Перейти к содержимому
Главная страница » Азаматтық қоғам мемлекет дамуына жол ашады

Азаматтық қоғам мемлекет дамуына жол ашады

     Қонаев қаласында жер­гілікті үкіметтік емес ұйымдардың мемлекетті басқару ісіне қатысуына арналған облыстық азаматтық форум өтті. Форумға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, саяси партиялардың өкілдері, ішкі сая­сат жетекшілері әр деңгейдегі мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестердің мүшелері, ҮЕҰ төрағалары және Атырау, Қызылорда, Түркістан, Павлодар, Жамбыл, Абай, Жетісу облыстары мен Алматы қаласынан келген қонақтар қатысты.

Шараның ашылу салтанатында алғашқы сөз облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Әсел Жалғасбаеваға берілді.
– Қоғам мен билік арасындағы сенімді серіктестікке жол ашатын форум барысында үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер, белсенді азаматтар мен сарапшылар бас қосып, ортақ мәселелерді талқылап, шешу жолдарын бірлесе қарастырып, нақты ұсыныстар әзірленеді. Біздің облыста жұмыс істеп жатқан шағын үкіметтік емес ұйымдардың қызметін ерекше атап өткім келеді. Олар – жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелерді дер кезінде көтеріп, шешімдерін ұсынатын белсенді күш. Азаматтық сектор тек бақылаушы емес, бастамашыл әріптеске айналуы тиіс. Ауылдық деңгейдегі бастамалардан облыстық деңгейдегі ірі жобаларға дейін проактивті мәдениетті қалыптастыруымыз қажет. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асатын жобаларға қоғамдық бақылау орнату сапаны арттыруға, тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік жасайды. Қазіргі уақытта талқыланып жатқан «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» Заң жобасы – еліміздегі үшінші сектордың одан әрі дамуына жол ашатын маңызды қадам. Бұл заң азаматтық қоғамның құқықтарын нақтылай отырып, мемлекеттің серіктесі ретіндегі рөлін арттырады, – деді Әсел Мұратқызы.
Алматы облысының Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар қауымдастығы нысанындағы бірлестігінің президенті Қазыбек Дәуітәлиев форумның бағдарламасымен таныстырғаннан кейін екі панельдік сессия өткізілді. «Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнама жүйесі және жергілікті қоғамдастықтардың шешім қабылдау процесіне қатысуы» және «Азаматтық қоғам институттарының дамуы – өңірдің игілігі» атты панельдік сессияларда бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қауымдастық құру және тағы басқа тақырыптар жайлы сөз қозғалды. Сонымен бірге ҮЕҰ-дар мемлекеттен тікелей қаржыландырылмайтыны, гранттар мен әлеуметтік тапсырыс аясында қалай маңызды жобаларға қатысуға болатыны кеңінен түсіндірілді.
Спикердің бірі, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Жанна Қырғызалықызы қоғамдық институттармен ықпалдастық бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде хабардар етті. Айтуынша, кәсіпкерлер палатасы «Инвестициялық интерактивті карта» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді жаңарту бойынша жұмысты күшейткен. Бастапқыда жүйеде 5 628 жұмыс орны ашылып, 1,013 триллион теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба тіркелген болса, жаңарту барысында палата мамандары 7 994 жұмыс орнын құруды көздейтін 866,8 млрд теңгені құрайтын тағы 48 жобаны қосымша енгізген. Әрбір жоба бойынша деректерді нақтылау және қолдаудың тиімділігін бағалау жұмысы жүргізіліп, инвестициялық ақпараттың сенімділігі артқан.
– Облыстың инвестициялық әлеуетінің заманауи көрінісі қамтамасыз етіліп, жобаларды тиімді мониторингілеу, талдау және жылжыту үшін негіз қалыптастырылды. Кәсіпкерлердің қолайлы жағдайын жасау мақсатында облыста 9 салалық кеңес жұмыс істейді. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғау шеңберінде жыл басынан бері іс азаматтық сотта қаралып, оның 21-і кәсіпкерлердің пайдасына шығарылды. Айта кететін мәселе – Алатау қаласы құрылғаннан кейін кәсіпкерлердің жер телімін, тұрғын үйін, кәсіпорындарын тіркей алмай отырғаны. Жаңа шаһардың Бас жоспарына сәйкес қалада кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер телімдерін беру қарастырылмаған. Көптеген кәсіпкер осындай жағдайға тап болуда. Сонымен қатар кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін басқа да карьерлердің одан әрі қызметін реттеу мәселесі бар.
Былтыр Алатау қаласын дамытудың Бас жоспары бекітілгенде жеке меншіктегі жер телімдерінің көбі «резервтегі аумақтарға» өтіп кеткен.
Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған Бас жоспар жобасында мұндай нормалар жоқ, бұл мәселе қоғамдық тыңдауда да талқыланбаған, – деген Жанна Қырғызалықызы іскерлік байланыстар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы, іскер әйелдердің жұмысын насихаттау, модульдік ғимараттарда өндіріс орнын ашып, жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру және олардың арасында кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтарды бизнеске тарту бағытында атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Панельдік сессиялар мәресіне жеткен соң, қаланың көрікті жерлерін аралап, «Тұлпар» ретросалонында болып, Қапшағай су қоймасын көріп қайтқан форумға қатысушылар пленарлық жиында бас қосты. Мінберге шыққан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл басқосудың азаматтық қоғамның дамуына серпін беретінін, мемлекеттің болашағына бағытталған аса маңызды алаң екенін атап өтті. Сессияларда қоғам үшін өзекті ұсыныстар ортаға салынғанын, олардың ескеріліп, жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қабылданатынына жұртшылықтың назарын аударды.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деп атап өткен болатын. Алматы облысында да осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 952,2 млн теңгеге 75 жоба жүзеге асса, биыл 1,1 млрд теңгеге 82 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға, жастар бастамаларын дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, экология мен денсаулық сақтауға, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған. Елімізде азаматтық қоғамды қолдау мақсатында «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Жаңа Қазақстан – әділетті қоғам» сияқты ұлттық жобалар қолға алынған, – деді облыс әкімі.
– Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында көтерілген аса маңызды мәселенің бірі – жасанды интеллект жүйесін жаппай қолдану. Жаңа технологияларды дұрыс түсіндіру, оны жергілікті қоғамға жеткізу ісінде үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің рөлі ерекше болмақ. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз бен тың идеяларыңыз – қоғамымызды жаңғыртып, елдің дамуына жол ашады. Біз ортақ күш-жігеріміздің нәтижесінде өңірімізді гүлдендіріп, әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қоса аламыз, – деп сөзін аяқтады Марат Елеусізұлы.
Келесі кезекте Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» Заңның қоғамда кең ауқымды талқылау арқылы қабылданатынын айтты. Одан кейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева сөз алып, өзі жетекшілік ететін қор тарапынан қандай жобалардың іске асырылып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ форум жайлы ой бөліскен Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева елімізде тіркелген ҮЕҰ-дың көпшілігінің құрамын егде жастағылардың құрайтынын айтып, осы салаға жастарды тарту жайлы ұсыныс айтты.
Жиын соңында бірқатар белсенді ұйым төрағалары облыс әкімі мен Қазақстанның Азаматтық Альянсы президентінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ