ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының өкілдері, басқарма басшылары және аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Ең алдымен Әлібек Жұмабекұлы министрлік тарапынан сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Отын-энергетика кешеніндегі қазіргі жағдай мен өңірді газдандыру мәселесіне тоқталды. Вице-министрдің айтуынша, биылғы жылдың 6 айында аймақ 3,4 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіріп, 6,1 млрд кВтсағ электр энергиясын тұтынған. Облысты электр және жылу энергиясымен Алматы ЖЭО-3 және Мойнақ ГЭС-і қамтамасыз етеді. Олардың белгіленген электр қуаты 837 МВт-қа тең.
Алматы облысы республикада жасыл энергия өндіру бойынша 2-орынға тұрақтаған. Оның жалпы қуаты 374,4 МВт құрайды. Анығын айтсақ, қуаты 146,5 МВт 10 жылу электр стансасы, 67,58 МВт 8 су электр стансасы және 160,35 МВт 6 күн электр стансасы бар. 2030 жылға дейін қуаты 75,7 МВт болатын 12 нысан салу жоспарланып отыр.
Жиында вице-министр облыс аумағын көгілдір отынмен қамту көрсеткішіне де тоқталды. Бүгінгі таңда газдандыру деңгейі 77,7 пайызды құрайды немесе шамамен 1,2 млн тұрғын көгілдір отынмен қамтылған. Жоспар бойынша биыл 3 елдімекен газға қосылады. Сондай-ақ Әлібек Жұмабекұлы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу жайын түсіндірді. Алматы облысының шаруаларына көктемгі дала жұмыстары үшін 4,7 мың тонна дизель отынын беру көзделгенін, оның бүгінде 3,4 мың тоннасы немесе жалпы көлемнің 72 пайызы тиеп-жөнелтілгенін жеткізді. Кездесуде сұйытылған мұнай-газ сату жайы да сөз болды.
– Сұйытылған мұнай газының белгіленген бағасының төмен болуына байланысты елімізде отынның осы түрін тұтыну деңгейі артты. Қазіргі уақытта Алматы облысы бойынша сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 102-107 теңгені құрайды. Біз сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек сауда бағасын белгілеу арқылы құнының күрт өсуін болдырмау, тұрақтылығын сақтау үшін алыпсатарлыққа жол бермеуді қамтамасыз етіп келеміз. Жергілікті жанар-жағармай құю стансаларында бағаның негізсіз өсуін болдырмау және азаматтардың арыз-шағымдарына жедел ден қою үшін кәсіпкерлікті қолдауға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жанында аумақтық бәсекелестікті қорғау және дамыту, экономикалық тергеп-тексеру, мемлекеттік кірістер, табиғи монополияларды реттеу жөніндегі аумақтық департаменттерінің қатысуымен жанар-жағармай материалдары жөніндегі өңірлік штабтар жұмысы жандандырылды, – деді Әлібек Жұмабекұлы.
Басқосуда жиналған қауым өзекті мәселелерді ортаға салып, вице-министрге ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Талғар ауданының Нұра, Қонев қаласының Шеңгелді ауылының тұрғындары газбен қамтамасыз ету жұмысын жеделдетуді, ал Еңбекшіқазақ ауданынан келген кәсіпкер электр энергиясының тарифін төмендетуді сұрады. Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов пен облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков кездесуде көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
– Біз мәселелерді уақытылы шешу үшін бар күшімізді саламыз. Сонымен бірге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Е-өтініш» электрондық жүйесі құрылғанын айта кеткім келеді. Бұл – азаматтардың өтініштерін қабылдауға және өңдеуге арналған бірыңғай платформа. Осы жүйе арқылы сұрақтар жолдай аласыздар, – деді кездесуді түйіндеген Әлібек Жамауов.
Есептік кездесуден кейін вице-министр азаматтарды жеке қабылдады, оның аясында тұрғындар бірқатар өзекті сұраққа толық жауап алды.
Ерзат АСЫЛ