Өмірдің мәнін ұғындырып, жүрекке терең бойлайтын жырлар болады. Міне, сондай өлең жолдары тағдырлы ғұмырдың, мөлдір сағыныштың, ыстық бауырмалдықтың мәңгілік ізі болып қалады. Санаңнан да еш өшпейді, көңіліңде ғұмыр бойы сақталады.
Сондай сырлы да мұңды жырдың бірі – биік сыйластығы мен зор құрметін әсерлі шумақтарға сыйғызып, бауырдың қадірін бағалап, оған деген шексіз алғысын жеткізген марқұм Жеңіс Әбдірахмановтың өлеңі. Бұл жүрек сөзі Жеңіс Оразбайұлының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған аманаты іспетті. Ол оны ерекше бір ыстық ықыласпен, бала күнінен өзіне қамқор болған аяулы әпкесі Шәріпжамал Арғынбаеваға арнаған. Жеңіс ағамыздың өлеңінен әрбір шумақ сайын балалық естеліктің ізі, әпкенің ыстық алақаны, туған-туысқа деген жан жылуы сезіліп тұр.
Иә, әпке – қазақ үшін ерекше ұғым. Ол кейде ана орнын басады, кейде әке орнына сүйеніш болады. Ал Жеңіс ағаның жүрекжарды жырынан Шәріпжамал Оразбайқызының дәл осындай айрықша тұлғасын танимыз. Жеңіс ағаға жетімдікті көрсетпей, бауырының да, өз балаларының да қамқоршысы болып, қиналғанда қолдау көрсетіп, ақылын айтып, өмірлік жолына бағыт-бағдар сілтеген ардақты жан еді. Ағамыз осының барлығын өлең шумақтарына сыйғызып, көңіл көгінде қалықтаған сезім сырын ақ қағазға түсірген. Өмірдің талай сынағынан мойымай өткен, тағдырдың қиындығына қайыспаған, төзімі мен мейірімі арқылы айналасына шуақ сыйлаған әпкенің бейнесі бұл өлеңде өшпестей болып өрілген. Әпкесінің еңбегін бағалаған інінің жүрегінен шыққан бұл өлең жолдары бүгінгі ұрпаққа бауырмалдықтың, адамдықтың асыл үлгісін паш етеді. Жеңіс ағамыз көзі тірісінде жазған осы бір өлеңін қайыра еске түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Әпкем Шәріпжамалға
Айтар болсам бағамдай,
Бастан күнді кешірген.
Үлкен әпкем анамдай,
Тәрбие беріп өсірген.Өз әпкемді апа деп,
Бала кезден елегем.
Әке орнына әке боп,
Мейірімге бөлеген.Бауырым деп, барым деп,
Аялайтын көп бізді.
Жалғыз туған бағым деп,
Тәрбие берді, жеткізді.Қадіріңді шынымен,
Біле алмадым жасымда.
Енді, міне, толғанып,
Өлең жаздым асыға.Немере мен шөбере,
Еріп жүрсін қасыңда.
Ұзақ өмір тіледім,
Бір өзіңнің басыңа.Түсінерсің, әпкешім,
Сенен асыл таппадым.
Кішкенеден өсірдің,
Арқаладың, көтердің.Қатем болса кешірдің,
Қалауымды әпердің.
Білем, әпкем, бәрінде
Еңбегің еш болмады.Мені жалғыз қалдырмай,
Көктеттің-дағы, жеткіздің.
Болар ма екен жан мұндай,
Алғысымыз көп біздің.Үлкен әпкем, жасай бер,
Құдай берген жасыңда.
Бала-шағаң аман боп,
Бақыт қонсын басыңа.
Жеңіс аға мен Шәріпжамал апамыз бүгінде ортамызда болмағанымен, олардың көзі тірі кезіндегі бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі баршамызға үлгі екені сөзсіз.
Ләйлә Арғынбаева
Талдықорған қаласы,
Жетісу облысы




