– Мен Жамбыл ауданының Самсы ауылында дүниеге келдім. Осындағы Телтай Сәрсенбеков атындағы Самсы орта мектебін 2006 жылы аяқтадым. 2010 жылы менің алдымда болашағымды айқындайтын үлкен таңдау тұрды. Шалғайдағы Үлкен ауылына барып, еңбек етсем деген ниетпен тәуекелге бел буып, жастық арманмен алысқа жол тарттым.
Сол жылдың шілде айында сондағы «KEGOC» АҚ-ның Алматы желілік электр тарату филиалының Балқаш маңы әуе электр желілерін жөндеу бөлімінде электромонтер ретінде еңбек жолымды бастадым. Әкем Самат Мүлкібайұлымен ақылдаса келе, ата-анамды да жаныма көшіріп әкеліп, қолымнан келгенше жағдайларын жасадым. Өзім 2013 жылы шаңырақ көтердім, бүгінде үш баланың қамқор әкесімін.
Жүрек қалауымен таңдап алған кәсібім өзіме ұнайды. Тәртіпке бағынып, жұмысты барынша беріліп істедім, тәлімгерлерімнен көп нәрсені үйреніп, мамандықтың қыр-сырына қанықтым. Ең бастысы, адал еңбек етуге тырыстым. Содан да болар, сыртымнан «Еңбегімен елге танылып, отбасына да, қоғамға да үлгі бола білген азамат» деген сөзді естимін. Бұл – мен үшін ең зор мәртебе, үлкен абырой. Бұл жұмыста жүргеніме 15 жылдан асып барады, қазір 5-разрядты қатардағы электромонтермін. Осы жылдар ішінде электр жабдықтарын пайдалану және техникалық қызмет көрсету бағытында біраз білім жинап, кәсіби шеберлігімді қалыптастыра алдым деп есептеймін.
Әр жұмыстың өз ерекшелігі болатыны сияқты біздің істің де қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Күннің аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығына қарамастан, бізге Балқаш маңындағы алқаптарда әуе электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарын үздіксіз және сапалы атқару міндеті жүктелген. Жыл сайын қауіпсіздік техникасы бойынша емтиханнан өтіп, білімімді жаңартып, оқу курстарына барамын. Мәселен, 2018 жылы Алматы қаласындағы Біліктілік арттыру және қос дипломды білім беру институтында оқып, біліктілік санатым көтерілген. 2020 жылы Энергетиктер күніне орай мекеменің Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2023 жылы «Halyk Ondiris Group» ЖШС ұйымдастырған «Алғашқы медициналық көмек көрсету» курсының оқыту бағдарламасын сәтті аяқтадым. Сонымен қатар қоғамдық істерге атсалысудан сырт қалмауға тырысамын. Ұжымдық спорт жарыстарына да белсене қатысып, жүлделі орындар иелендік.
Үлкен ауылы,
Жамбыл ауданы