Іле Алатауында теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте өсетін өсімдіктер 1936 жылдан бері зерттеле бастады. Алғаш болып кешенді зерттеу жүргізген ғалым Виталий Голоскоковтың «Іле Алатауының биік белдеуіндегі флоралар мен өсімдіктер» атты монографиясы қазірге дейін мәнін жоғалтпай келеді. 1985 жылы Мүсілім Бәйтеновтің «Солтүстік Тянь-Шань биік тауы флорасы» атты еңбегі жарық көрді.
Жоғары таулы аймақта өсімдіктер өте қатаң жағдайда тіршілік етеді. Мұндағы температура тау етегіне қарағанда
15-20 °C төмен. Вегетациялық кезеңнің өзі небәрі 2-3 айға созылады және осы қысқа мерзім ішінде тәуліктік температураның күрт ауытқуы байқалады. Сондықтан көптеген альпілік өсімдіктер жастық пішінді келеді. Мысалы, шұнақ (Sibbaldia tetrandra) және тірі тасқа ұқсайтын ерекше түбіртек (Thylacospermum caespitosum) В.Голоскоковтың айтуынша, «шағын табиғи жылыжай» қызметін атқарып, күндіз жиналған жылуды ұзақ сақтайды.
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінде өсімдіктерге маусым айында мониторинг жүргізілді. Бақылау барысында ең көп кездескен Asteraceae мен Ranunculaceae тұқымдасының өкілдері болды. Олардың 11 түрі бар. Ең аз кездескен тұқымдас өкілдері – Crassulaceae, Caprifoliaceae, Amaryllidaceae, Papaveraceae, Pinaceae, Alliaceae, Polygalaceae, Geraniaceae, Onagraceae.
3000 метр биіктікте ауа температурасы төмен, түнде жиі аяз болады, жел күштірек соғады, топырақ жұқа және тас аралас келеді. Мұндай ортада өсімдіктердің тек шағын, төселіп өсетін түрлері ғана тіршілік ете алады. Олар топыраққа берік жабысып, желге және суыққа төтеп береді.
Альпілік өсімдіктердің ерекшелігі – төмен бойлы және жатаған, суық желден қорғану үшін биіктігі әдетте 5-15 см-дан аспайды. Бұл биіктікте нар тауқалуені, күреңот, аталық жыланбас секілді өсімдіктердің гүлі күн сәулесінің жоғары қарқындылығы мен ультракүлгін сәулелердің мол түсуіне байланысты керемет ашық реңкті болады. Бұл антоциандар мен флавондар сияқты бояғыш заттардың көп жиналуына ықпал етеді.
Басқа шөптесін өсімдіктерге «баспана» ретінде қызмет ететін құрылымы ерекше өсімдік – қыртысты түбіртек (Thylacospermum caespitosum). Ол – қалампырлар (Caryophyllaceae) тұқымдасына жататын тамырсабақты сирек кездесетін өсімдік. Қыртысты түбіртектің ұзындығы 10-20 см, сабақтары 1-3 см ғана болады, сабағы ұсақ қабыршақ тәрізді жапырақтармен тығыз қапталған. Түрдің ареалы (табиғи таралу аймағы) – Орталық Азиядан Гималайға дейін жетеді, сондай-ақ Батыс және Орталық Қытай жерін алып жатыр. Бұл – негізінен Альпі немесе субарктика биомдарында өсетін (3600-6000 м) шала бұта. Сыртқы көрінісі жұмыр, қатты, жастыққа ұқсайды, бір қарағанда, мүк шымына балауыңыз мүмкін. Еліміздің Іле Алатауы, Жоңғар Алатауында және Тянь-Шань тау жүйелерінде сирек кездесетін жалғыз эндем түрі. Құз жарықтарында, тасты үйінділерде шағын топ түзіп өседі. Маусым-шілде айларында гүлдейді. Гүлдері өте ұсақ, жасылдау-ақшыл түсті, шымның үстінде сәл ғана көтеріңкі тұрады. Бұл өсімдік ұзақ өмір сүретін әрі баяу өсетін түрлерге жатады. Бір түп шымның жасы жүз жылға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар. Десе де, өмір сүру ұзақтығы жайлы нақты дерек ғылыми әдебиеттерде аз, тек көпжылдық өсімдік ретінде сипатталған. Экспедиция барысында Іле Алатауы аумағында T.Caespitosum популяциялары теңіз деңгейінен 3290 м, 3170 м, 3350 м, 3580 м, 3630 м биіктерде кездесті. Зерттеу нәтижесінде T.Caespitosum түрін «баспана» ететін шөптесіндер тізіміне алқызыл семізот (Rhodiola coccinea), желайдар шөмішбас (Paraquilegia anemonoides), күреңот (Chamaenerion angustifolium), тасшылгүл (Androsace lehmanniana), тасжарған (Saxifraga flagellaris), ақшешек (Arabis alpina), қосгүлді шегіргүл (Viola biflora), еңлікгүл (Leontopodium ochroleucum), шұнақ (Sibbaldia tetrandra), Альпі жұлдызгүлі (Aster alpinus), майдажелек (Erigeron uniflorus) енді.
3000 метрлік белдеудегі өсімдіктер климат өзгерісі мен антропогендік әсерге өте сезімтал. Сондықтан олардың табиғи ортада сақталуы – Іле Алатауының экожүйелік тұрақтылығының кепілі. Іле Алатауы флорасын жүйелі түрде бақылау, сирек кездесетін және экологиялық тұрғыдан маңызды түрлерді, гербарий қорын толықтыру және биік таулы экожүйелердің динамикасын зерттеу өзекті болып қала бермек.
Кәлима Тұрсымбай,
«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кіші ғылыми қызметкері
