Елім деп соққан жүрегі,
Белгілі Шелек түлегі.
Асыл да туған жан аға,
Қамқор көңіл баршаға, – деген өлең жолдары соғыс және еңбек ардагері, Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарының, Алматы облысының Құрметті азаматы, марқұм Үмбетжан Нұрғазиевке арналған еді.
Шұрайлы Шелек ауылының тумасы Үмбетжан ағамыздың орта мектепті тәмамдарда алға қойған мақсаты көп еді. Сұм соғыс асыл арманын уақытша үзген 19 жастағы бозбала қан майданға сұранады. Сөйтіп, Алматы қаласында жасақталған 405-атқыштар дивизиясындағы кіші әскери командирлер дайындайтын курсқа қабылданады.
Қаһарлы 1942 жылдың наурыз айында 62-гвардиялық барлаушылар ротасында командирдің орынбасары, кейін рота командирі болып тағайындалады. Екінші Дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан майдан ардагерінің 1942-1946 жылдардағы көрсеткен ерліктерін санамалап, жіпке тізіп шығуды жөн көрмедім. Бар айтарым, барлаушының батылдығынан сыр шертетін 35 орден-медаль көп нәрсеге куә. Оның бірқатары соғыстан кейінгі бейбіт күнде жасаған адал еңбегінің өтеуі. Атап айтсақ, «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен көптеген медалінде бейбіт еңбектің үлесі бар. Ардагер ағамыздың Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен үш рет марапатталуының өзі – елге елеулі, халыққа қалаулы жан болғанын айғақтап тұрғандай.
Негізгі мамандығы заңгер Үмбетжан Нұрғазиев ағамыз майданда киген шинелін шешіп, қаруын қаламға ауыстырған соң Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының сот жүйесінде біраз жыл басшылық қызметте болды. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ. Ақ сөйлеп, төрелік етті. Білімі мен біліктілігі арқасында көзге түскен маман Талдықорған, Алматы облыстарының аудандық партия ұйымдарына басшылық қызметке шақырылып, Сарқан, Нарынқол аудандарында екінші хатшы қызметін атқарды. Кеген ауданына бірінші хатшы болып тағайындалды. Қай істі болсын үйіріп әкететін іскер басшы халықтың әл-ауқатының, тұрмыс жағдайының артуын назарда ұстады. Соның арқасында жаңа технология мен техника өндіріске енгізіліп, мәдениет, денсаулық сақтау ғимараттары бой көтерді. Кеген ауданындағы халықтың саны өсіп, ұжымшар, кеңшар еңбеккерлерінің жағдайы жақсарды. Жыл өткен сайын аудандағы егін, мал шаруашылығы қанатын кеңге жайып, облыста бірінші, екінші орында тұрған ауданнан үш Еңбек Ері шықты. Олар Кеген ауданын республикаға танытып, Еңбек Ері атанған Ұзынбұлақ кеңшарының шопаны Ы.Әбдіғұлов, Қарқара кеңшарының шопаны Ж. Молдасанов, Кеген ет-сүт кеңшарының директоры І.Жұмағұловтар еді.
1977 жылы Алматы облыстық партия ұйымына жауапты қызметке шақырылған Үмбетжан Нұрғазиев ағамыз сол қызметті ұзақ жыл атқарып, 1980 жылдың ортасында Кеңес одағы көлемі дәрежесінде дербес зейнеткерлікке шықты. Тоғыз жылдан аса өзі басқарған Кеген ауданы туралы «Түлеген өңір» атты танымдық кітап жазды. Онда өзі көрген ел ағаларының, әріптес азаматтардың еңбек жолдарын кітапқа арқау етті. Осы өңірге сіңірген еңбегі үшін «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ел ағасы Шелек ауданында «Заңгерлер одағын» құрып, оны көп жыл басқарып, жас мамандарды тәрбиеледі. Облыс, аудан әкімдері де көпті көрген қариядан жиі ақыл-кеңес сұрап келетін. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің өмірде көңілге түйгені көп еді. Айтар әңгімесі таусылмайтын. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесінде қала, аудан мектептері кездесуге шақыратын. Сонда Үмбетжан ағамыз майдан даласындағы естелігімен бөлісіп, соғыстың зардабы мен қиындығы туралы айтатын. Жастарды бейбіт өмірді бағалай білуге шақыратын.
Жеңістің 65 жылдығына орай ардагерге аудан орталығы Есік қаласынан пәтер берілген болатын. Сол үйде өмірінің соңына дейін тұрған ағамыздың асыл бейнесі, берген тәлімі, өнегелі өмір жолы, айтқан нақыл сөздері ойымызда мәңгі сақталады.
Әсет Алжанбай,
ардагер-ұстаз, запастағы капитан
Еңбекшіқазақ ауданы
