«Бизнес диалог: Мәскеу-Қазақстан» форумы аясында Алматы облысының делегациясы Мәскеу облысына барды. Бизнес-форум қарсаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв кездесіп, екі аймақ арасындағы әріптестік барысын талқылады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, кездесуге Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев та қатысты.
Андрей Воробьёв Қазақстаннан келген делегацияға ыстық лебізін білдіріп, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
«Сіздердің Мәскеу облысына келіп, әртүрлі саладағы ынтымақтастықты талқылауға уақыт бөлгендеріңізге қуаныштымыз. Қазақстандық кәсіпкерлердің жобалары Подмосковьеде іске асса, ал біздің бизнес өкілдері Қазақстанда еркін жұмыс істей алса, бұл екі жақ үшін де тиімді болмақ. Бүгінгі форум – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі», – деді ол.
Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде Алматы және Мәскеу облыстарының өзара ұқсастықтарына тоқталды. «Екі аймақтың даму бағыты да, орналасуы да ұқсас – біз Алматыны қоршасақ, сіздер Мәскеудің айналасындасыздар. Экономикалық құрылым да сәйкес келеді. Қазақстандық кәсіпкерлердің Мәскеу облысында жұмыс істеуге қызығушылығы бар, сондай-ақ Мәскеу облысының бизнесмендері Алматы облысына келуге ниетті. Бұл – өндіріс пен логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады», – деді облыс басшысы. Сондай-ақ Марат Елеусізұлы ресейліктерді Алматы облысына ресми сапармен келуге шақырды.
Кездесу барысында соңғы бес жылда Мәскеу облысының Қазақстанмен тауар айналымы 1,8 есеге артқаны айтылды. Қазіргі таңда қазақстандық нарықта Подмосковьеде өндірілетін косметика, химия, фармацевтика, полимерлер, машина жасау өнімдері, металл және автокомпоненттерге сұраныс жоғары.
Өткен жылы Мәскеу облысының өндірушілері – Серпухов, Лосино-Петровский, Раменск, Люберцы, Сергиево-Посад округтерінің кәсіпорындары Қазақстанмен 177 экспорттық келісімшарт жасасып, өз өнімдерін жеткізе бастады.
Кездесу аясында Алматы облысының делегациясы Солнечногорск қаласындағы «Есипово» индустриалды паркін аралап, «Лайт индустриал» үлгісін көзбен көрді. Бұл жоба өндірісті небәрі үш айда іске қосуға мүмкіндік береді. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін тиімді шешім болмақ.
Мәскеуде Алматы облысы делегациясының қатысуымен өткен бизнес-форумда инвестиция, цифрлық технология және туризм мәселелері кеңінен талқыланды. Қазақстандық тараптың сапары Мәскеу Ситуациялық орталығын аралаудан басталып, онда мегаполисті цифрлық басқару саласындағы заманауи шешімдермен танысты.
Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне тоқталды.
Мәскеу қаласы Үкіметінің министрі Сергей Черёмин Ресей астанасының инвестициялық орталық ретіндегі маңызын атап өтті.
Қазақстандық тарап цифрлық технология саласындағы табысты жобаларды таныстырды. Бұл ретте қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелері, Алматы облысының «Цифрлық егіз» жобасы, Қонаев қаласындағы «Alatau Hub» инновациялық орталығының мүмкіндіктері ұсынылды.
Форум аясында туризмді дамытуға да ерекше назар аударылды. Мәскеу билігі өзара туристік бизнес-миссияларды ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. Қазақстандық тарап өңірдің бай туристік әлеуетін алға тартты. Оның ішінде үш ұлттық парк – Көлсай, Іле-Алатау және Шарын шатқалы, сондай-ақ тау-шаңғы курорттары бар.
Форум ұйымдастырушылары Мәскеумен тәжірибе алмасу бірлескен жобаларды жүзеге асыруға маңызды серпін беретінін атап өтті. Биыл күзде Астана мен Алматыда «Мәскеу күндерін» өткізу жоспарланып отыр.
Красногорскі қаласында да Мәскеу мен Алматы облыстарының кәсіпкерлері қатысқан бизнес-форум өтті. Шараның ашылу салтанатында Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев құттықтау сөз сөйледі.
Губернатор Андрей Воробьёв өз сөзінде сауда, қызмет көрсету, логистика саласындағы бірлескен жобалардың маңызын айтып, Мәскеу облысы қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынатынын жеткізді.
Форум аясында Мәскеу облысы мен Алматы облысының арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Мәскеу маңындағы қарқынды өзгерістерге оң бағасын беріп, екі аймақ арасындағы тәжірибе алмасу маңызды екенін атап өтті. Ол қазақстандық кәсіпкерлердің Мәскеу облысына, ал ресейлік кәсіпкерлердің Алматы облысына инвестиция салуға қызығушылығы артып отырғанын жеткізді.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде екі ел арасындағы 7 мың шақырымнан асатын ортақ шекараның үлкен әлеуетке ие екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан Еуразиядағы ірі логистикалық хабқа айналуды мақсат тұтып отыр, ал Мәскеу облысындағы «Селятино» көлік-логистикалық орталығы бұл бағытта маңызды рөл атқарады.
Форум барысында Мәскеу облысының «Славтранс-Сервис» компаниясы мен қазақстандық серіктестер – «KTZ-Express» және «ТЛЦ Алатау» үшжақты келісімге қол қойды. Жоба аясында Алматы облысында 75 гектар аумақта агрохаб құрылатын болды. Онда контейнерлік терминал, қоймалар, кедендік аймақ және ірі көтерме-тарату орталығы салынбақ.
Бұл бастама Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара сауда айналымын арттырып қана қоймай, Орталық Азия нарығына шығуға жаңа мүмкіндіктер береді деп күтілуде.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Мәскеудің «Геликон-опера» музыкалық театрында қазақтың ұлы композиторы, дирижері, Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса» концерті ұйымдастырылды.
Шараға көрермендер көп жиналып, ыстық ықыласын білдірді. Бұл кеш ЮНЕСКО-ның мерейтой күнтізбесіне енгізілген композитордың 100 жылдығына арналған халықаралық бағдарламаның бір бөлігі болды.
Кеш барысында Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев сөз сөйлеп, Нұрғиса Тілендиевтің тек композитор ғана емес, ойшыл болғанын да атап өтті.
«Ол қобыз бен домбыраның көне күйлері мен заманауи симфониялық форманың арасын жалғаған алтын көпір болды. Оның музыкасы – ғасырлар үні. Онда дала әуендері, қаһармандық сарындар, фольклорлық әуендер мен академиялық мектеп үйлесім тапқан. Оның шығармашылығы – халқымыз үшін жады мен болмысты сақтаудың, рухани қуатты нығайтудың жолы», – деді ол.
Композитордың қызы, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дінзухра Тілендиева көрерменнің ерекше ықыласы мен зор қошеметіне ие болды.
«Мәскеу – әкеме жат қала емес. Ол осында Николай Аносовтан тәлім алып, Үлкен театрда тағылымдамадан өткен. Сондықтан біз бұл концертке үлкен дайындықпен келдік. Әкемнің атын ұлықтап, мерейтойлық жылда осы сахнада өнер көрсету – мен үшін зор мәртебе», – деді ол. Сонымен қатар театр фойесінде Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалды музей қорынан әкелінген жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Музей директоры, ұлы ақынның немересі Салтанат Жамбылова 1936 жылы дәл осы Мәскеуде Жамбыл бүкілодақтық танымалдылыққа ие болғанын еске салды.
Мерейтойлық кешті Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі ұйымдастырды. Елшілік өкілдерінің айтуынша, концерт пен көрме Мәскеу жұртшылығына қазақ мәдениетінің бай мұрасын танытып, ерекше әсер қалдырды.
Алма ЕСЕНБАЙ




