Жасыл энергетика саласындағы өз бастамаларын ілгерілетуді көздейтін «Jastar future energy» жастар қозғалысы күн өткен сайын еліміздегі ең бастамашыл ұйым ретінде танылып келеді. Жақында табиғаты көрікті Талғар ауданы Бесқайнар ауылындағы «Be Fine» отбасылық демалыс аймағында облыстың алты өңірі мен Астана қаласының жастары жиналған үш күндік жастар форумы өтті.
Жас көшбасшылар бас қосқан жиынға 35 жасқа дейінгі алдағы мақсаты айқын, жаңа сынаққа дайын және кәсіби өсуді басты бағыт ретінде ұстанатын бастамашыл, белсенді буын жиналды. «Жаңа толқын» жобасы аясында өткен іс-шараның басты мақсаты – пікір алмасу және заманауи жобаларды іске асыру болды. Оған қоғамдық ұйымдардың, этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.
Форумды облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі Сұлтан Нұрдәулетов ашып, өзінің құттықтау сөзінде жастардың қоғам өміріндегі рөлін, олар – елді жаңғыртудың басты қозғаушы күші екенін атап өтті.
Жиында сөз алған «Жастар ассамблеясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев «ҚХА қызметіндегі жастар ассамблеясының рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол «Жастар ассамблеясы» – көптеген этнос өкілдерін өз қанатының астына біріктірген бірегей ұйым екенін айтты. Спикер сондай-ақ форум ұйымдастырушыларының жетекші рөлін, жастар арасында пікір, тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыра алған «Jastar future energy» жазғы лагерь жұмысының маңызына да тоқталды.
– Біздің міндетіміз – жастардың рөлі мен беделін арттыру, олардың қарым-қабілетін дамытып, мәдениетаралық коммуникация үдерісіне жиі қатысуына ықпал ету. Мұндай форумдар түрлі құрылымдар арасында диалог құруға мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге жас көшбасшыларды, еліміздің кадрлық резервін дайындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі кездесудің арқасында ауыл мұғалімдерін, еңбек жастарын біздің ортаға тартуға қатысты көптеген идея мен ұсыныстар айтылды, – деді Тимур Жұмырбаев.
«Қазақстанның ұйғыр жастары одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Жастар ассамблеясы» РҚБ төрағасының кеңесшісі Рүстем Қайыровтың «ҚХА жасанды интеллект дәуірінде – бірлікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында сөйлеген сөзі де осы сипатта болды. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кеңешевтің «Жарқын болашақ: жастардың әлеуеті мен мүмкіндіктері» тақырыбында сөйлеген сөзі де ешкімді бей-жай қалдырмады.
– Мұндағы басты мақсат – Қазақстан халқының қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігі негізінде жастарды дамыту және топтастыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі шеңберінде жастардың бастамаларын қолдау және қоғамдық белсенділігін арттыру. Жұмыстың негізгі бағыты мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру деп санаймын. Ол үшін бірінші кезекте жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қамтамасыз етілуі тиіс. Екіншіден, жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне белсенді түрде тарту қажет. Үшіншіден, азаматтықты тәрбиелеу және қазақстандық патриотизм сезімін нығайтуымыз аса маңызды, – деді Мақсат Кеңешев.
Форум қатысушылары спикерлер жасаған барлық баяндаманы үлкен қызығушылықпен тыңдап қана қоймай, жастарды дамыту және жаңа жобалар мен бастамаларды іске асыру тақырыбындағы пікірталасты белсенді өрістете отырып, оларға өздерін мазалайтын сұрақтар да қойды. Үш күн жалғасқан шара кезінде жас көшбасшыларға ҚХА-ның 30 жылдығына арналған шеберлік сыныптары, фильмдер, бейнеүзінділер, этноойындар, музыкалық супен-эйрлер, челлендж көрсетілді.
Форум қарым-қатынас және тәжірибе алмасу форматында өтті. Қатысушылар мазмұнды баяндамалар тыңдап, нақты тәжірибеге негізделген пайдалы кеңестер алды, тренингтер, сұхбат алаңдары мен шеберлік сыныптарынан өтті. Жастар форумы тек мереке ғана емес, мемлекеттік қолдауды, кәсіпқойлар тәжірибесі мен жаңа буын энергиясын біріктірген ауқымды пікірталас алаңына айналды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы