☀️
19°C
Қонаев
Жұма, Сәуір 24, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Әдебиет

    ЕРДІҢ ДАҢҚЫН ЕҢБЕК ШЫҒАРАДЫ

    04.09.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    ЕРДІҢ ДАҢҚЫН ЕҢБЕК ШЫҒАРАДЫ
    0
    SHARES
    9
    VIEWS

         «Жер қайда Шалкөденің саласындай, ішіктің құндыздаған жағасындай». Иә, осылайша Шарғын ақын жырға қосқан Шалкөде – төскейі малға, етегі жайқалған егінге толы, өзінен батыр да, ғалым да, қоғам қайраткері де, ел қамын жеген ерлер де түлеп ұшқан киелі мекен. Сонау 1982-83 жылдары мемлекетке тапсырылатын қойдың орташа салмағы 43-45 келіге жетіп, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді және сатуды арттырғаны үшін Нарынқол өңіріндегі сол кездегі С.Киров атындағы ұжымшар КПСС Орталық комитетінің, СССР Министрлер кеңесінің, Бүкілодақтық орталық кәсіподақтардың және Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының Құрмет грамотасымен наградталған еді.

    Бұл сол кезде 38 жастағы ферма зоотехнигі Сұлтанмұрат Құдабаевтың ерен еңбегінің арқасында жеткен жетістік еді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген Төле бабамыздың нақыл сөзі дәл осындай ерен ұлдарға арнап айтылғандай. Әкесі Құдабай 1903 жылы Ұйғыр ауданы Ақтам ауылында дүниеге келіп, екі сыныптық білімімен бар ғұмырын ұжымдастыру жұмысына арнаған. Нарынқол ауданы бойынша ең алғашқылардын бірі ретінде партия қатарына қабылданған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ер-азаматтармен бірге майданға аттанып, Саратов түбінде ауыр жараланып, бірнеше ай госпитальде жатып, туған ауылына оралады. Денсаулығының жарамайтынына қарамай, елмен бірге еңбек етіп, ұжымшар құрылысына белсене араласады. Соғыс салған жараның әсерінен денсаулығы сыр беріп, ақыры 67 жасында дүние салады. Ал анасы Нұржәмила Әдікенова – Нарынқол ауданы Қарасаз ауылының тумасы. Ел басына ауыр күн туғанда, ерін майданға жіберіп, ауылда қалған қарттармен, балалармен, қыз-келіншектермен бірге «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек еткен. Лениногорск қаласында оқ-дәрі шығаратын зауытта жұмыс істеген тыл ардагері.
    Сұлтанмұрат Құдабаев 1945 жылы 25 мамырда Нарынқол ауданы Шалкөде ауылында туған. Осы өлкедегі орта мектептің алғашқы түлектерінің бірі. Орта мектепті аяқтаған бозбала 1962 жылы Талдықорған қаласындағы зоотехникалық малдәрігерлік техникумының зоотехник бөліміне түсіп, 1965 жылы бітіріп шығып, туған ауылында еңбек жолын бастайды. 1965-1975 жылдар аралығында өз мамандығы бойынша тынымсыз еңбек етіп, толайым табыстарға қол жеткізеді. Ұжымшардың ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын жақсартуға өлшеусіз үлес қосқан жас жігіт орта жолдан тоқтап қалмай, ары қарай ізденуді алдына мақсат етіп қояды. Осы мақсатқа жету үшін өз білімін шыңдап, Алматыға сапар шегеді. 1975-1980 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Зоотехникалық малдәрігерлік институтының күндізгі бөлімінде оқып, «өте жаксы» деген бағамен бітіріп шығады. Білімі мен ақылы толысқан азамат дипломын қолына ала салып, туған жеріне оралады. 1980-1984 жылдар аралығында ұжымшарда ферма зоотехнигі, бас зоотехник болып жұмыстар атқарады. 1983-1984 жылдары ұжымшар бойынша 61 мың қой-ешкі, 2 мыңнан астам жылқы мен ірі қара болды. 11 мың саулықты ерте көктемде төлдету, 12 мыңнан астам тоқтыны ауыларалық мал бордақылау кешенінде және ұжымшардың бордақылау алаңдарында семірту керектігі жайлы ұсынысын жоғары жаққа айтып, аудан басшылығының қолдауымен бұл жұмысты да абыроймен іске асырды. Мал шаруашылығындағы ең шешуші буын малшылар екенін де бас зоотехник жақсы білді.
    Малға қатысты бүкіл жұмыстың тетігі шопан мен бақташының, жылқышы мен сауыншының және олардың отбасыларының қолында екені белгілі. Сондықтан бас маман малшыларды іріктеп, орналастыруға, оларды тұрақтандыруға ерекше назар аударып отыруы тиіс. Кейде кейбір басшылар малшыларды іріктеуді көрсеткіші төмендерді жұмыстан босату деп біледі. Сұлтанмұрат мұндай шартпен келіспеген. «Малшыларға мұндай шара қолдану дұрыс емес, – дейтін ол. – Бұдан іс алға басып кете қоймайды. Малшыларды жұмыс ыңғайына, жеке басының ерекшеліктеріне, отбасы жағдайына қарай ауыстыру қажет. Саулықтарды дұрыс төлдете алмай жүргендерді бойдақ қой отарларына, ал бойдақ қой отарын жақсы бағып, табысты болып жүргендерді саулық бағуға ауыстыру немесе ерте көктемде қой төлдетуді ұқсата алмай келе жатқан шопандарды кешірек қоздатуға жіберу сияқты шараларды іске асыру өте маңызды. Ең бастысы, малшылардың біліміне, қабілетіне, мінезіне, отбасы жағдайына байланысты. Олармен жеке-жеке жұмыс жүргізу керек». Іскер басшының осы ұстанымы кейін дұрысқа шықты.
    Бірде Сұлтекең сол жылдардағы аудан басшысы Р.Әріповпен бірге малшы ауылдарын аралап, мезгілсіз уақытта бір шопанның үйіне барады. Шопан өзінің асыл тұқымды қырық ешкісін және де өзге жеке меншік малдарын бөліп, олардың алдарына науаға жемді толтырып, төгіп қойыпты. Демек, ол саулық қойларға арналған жемнің көбін өзінің жекеменшік малдарына береді екен. Не істеу керек? Бұл шопанның да көрсеткіші төмен болатын. Осы қылығы үшін оны жазалап, жұмыстан шығарып жіберуге де болатын еді. «Біз ондайға бармадық. Оның өзімен қатал әңгімелестік, жан дүниесіне әсер етуге тырыстық. Шопан оғаш қылығына қатты қысылды. Ендігәрі ондай іске бармайтынын айтып, сөз берді. Оның айыбын мен де жариялап, жиналысқа салып, ел алдында ұялтпадым. Ертеңіне оның отарына тағы да жем түсіріп бердік. Содан бастап бұл шопанның көзқарасында, еңбек етуінде үлкен өзгеріс пайда болды. Озат шопандар қатарына қосылып, қарауындағы әр жүз саулықтан 125-тен қозы алып, 3,2 келі жүн қырықты», – деп еске алатын Сұлтекең.
    Әрине, әр іске адамгершілік тұрғыдан сергек қарау, адамның жан дүниесіне, психологиясына әсер етуге тырысу үлкен қабілеттілікті, сабырлылықты, біліктілікті қажет етеді. Мұндай қасиет кез келген басшының бойынан табыла бермейді. Мал шаруашылығын басқарған кездері малшылардың жеке басының, отбасының тұрмыс жағдайын жете біліп, үнемі бақылап, зерттеп отыру іскер басшының басты ерекшелігі еді. Сұлтекең малшының мұқтаждығына сергек қарап, жағдайларын жақсарту үшін барынша тер төгетін. Осындай адам жанының тереңіне бойлап, оның өзіндік ерекшелігін ескере білетін жан-жақты, білімді адамды жұртшылық та құрметтейтін еді. 1982 жылы қой шаруашылығын өркендетудегі жетістіктері үшін С.Киров атындағы ұжымшарға Қазақстан компартиясы Алматы облыстық комитетінің және Бүкілодақтық лениндік коммунист жастар одағы облыстық комитетінің ауыспалы Қызыл Туы берілді. Бас зоотехниктің жұмыс десе, ішкен асын жерге қойып, күн-түн демей тынымсыз еңбек ететініне риза болған басшылық 1988 жылы өзінің туып-өскен С.Киров ұжымшарына төраға етіп тағайындады. Өзіне жүктелген үлкен міндетті түсінген, өзіне сенім артқан партияның тапсырмасын орындау жолында ол бұрынғыдан да көп күш-қайратын жұмсап, ауылды өркендету жолында аянбай еңбек етті. Өзі туған өлкесінің ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуына ғана емес, білім, өнер, мәдениет, денсаулық саласына да аса зор көңіл бөліп отырды. Өзі басшылық жасаған он жыл ішінде ұжымшарды миллионерлер қатарына қосып, іскерлік қабілетімен ел назарына ілінді. Ол басқарған шаруашылық Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы болды. Ізденімпаз, іскер басшыны аудан, облыс жетекшілері басқаларға үлгі етіп, қай ұжымшардың жұмысы тұралап жатса, сонда жіберіп отырды. Ол өз ауылының ғана емес, ауданда Ленин атындағы ұжымшарда төраға, Нарынқол агрокорпорациясында президент, Көмірші ауылында шаруа қожалығының төрағасы болып жұмыс істеді. Ленин атындағы ұжымшарда істеген жылдары қазіргі кезде қолға алынып жатқан мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жандандырды. 1983 жылы қой тұқымын асылдандыру, қазақтың арқар-меринос қойын көбейту саласында қыруар іс атқарды. Денсаулығының сыр бергеніне қарамай, ғұмырының соңына дейін елім деп еміреніп, жерім деп тер төгіп, үлкен жұмыс атқарды. Асыл азамат 1995 жылы 50 жасында бақи дүниеге сапар шекті.
    Бірде Әз-Жәнібек өзінің билеріне мынандай сұрақ қойған екен: «Дүниеде не өлмейді?» Алпыс биі бірден: «Ағын су өлмейді, асқар тау өлмейді, аспанда ай мен күн өлмейді, қара жер өлмейді», – деп жауап беріпті. Сонда Жиренше шешен тұрып: «Ағын судың өлгені – алты ай қыста қатқаны, асқар таудың өлгені – басын бұлттың шалғаны, ай мен күннің өлгені – еңкейіп барып батқаны, қара жердің өлгені – қар астында жатқаны. Дүниеде не өлмейді? Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – деген екен. Міне, аты өлмейтін жақсылардың бірі және бірегейі біз әңгіме еткен Сұлтанмұрат Құдабаев еді. «Өлмей өмір сүргің келсе, артыңа жақсы іс, дана сөз қалдыр» деген даналар сөзі осындай елі үшін туған азаматқа лайық екені даусыз. Өзінің бүкіл саналы өмірін қоғамға, туған жеріне, туған еліне қызмет етуге жұмсаған Сұлтанмұрат ағаның артына қалдырған жақсы істерінен қазіргі басшылар үлгі алып, жұртпен бірге жұмыла тірлік етсе, алынбайтын қамал болмайтын еді. Еліміз де, жеріміз де көгеріп-көктер еді. Ел үшін туған ердің ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Сайын даланың әр тасында, әр қырқасында Сұлтанмұрат ағамыз сияқты асылдардың өлшеусіз еңбегі жатыр.

    Әмина ӘЛІМЖАНОВА
    Шалкөде ауылы,
    Райымбек ауданы

    Соңғы жаңалықтар

    Жаңа Конституциядағы негізгі жаңашылдықтар мен өзгерістер
    24.04.2026
    Табиғат тағдыры – жас ұрпақ қолында!
    24.04.2026
    Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты
    24.04.2026
    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді
    24.04.2026
    Алматы облысында экологиялық мәселелер талқыланды
    24.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>