Перейти к содержимому
Главная страница » Күміске қол жеткізді

Күміске қол жеткізді

     Грекия астанасы Афины қаласында грек-рим күресінен U17 әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде бақ сынаған жерлесіміз Нұрәли Асқар 55 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдеге қол жеткізді.

Әлем чемпионатында жүлдегер атанған Нұрәли – Бақанас ауылының тумасы. Ол алғашқы спорт жолын Балқаш аудандық балалар мен жас­өспірім­дер спорт мектебінен бастаған. Б.Бейсекбаев атындағы мектеп- гимназияда оқыған.
Бала күнінен спортшы болуды армандаған жас балуан қазіргі таңда Алматы қаласындағы олимпиада резервінің республикалық маман­дандырылған мектеп-интернат-колледжінде жаттығып жүр.
Нұрәлидің осындай жетістікке жетуіне аталмыш мектептің жаттық­тыру­шысы, грек-рим күресінен ҚР спорт шебері, жерлесіміз Саламат Серікұлының қосқан үлесі зор. Шәкіртін әлем чемпионатында ел намысын қорғау үшін тастүйін дайындады. Грекия төрінде ел мерейін асырып, әлем чемпионатында топ жарған жас балуанның бұл жеңісі тек аудан абыройы емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналды.
Спортшылардың жетістігі ел мерейін асырады. Сондықтан салауат­ты өмір салтын ұстанып, спорт­­пен тұрақты шұғылданып жүрген жас­тарға көпшілік зор сенім артады. Сол сенім үдесінен шыққан саңлақ­тарға көрсетілетін құрмет те ерекше болуы қажет.
Арманы асқақ, мақсаты айқын жер­лесі­міздің жеңісіне ортақтасып, бұдан да биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз!

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы