Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаевта өткен баспасөз мәслихатында Кеген ауданындағы жол мәселесін шешу халықтың тығыздығына және бюджетке байланысты екенін айтты.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Stan.kz сайтының тілшісі Айнұр Мұхади әкімге Алматы облысының Кеген ауданындағы жол мәселесіне қатысты сауал қойды. «Аудан тұрғындары жолдың сапасына қатысты үнемі наразылық білдіріп отырады. Былтыр аймаққа кіретін аумақтағы бірнеше шақырым жол қазылып, алты ай жөнделмей тұрды. Одан кейін жасалған жолдың жыл өтпей ойылып қалғаны туралы әлеуметтік желіде хабарлар тарады. Қазір мәселе шешімін тапты ма? Не себепті аймақта бұл жағдай жыл сайын қайталана береді? Тіпті ауданның ішіндегі жолдар жылдар бойы жөнделмей тұр. Облыс басшылығы бұл аймаққа салғырт қарайтындай?» деген сауал тастады.
Әкім жолдың сапасына ауыр көліктердің де әсер ететінін айтты. “Бұл ауданда соңғы кезде Көлсайға туристер көп баратын болды, күніне бірнеше мыңға дейін жетеді. Ол жақта үлкен құрылыстар да басталып жатыр, арасында туристік нысандар да бар. Жолдың сапасы үлкен көліктер жүргенде білінеді, жеңіл көліктер жүрсе сапасы кемімейді. Бірақ бізде үлкен көліктердің көбі шектен тыс жүк тасиды. Мысалы, 15 тоннаның орнына 30 тоннаға дейін тасуы мүмкін деген сияқты. Бұл әрине жол сапасына әсер етеді. Бірақ ол жолдың барлығы республикалық маңызы бар жолдар. Қазір ол жолдар жөнделіп жатыр. Осыдан кейін барлығы дұрысталады деп ойлаймын. Көліктік бақылау комитеті де өз тарапынан жұмысты белсенді жүргіземіз деген уәде берді» деді әкім.
Тілшінің «Кеген ауданынан әрі қарайғы жолдар да жылдар бойы жасалмай тұр. Қашан жасалады?» деген сұраққа әкім бұл мәселеде халықтың тығыздығына басымдық берілетінін айтты.
«Қай жерде халық көп қоныстанған, көп жүріп-тұрады – сол аймақтағы жол бірінші кезекте жасалады. Бізде Алматының айналасындағы аудандардың әрқайсысында 300 мыңның шамасында халық тұрады. Ал Кеген ауданында 30 мыңның шамасында ғана халық бар. Осыған сай, қай жолдың бірінші кезекте жасалатынын қаржымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарап анықтаймыз», – деді әкім.