Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгін облыс орталығы Қонаев қаласында «Алтын белгі» иегерлерін марапаттады. Салтанатты шарада облыс бойынша мектепті үздік бітірген 696 түлекке төсбелгі табысталды.
– Білімді де дарынды жастар – еліміздің болашағы. Бұл марапат сіздердің үлкен жетістіктеріңіздің басы ғана. Ақылды әрі еңбекқор адамның алмайтын қамалы, бағындырмайтын белесі жоқ. Сіздердің жаңа биіктерге шығып, еліміздің дамуы мен көркеюіне үлес қосатын мықты маман болатындарыңызға кәміл сенеміз! Халқымызды жарқын болашаққа жетелейтін де, жеткізетін де өздеріңіз, – деді облыс басшысы.
«Алтын белгі» иегерлерінің ата-аналары да салтанатты шараның қонағы болды. Олардың қуанышында шек жоқ. Мәселен, Райымбек ауданындағы Б. Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназиясының түлегі Ақпейіл Нұрболатқызының анасы Роза Елебайқызы: «Алтын белгі алу екінің бірінің қолынан келмейді. Қызымызға ешқашан үздік бол, беске оқы деп талап қойған емеспіз. Алайда Ақпейіл өзінің ынтасы мен ұмтылысының арқасында бүгін бізді қуанышқа кенелтіп отыр», – дейді. Ал Талғар ауданынан келген Күлашхан апаның осымен үшінші немересі «Алтын белгі» иегері атанып отыр. Немересі Мөлдір Сайлаубайды облыс әкімінің өзі марапаттағанына аса қуанышты ол Марат Сұлтанғазиевке алғыс білдірді. Ал кеуделеріне жарқырата төсбелгі таққан оқушылар өздері оқыған мектептеріне ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі күн біз үшін – тарихи сәтпен тең. Ата-анам мен ұстаздарыма шын жүректен алғыс айтқым келеді. Алда үлкен өмірге қадам басып, студент, одан соң маман атанамыз. Барымызды салып, еліміз үшін аянбай қызмет етеміз, – деп ағынан жарылды Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек орта мектебінің түлегі Ақтолқын Қайыржанқызы.
Биылғы оқу жылында облыс мектептерінде білім деңгейін көтеру мақсатында «50 мектеп» жобасы қаржыландырылып, іске қосылған. Аталмыш жоба аясында 50 мектепке «Білім-Инновация» лицейінің тәжірибесі енгізіліп, жаңалықтар легі келген. Тағы бір игі бастама – оқушылар 35 күн бойы Астанада ғылыми олимпиадаға дайындалу мүмкіндігіне ие болды. Оған қоса, облыстағы мектептердің бейнебақылау камераларын жаңартуға бюджеттен 800 миллион теңге бөлінген.
Былтыр әлеуметтік аз қамтылған оқушыларға арнайы гранттар да бөлінген болатын. Яғни, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, алайда грантқа түсе алмаған түлектерге педагогика, медицина, ауылшаруашылық салалары бойынша жергілікті бюджет есебінен грантта оқуға мүмкіндік жасалды. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, 100 грант қарастырылып отыр.
Баян Мұратбекқызы,
Қонаев қаласы