Мемлекет басшысының теледидардан тікелей эфирдегі дәстүрлі Жолдауын жұмыс орнында қызметкерлермен бірге көрдік. Президент онда біздің жұмысымызға байланысты мәселелерге де ерекше тоқталып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты. Ол үшін агро саладағы өңдеуші кәсіпорындарды көбейтуге екпін берілмек. Саладағы өзекті мәселелер ретінде Мемлекет басшысы агрохабтар және логистика орталықтарын дамытуды атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажеттігін еске салды. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс. Игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылық жерлерін кері қайтарып, бөлу туралы тапсырма берді. Бұл орайда жерді оның қадірін білетін азаматтарға ғана беру керектігін шегелеп тұрып айтты.
Президенттің ауылға инвестиция тартудағы қиыншылықтар туралы айтқаны біздің ауданға да қатысты. Себебі Жамбыл ауданында да қажетті инфрақұрылым жетіспейді. Соның салдарынан ауданға келейін деп тұрған көптеген инвестор бастапқы жоспарынан айнып кетеді немесе қаржы салуға келгенде тартынып, кідірістеп қалады. Бұл электр жарығы, су, табиғи газ, жол сияқты қажеттіліктерге байланысты болатын кедергілер. Мемлекет басшысы біздегі осындай қиыншылықтарды тап басқандай дәл айтты. Ауданға инвестиция тартылуы үшін міндетті түрде электр қуаты, газ жеткілікті болуы шарт. Өйткені мұндай игіліктер өндіріске көп көлемде қажет. Президент айтқан тағы бір жайт, агроөнеркәсіптік кешенде қандайда бір кәсіпорын құрылатын болса, оның өндірген өнімі шикізат күйінен бастап белгілі бір кластерлік жүйе арқылы дүкен сөресіне дейін жетуі керек. Яғни сол зауыт немесе ферманың төңірегінде ет, сүт, басқа да өнімдерді өңдейтін түрлі кәсіпорындар қоса жұмыс істеуі керек. Қазіргі нарықтың талабы да соған саяды. Жолдаудың саланы дамытуға серпін береріне сенемін.
Аян НҰРПЕЙІСОВ,
Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы