Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылындағы Олимпиадалық даярлау орталығында халықаралық «Qonaev Cup – 2025» турнирі бастау алды. Он күнге жалғасатын байрақты бәсекеде 16 елден келген 260-тан астам шахматшы бақ сынайды. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде шахмат – жай ғана спорт емес, бұл – ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту», – деп атап өткені белгілі. «Qonaev Cup» турнирі 2021 жылдан бері өткізіліп келеді және ол аймақтың спорттық күнтізбесінде маңызды оқиғаға айналды. Биылғы турнир шахмат тақтасындағы тартысты ғана емес, сонымен қатар жаңа есімдерді де әйгілі ететіні сөзсіз, – деді Нұрлан Ерғалиұлы.
Аталған турнир ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Шахмат жарысы швейцариялық жүйе бойынша 9 кезеңнен тұрады, уақыт бақылауы – 1,5 сағат және әр жүріске 30 секунд беріледі. Турнир Masters, Challengers және Open санатында өтеді.
Open турнирінде Алматы облысынан 20 шахматшы қатысады. Бұл – әуесқойлар үшін тәжірибе жинау алаңы.
– Облыста шахмат спортын белсенді дамыту шеңберінде 2022 жылы шахмат және үстел ойындары бойынша облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Бұл мектеп әр ауданда жастарды жүйелі түрде дайындап келеді. Нәтижесінде жастар шеберлігін шыңдап, жетістіктерге жетуде. Олардың қатарында – Елназ Қалиахмет және Иманғали Ақылбай сияқты дарынды шахматшылар бар, – деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясы облыстық филиалының президенті Сәрсенғали Жанқуатов.
Жарыста жалпы саны 30-дан астам жүлделі орын сарапқа салынады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 12 тамызда, шешуші партиялардан кейін өтеді.
Айта кетейік, «Qonaev Cup – 2025» турнирі – «Almaty Region Open» фестивалі аясында өткізіліп жатқан және ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан кубогының үшінші кезеңі болып саналады.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы
