Қай кезде де ілкі буын өкілдері жастарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсетіп, татулықты насихаттап, ел тыныштығының сақталуын бәрінен жоғары қойған. Бүгінде Алматы облысындағы 100-ден астам этнос өкілдерінің жергілікті ұлтпен бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп, өңірдің өсіп-өркендеуіне атсалысып жүргеніне облыстық Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесі де елеулі үлесі қосуда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Атырау облысына сапары барысындағы халықпен кездесуінде: «Қазақ қай заманда да үлкенді сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған. Ал ауызы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. Осы орайда ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыруымыз керек және жүйелі түрде жандандыруымыз қажет. Бәлкім, кеңестерді Ассамблея жанына топтастыру дұрыс болар еді» деген болатын. Көп ұзамай Мемлекет басшысының бұл ұсынысы көпшілік тарапынан қызу қолдауға ие болып, жер-жерде Ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесінің құрылды. Сол кезде жаңа облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласына қоныстанып жатқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ақсақалдар кеңесі құрылып, көпшілік дауыспен оның төрағасы болып Амангелді Беспев сайланды.
Бүгінде облыс бойынша 1 облыстық, 1 қалалық, 9 аудандық, 130 ауылдық округте құрылған ақсақалдар кеңесі «Ақсақалдар кеңесі туралы» үлгілік ережені басшылыққа алып жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Кеңестің жоғары органы – кемінде тоқсанына бір рет өткізілетін оның отырысы. Отырыста мүшелердің ашық дауыс беруімен кеңестің төрағасы сайланады.. Облыстық кеңес төрағасы республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ақсақалдар кеңесіне кіреді.
ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің ардагерлер немесе ақсақалдар алқасы секілді ұйымдардан ел бірлігі жолында жұмыс істеп, этносаралық жанжалдың алдын алу сияқты міндеттерді қоғамдық негізде жүзеге асыратындығымен ерекшеленеді. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, ҚХА жанындағы өзге де құрылымдардың жұмысына тың серпін беріп отырған консультативтік-кеңесші органның мақсаты – қоғамда этносаралық келісімді тереңдетіп, түрлі мәдениеттер арасындағы диалогты нығайту. Жыл басынан бері ақсақалдар кеңесі облыс көлемінде көптеген кездесулер, әдеби-танымдық кештер, дөңгелек үстелдер, спорттық шаралар, отырыстар мен дәрітер өткізді. Ұйғыр ауданында Ақсақалдар кеңесінің отырысында жылдық жоспар келісіліп, кеңес құрамын жаңарту мәселесі қаралды. Кеген ауданында «Бейбітшілік бастауы – бірлік пен келісім» атты Ақсақалдар кеңесінің форумы өтті.
Қонаев қаласында басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, Жұмысшы мамндықтары жылына байланысты адал еңбектің мәнін түсіндіріліп, жастарға ақыл-кеңес берілді.
Ассамблеяның ақсақалдар кеңесі тарапынан тек іс-шара ұйымдастырылып қана қоймай, өзге де жұмыстар атқарылады. Өйткені ақсақалдар – қоғамдағы рухани тірек. Олар – ұрпақтан ұрпаққа даналық пен салт-дәстүрді жеткізуші. Халқымыз ежелден үлкенді сыйлау, ақсақалдардың ақыл-кеңесіне құлақ асу арқылы қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтаған. Осы орайда облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің тұрғындардың экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық мәселелерін шешуде ерекше маңызға ие болып отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, Талғар ауданында ақсақалдар кеңесі жолдардың нашарлығы, тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету, ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тұрғындардың өтініштерін қабылдап, тиісті шешімдер қарастырды. Іле ауданындағы газ және жер және Ұйғыр ауданы бойынша электр жарығы, ауданаралық автобуспен қатынас мәселелерінің шешу жолдары қарастырылуда. Ақсақалдар кеңесі «Жанұя» отбасын қолдау орталығымен тығыз байланыс орнатып, қайырымдылық орталықтарымен бірлесіп, көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіледі. Жұмыс барысында жастарға патриоттық тәрбие беруге, әлеуметтік және тұрмыстық дау-жанжалды шешуге, алдын алуға, қоғамдық келісімді нығайтуға атсалысады.
Қазіргі кезде этносарлық қатынастардың дұрыс реттелуі – маңызды мәселе. Әрбір этнос өзара сыйластық, түсіністік пен ынтымақтастық негізінде өмір сүруі тиіс. Сондықтан ел болашағы үшін өңірдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету және этносаралық жанжалды төмендету жолында этномедиацияны жүзеге асыру сияқты жауапты жұмыстар ақсақалдар тарапынан атқарылуда. Этномедияция саласы бойынша өтетін семинар-тренингтерге қатысып, білім-біліктерін арттыруда. Өйткені этносаралық жанжалға төрелік етіп, екі тарапты мәмілеге келтіру оңай шаруа емес.
Облыстық Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев 4-тоқсанда жоспарға сәйкес іс-шаралар ұйымдастырып, өткізетінін, қазан айында облыстық «Батагөй» байқауы және қарашада облыстық ақсақалдар кеңесінің кеңейтілген отырысы жоспарланғанын хабардар етті.
Қоғамда бейбітшілік пен түсіністік орнауына септігін тигізіп жатқан облыстық Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің ел бірлігін нығайту мен тұрақтылықты сақтау жолындағы еңбектері сәттілік тілейміз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ