«Алатау арайы» газеті Алматы облысында болып жатқан оқиғалардан хабар таратумен қатар өңірде шешімін таба алмай келе жатқан түрлі әлеуметтік-мәдени мәселені де хал-қадірінше баспасөз бетінде ұдайы көтеріп келеді. Көтеріп қана қоймай, тиісті билік орындары мен мекемелерге хат жазып, мәселенің шешімін де сұрайды. Құзырлы органдардың берген жауаптары да айна-қатесіз оқырмандарға жеткізіледі.
Мамыр айының соңында газетімізде «Қастерлі есімді қастерлей білейік!» деген тақырыппен тілшіміз Бейбіт Мекеевтің ұсыныс-мақаласы жарық көрді. Мақалада автор Қонаев қаласындағы таяуда ғана ашылған орталық жағажайға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі орнатылғанына байланысты өз ойын білдірген еді. Тілші тұтас ел аумағында аттас елдімекендердің кездесуі үйреншікті жайт, әйте де бір облыс, бір қалада сол бір атауды әр жерге бір тықпалай бергеннен не ұтамыз деген тұрғыда ой айтқан.
«Айтпағымыз, қаланың іргесіндегі су қоймасы жағалауын мемлекет меншігіне бекітіп, кірерден басқасын тегін етіп, халық демалар әдемі жағажай құрылды. Түрлі қажетті ғимараттар салынып, жағажайға тән сипат беріліп, қажетті құрылымдар қойылды. Жаңғырған жағажайға «ҚОНАЕВ» жазуы орнатылды. Бұл жағалауға келгендер, әрине, бірінші кезекте, суға шомылу үшін келеді. Жартылай жалаңаш болатынын айтып жату артық. Арасында кейбіреулерінің «отты сумен» қызара-бөртіп алатынын да өтірік деуге бола қоймас. Солар естелік ретінде суретке түседі. Димаш ақсақалдың тегі жазылған жазудың фонында! Аруақтың қаншалықты ырза екенін ешкім айта алмайды, алайда аруақ сыйлаған халықтың ұрпағына ұнай қоймасы хақ. Осы жағалауға шомылатын жерге тұлғаның есім-сойын тықпаламай, Қапшағай деп көлдің атауын қоя салса болмай ма?! Ал Димаш атамызбен суретке түсем десе, аталған жағалаудан сәл беріректе еңселі ескерткіші тұр. Қалағанынша түссін суретке!» – деп жазылған мақалада. Осы мақаланы алға тартып, Қонаев қалалық әкімдігіне жағалауға «ҚОНАЕВ» жазуын қоюдың мәнісі неде екенін сұрадық.
«Аталған жазу Қонаев қаласының туристік келбетін арттыру, қала атауы мен брендін танымал ету мақсатында қалалық жағажай аймағына орнатылған. Бұл нысан – қала тұрғындары мен қонақтары үшін фото және демалыс аймағы ретінде қарастырылған визуалды-мәдени элемент. Жазу орталық жағажай аумағында орналасқанымен, ол жағажай инфрақұрылымына кедергі келтірмейді және қала келбетіне үйлесімді етіп орналастырылған. Орнату барысында қауіпсіздік және қолжетімділік талаптары сақталған. Болашақта мұндай жобалар Қонаев қаласының көркемдік және туристік тартымдылығын дамыту аясында жалғасын табатын болады», – делінген Қонаев қалалық әкімдігі берген жауапта.
Ресми жауапқа қарасақ, жергілікті билік «Қонаев» жазуын көрнекі жерлерге орнатуды әрі қарай жалғастыра беретін сыңайлы әрі тұлғаның аты-жөні жағалауда тұрғаны ерсі емес деген ұстанымда. Біріншіден, қала басшылығының шаһардың туристік келбетін арттыру, қала атауы мен брендін танымал ету жұмыстары құптарлық іс. Қапшағай су қоймасының салынуы Д.Қонаевтың есімімен байланысты екенін барша жұрт біледі. Екіншіден, мақалада жазудың жағажай инфрақұрылымына кедергі келтіретіні немесе оның қауіпсіздік талаптарына кереғар екендігі туралы емес, тек демалыс һәм ойын-сауық аймағына мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін жазып қоюдың әдеп, мәдениет тұрғысынан қаншалықты ерсі, Қапшағай деген өзінің тарихи қалыптасқан атауын қалдыра бергеннің несі сөкеттік екені жайында жазылған.
Жауап түйінінен ұққанымыз, келешекте мұндай жобалар, яғни, Қонаев есімі қала тұрғындары мен қонақтары фотоға түсіп, демалатын визуалды-мәдени элемент ретінде қолданылып, қаланың көркемдік және туристік тартымдылығын дамыту аясында жалғасын таба бермек. Бірақ, әуелгі мақалада айтылғандай, біздің ұсынысымыз ел идеал тұтқан тұлғалардың есімдері берілген жерде, мәселен, жағалаудағы «Қонаев» сөзінің айналасында суға шомылатын жеңіл киіммен суретке түсу сияқты өрескел әрі оғаш әрекеттерді болдырмау жағына баса көңіл бөлінсе дейміз.
Басылым бақылауында
Елдегі инфрақұрылымға қатысты ең үлкен мәселенің бірі жол жайы екені бәрімізге белгілі. Халық тығыз қоныстанған Алматы облысының қай елдімекенін алсақ та, жол мәселесі өзекті. Содан да болар, жол тақырыбы мерзімді басылым бетінде жиі көтеріледі.
Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің таяудағы №53(358) санында Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы Абай көшесінің және Іле ауданының орталығы Өтеген батыр кентінің ортасынан өтетін І.Жансүгіров көшесінің әр жері ойылып, шұңқыр көбейгені туралы мақала жарияланған еді. Мақалада айтылған тұрғындардың жолға қатысты назы бойынша жолдаған сауалхатымызға Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жауап берді.
Басқарманың дерегінше, Шонжы ауылындағы Абай көшесі 2017 жылы орта деңгейде жөнделген. Одан кейін пайда болған ойықтар мен шұңқырлар жыл сайын беті жабылып, жөнделіп отырады. Қазіргі таңда Ұйғыр аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Абай көшесін орташа жөндеудің техникалық құжаттарын әзірлеу бойынша жобалық іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Бұдан соң орташа жөндеуге қатысты техникалық құжаттама әзірленіп, жобалық ұйымды анықтау бойынша конкурс өткізілмек. Ал Өтеген батыр кентінің орталығынан өтетін КВ-15 «Алматы – Жетіген – Қапшағай» су қоймасы облыстық маңызы бар жолына бүгінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарма бұл жолға 2026 жылы орташа жөндеу жүргізу үшін техникалық құжаттамасын дайындауға бюджетке өтініш берілгенін, бюджеттен қаражат қарастырылса, техникалық құжаттама әзірленіп, 2026 жылдың жоспарына енгізілетінін айтады.
Алматы облыстық «Алатау арайы» газеті басқарма берген ақпаратқа сай аталған жолдардың жөнделу барысын бақылауда ұстайды.
Дайындаған – Айбек БЕЙСЕБАЕВ