Осы жылдың 12-13 қыркүйегінде Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында грек-рим және еркін күрестен спорт шеберлері арасында халықаралық турнир өтті. Бұл дүбірлі дода Венгрияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде ұйымдастырылды.
Қазақстан құрамасының балуандары жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып, әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Бас бапкер Бақашар Қыпшақовтың да еңбегін ерекше атап өту маңызды.
Аталған халықаралық сынға Қазақстан командасының қатысуына Алматы облысы Қонаев қаласының тұрғыны, жерлестерінің жанашыры, меценат Қуаныш Патшабай айрықша үлес қосқанын айтпай кетуге болмайды. Қиын сәтте қаржылай қолдау білдіріп, ұлттық құраманың сапарға шығуына демеушілік жасаған Қуаныш ағамыздың бұл игілікті ісі – шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.
Қазақстан күрес федерациясы мен ұлттық құрама палуандары Қуаныш Патшабайұлына шынайы алғысын білдіріп, елге деген жанашырлығын зор құрметпен бағалауда. Жомарт жүректі азаматтың арқасында спортшыларымыз халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап қайтты.
Айта кету керек, бұл турнирге жасөспірімдермен қатар 35 жастан 60 жасқа дейінгі тәжірибелі спортшылар да қатысты. Демек, жарыс – тек спорт бәсекесі ғана емес, ел бірлігі мен отансүйгіштік рухты дәріптейтін маңызды алаң болды.
Алдағы 15 қазанда Венгрияда өтетін әлем чемпионатында палуандарымыз тағы да ел намысын қорғауға дайын. Бұл жолда да Қуаныш Патшабайұлы сынды азаматтардың қолдауы үлкен демеу болары анық.
Қуаныш ағамыздың бұл өнегелі қадамы – туған еліне, халқына адал қызмет ете алатынын көрсететін жарқын мысал. Еліне елеулі, халқына қалаулы осындай азаматтарымыз көп болғай!
Ұлттық құрама мен қазақ күресі атынан Қуаныш Патшабайұлына зор ризашылық білдіреміз.
Айна Мұқанова