Кеген ауданында бірқатар жаңа ғимарат бой көтеруде. Осыған орай аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, орынбасары Медет Исаев және құрылыс бөлімінің басшысы Дархан Маусымбаев құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен көшелерді жарықтандыру және жол жөндеу жайына назар аударды. Биыл Шырғанақ ауылындағы 11 көше жөнделмек. Қазіргі таңда ескі асфальт жабындысын қыру және су өтетін құбырларды ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Маусым айының басында асфальт жабындысы төселеді деп күтілуде.
Бұдан соң аудан әкімі наурыз айында құрылысы басталған Кеген ауылындағы өрт сөндіру депосына барды. Облыстық құрылыс басқармасы тарапынан Кеген ауылынан 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылыс жұмысын аяқтауға қажетті қаражат бөлінген. Өңір басшысы мердігер мекеме өкілдерімен жүздесіп, жұмыс қарқынын әлде де күшейту қажет екенін айтты.
Мұнан кейін құрылысы таяуда бастау алған аудан орталығы Кегенде бой көтеретін ауыл атауы жазылатын арканың жасалу барысын бағамдады. Аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы жауапты тұлғаларға жүргізіліп жатқан құрылыстың сапасы мен уақытылы аяқталуы қатаң бақылауда болу керектігін және ешқандай кемшіліктің орын алмауы қажеттігін ескертті.
Биыл күзде Тасашы ауылында жаңа әкімдік ғимараты қолданысқа беріледі. Аудан әкімі бұл нысанның жұмысын да көзбен көрді.
Мердігерлердің айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы қолға алынған. Нысанды күзде пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Құрылыс жұмысы сәуір айында басталды, салынып жатқан ғимараттың аумағы 3 га құрайды. Жобаға сәйкес конференц залы, жұмыс бөлмелері бар. Сондай-ақ ғимараттың аумағы жасыл-желекпен абаттандырылып, орындықтар мен жарықшамдар орнатылмақ.
Ғимаратты аралап көрген аудан басшысы мердігер компанияның өкіліне құрылыстың баяу жүргізіліп жатқанын, соған орай жұмыс күшін арттыру қажеттігін айтты. Ал аудандық құрылыс бөлімінің басшысына, орынбасары Медет Исаевқа жұмыстың жоба талаптарына сай жүргізілуін және мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Анықталған кемшіліктер мен сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізіңіздер. Тапсырыс алған соң оны сапалы атқару керек. Әкімдік ғимаратының іші мен қасбетіне дейін жоспардағыдай болуы қадағаланады, – деген Нұрбақыт Теңізбаев бірқатар ескертпе мен ұсынысын айтты.
Тасашы ауылынан ауылдық әкімдік ғимаратын салуға 349,6 млн теңге бөлінген. Мердігер – «Астана-Құрылыс» компаниясы. Аталмыш компания директорының орынбасары Нұрлан Қасымбаев құрылыс жұмысы жайында баяндай келе:
– Жұмыстың 15 пайызы игерілді. Құрылыс материалдарын жергілікті кәсіпкерлерден алу ойымызда бар. Жоспар бойынша ғимараттың аяқталуы мерзімі қазан айының 20-сы, құрылыс жұмысын мүмкіндігінше одан ерте бітіруге тырысамыз. Жұмыскерлер жеткілікті, ауылдан қосымша жұмыс күшін тартудамыз. Күзетшіміз бар, 3-4 жігітті жұмысқа алдық. Өзіміздің негізгі құрам Алматы қаласынан келген жұмысшылар, – деді.
Алдағы уақытта Жылысай және Бөлексаз ауылдарында әкімдік ғимаратын салу жоспарланған.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы