Алматы облысындағы экономикасы дамыған, ірі кәсіпорынға бай өлке – Іле ауданы. Бұл өңірге Қайыржан Жақсымбетовтің әкім болып келгеніне де алты айдың жүзі болды. «Осы уақыт аралығында Қайыржан Серікбайұлы қандай істер атқарды? Жаңа әкімнің бет алысы қандай?» деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде жүргені анық. Осыған орай аудан әкіміне жолығып, бірқатар сауалдар қойып, алға қойған жоспары мен атқарып жатқан жұмысы туралы сұрап білген едік.
– Қайыржан Серікбайұлы, өзіңіз әкім рет інде жұмысқа кіріскен жарты жылда өнеркәсіп пен өнері қатар дамыған ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік ахуалын толық саралап, күретамырын дөп баса алдыңыз ба?
– Әкімдік лауазымындағы алғашқы алты ай ішінде ауданның әр саласына терең бойлап, негізгі мәселелер мен болашақ даму бағыттарын айқындауға күш салдым. Барлық елдімекенді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың қажеттіліктері мен ұсыныстарын тыңдадық. Оның негізінде нақты істерді белгілеп, жаңа жобаларды жүзеге асыра бастадық. Әлеуметтік сала, инфрақұрылым, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы – басты басымдықтарымыз. Бүгінде ауданның экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар ауқымды істер жүзеге асырылуда, олардың алғашқы нәтижелері де көріне бастады.
– Қазіргі уақытта нақты қандай істер атқарып жатырсыздар? Алдағы уақытта ауданымызда қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Іле – облыстың іргелі аудандарының бірі болғандықтан, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына, жаңа өндірістердің іске қосылуына, ауыл шаруашылығы мен туризмнің өркендеуіне басымдық беріледі. Осы ретте атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсам, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталған инвестициялық жобалар қатарында «LC WAIKIKI» сауда логистикалық орталығын айтар едім. Мұнда құйылған жалпы инвестиция көлемі 30 млрд теңгені құрайды, биылғы жылға 10 млрд теңге көзделген. Аудан тұрғындары үшін 150 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл басында LC Wikiki қоймасын салу кезінде көршілес жер телімі иесімен мәселе туындады. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ол мәселе шешіліп, LC Wikiki қоймасы қолданыс актісін алып, жұмысын жалғастыруда.
Одан кейінгі ірі нысан – «VOLVO GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС сервистік орталығы. Бұл жобаға 3,5 млрд тенге инвестиция тартылған. Екі жылға жоспарланған іс өткен жылы басталып, биылғы наурыз айында құрылыс монтаждау жұмысы аяқталды. Мұндағы жұмыс орны 80 адамға лайықталған.
Тағы бір атап айтарлық жоба – «FEBEST» ЖШС автобөлшектерге арналған «А» санаттағы қоймасы. Бұған тартылған қаражат көзі – 2,5 млрд тенге. Мұнда 50 жұмыс орны құрылған. Биылғы наурыз айында құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталды.
«MIREL» ЖШС «А» санатындағы қойма құрылысын да айта кетуге болады. Инвестиция көлемі 3,2 млрд теңгені құрайды. Жалпы 125 жұмыс орнын құру көзделген, қазіргі таңда 50 жұмыс орны бар. Нысанның құрылыс монтаждау жұмыстары мамыр айында аяқталды.
«САЯГРУПП» ЖШС қоймасына да 720 млн тенге инвестиция тартылды. Мұнда 27 адамға жұмыс орны қарастырылған. Нысан құрылысының аяқталу мерзімі – осы жылдың шілде айы. Қазір монтаждау жұмысы жүргізілуде.
Осы сынды жүзеге асырып жатқан істеріміз баршылық. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
– Ауданымызға қарасты кейбір елдімекендер жаңадан құрылған Алатау қаласының құрамына өтті. Бұл өзгеріс ауданның экономикалық әлеуетіне қалай әсер етуде? Бюджетке ықпалын тигізді ме?
– Былтыр Алатау қаласының құрамына ауданымыздағы Жетіген ауылдық округі мен Байсерке ауылдық округінің бірнеше ауылы, атап айтқанда Қоянқұс, Жаңаталап, Жаңадәуір елдімекендері өтті. Алатау қаласының 2025 жылға арналған бюджеті 4,4 млрд теңге көлемінде бекітілді. Бұл қаражаттың 29,5%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға, 18,2%-ы жол инфрақұрылымына, ал 9,1%-ы әлеуметтік төлемдер мен қолдау шараларына бағытталды. Бірқатар елдімекеннің Алатау қаласына өтуіне орай ауданның кірістері азайды. 2023 жылы 241 млрд теңге болса, 2024 жылы 211 млрд теңгені құрады, яғни 30 млрд теңгеге кеміді.
Қазір Іле ауданының бюджеті негізінен ауыл шаруашылығы мен шағын бизнестен құралады.
Аумақтық өзгерістерге қарамастан облыстық трансферттер арқылы шығыстар толық жабылды, яғни аудан әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді орындауды жалғастыруда.
– Территориялық өзгерістерге байланысты ауданның жалпы даму ахуалы қандай болмақ?
– Аумақтық өзгерістер әлеуметтік-экономикалық дамуға тың серпін бермек. Жаңа қаланың құрылуы инфрақұрылымның қарқынды дамуына жол ашып, тұрғындардың жаңа жұмыс орындарымен қамтылуына мүмкіндік жасайды. Бұл өзгерістер экономиканың түрлі салаларын, әсіресе ауыл шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік секторларды нығайтуға негіз болады. Осы бағытта біз бірнеше ірі жобаны іске асырып, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.
– Ауданға инвестиция тарту мәселесі қалай жүзеге асып жатыр? Инвесторлар үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
– Іле ауданында инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Қазіргі таңда кешенді жоспар аясында жалпы құны 300 млрд теңгеге 17 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл жобалардың нәтижесінде 2672 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвесторларға ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік инфрақұрылымы салаларында кең мүмкіндіктер ұсынылып жатыр. Аталған жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, жаңа кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, Іле ауданында кіші және орта инвестициялық жобалар да маңызды рөл атқаруда. Қазіргі уақытта жалпы құны 22,4 млрд теңгеге бағаланған 34 жоба қарастырылып жатыр. Бұл жобалар аясында сауда үйлері, монша кешендері, сауда орталықтары, дүкендер мен қоймалар салу жоспарланған. Бұл бастамалар аудан экономикасын әртараптандырып, жаңа кәсіпкерлік құрылымдардың қалыптасуына ықпал етеді.
Ірі кәсіпорындар да өндірістік қуаттылығын арттыру мақсатында модернизациядан өтуде. Атап айтқанда, «ФМК» ЖШС, «JTI» және «Shin Line» ЖШС өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа технологияларды енгізу бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл кәсіпорындар аудан экономикасына тұрақты үлес қосып, өңірлік дамуға серпін береді. Инфрақұрылымдық мәселелерді шешу де басты назарда. Жол жөндеу, электрмен жабдықтау және сумен қамтамасыз ету секілді инфрақұрылымдық жобалар бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Бұл жобалар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, экономикалық өсімді ынталандыруға ықпал етеді. Сондай-ақ тоқтап тұрған жобалар да анықталып, оларды қайта жандандыру бағытында жұмыс атқарылуда.
Іле ауданының инвестициялық қоры өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін ауқымды жобаларды қамтиды. Ірі және шағын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымды жақсартуға және кәсіпкерлік мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады. Инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіліп, барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатындағы іс жүйелі түрде жалғаса береді.
– Өңірде салынып жатқан ірі құрылыс нысандары жайында да айта кетсеңіз. Қандай маңызды ғимараттар бой көтермек?
– Іле ауданында бірқатар маңызды құрылыс жобалары жүзеге асуда. Боралдай кентінде 280 орынды, ал Өтеген батыр ауылында 400 орынды Мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Асқар Тоқпанов және М.Түймебаев ауылдарында 280 орынды Мәдениет үйлерінің жобалық-сметалық құжаттары дайын, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Құрылыс монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында облыстық құрылыс басқармасына бюджеттен қаражат бөлу үшін өтінім жолданады. Іле ауданының ХҚКО ғимаратына жапсаржай салу және қайта жаңарту жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. ЖСҚ-ны әзірлеп аяқтап өткізу мерзімі биылғы жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. Өтеген батыр ауылында 50 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты дайын. Құрылыс-монтаждау жұмысына бюджеттен қаражат бөлу үшін кезекті облыстық мәслихат отырысына өтінім жолданды. Одан бөлек, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Н.Тілендиев және М.Түймебаев ауылдарында 1800 орынды екі мектептің құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта ауданымыздағы 42 орта мектептің 14-і үшауысымда білім беруде. Бұл – біз үшін өте өзекті мәселе. Жаңа мектептердің салынуы үшауысымды оқыту мәселесін шешуге ықпал етіп, білім беру жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді деген үміттеміз.
– Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы қалай жүргізілуде? Бұл бағытта айтарлықтай нәтиже бар?
– Ауданымызда пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. 2025 жылы көлемі 39680,58 га (131 меншік иесі және жер пайдаланушылар) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оның ішінде көлемі 2230,0 га 2 жер пайдаланушы бойынша жалға алу шартын мәжбүрлеп бұзу үшін материалдар сотқа берілді. Көлемі 3000,00 гектарлық жер сот отырысының шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Екі жер пайдаланушы жалпы көлемі 1552,95 гектар жер телімін қайта пайдалануға кірісті. Көлемі 5118,6092 гектарды құрайтын 33 жер пайдаланушыға қатысты пайдаланылмай жатқан жеке меншіктегі жер телімі бойынша шара қолдану үшін Алматы облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне 4 хат жолданды. 92 жер пайдаланушыға «Қазпошта» АҚ арқылы хабарлама жіберілді.
– Өңір тұрғындарын толғандырар өзекті мәселе – тұрғын үй жайы. Халыққа қолжетімді баспана ұсыну бағытында қандай жұмыстар жүзеге асуда?
– Азаматтарды тұрғын үймен қамту – басым бағыттардың бірі. Былтыр әлеуметтік осал топ өкілдеріне 152 пәтер берілсе, биыл тағы 200 пәтер беру жоспарда бар. Сонымен қатар, Өтеген батыр ауылында үш жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл үйлер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі.
Қазіргі таңда аудан бойынша 5 437 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Бұл мәселені шешу мақсатында тұрғын үй салу жұмысы жалғасуда. Бүгінде Өтеген батыр ауылында салынып жатқан үш көппәтерлі тұрғын үйдің екеуінің құрылысы аяқталды, бір көппәтерлі тұрғын үйдің тамыз айында салынып бітеді деп жоспарлануда.
Іле ауданында әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі күшейтіп, ауданның инфрақұрылымын дамытуға бар күшімізді саламыз.
– Ауданның дамуы үшін қандай стратегиялық бағыттар белгіленді?
– Стратегиялық бағыттарымыз бірнеше саланы қамтиды. Ол – инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, экологияны қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру. Біз осы бағыттар бойынша жұмысты жандандырып, қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берудеміз.
– Ауылішілік жолдардың сапасы қандай деңгейде? Тұрғындар облыстық жолдардың жағдайына жиі шағымданады. Бұл мәселе қалай шешімін таппақ?
– Ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмысы жалғасуда. 2024 жылы 82 көшеде жөндеу жұмысы аяқталса, 2025 жылы тағы 84 көшенің жолы жаңартылуда. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдар да ұзақ мерзімді жөндеуді қажет етеді, бұл жұмыстар сапалы әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Әрбір жоба толықтай техникалық сараптамадан өтіп, тиісті қаржыландырумен қамтамасыз етіледі. Жол сапасын, жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру үшін жыл сайын ауылішілік көшелерге кезең-кезеңімен әр түрлі деңгейдегі жөндеу жұмысы жүргізілетін болады.
Аудан әкімі ретінде менің басты мақсатым – өңірдің әлеуетін арттыру. Осы ретте тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу бағытында талмай еңбек ететін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Бағдат Шойбас
Іле ауданы