Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, оны қызықты, мағыналы өткізу – әркімнің өз қолында. Сондықтан уысымыздағы бақыттан ажырамас үшін қиындықпен күресуден, сәттілік үшін сынға түсуден шаршамауға тиіспіз. Біз көбінесе жұлдызы жанған жандарға тамсанудан жалықпаймыз. «Қандай бақытты жан, жолы болғыш. Ондай болу қайда?» дейміз үнемі. Бірақ соларға қарап еңбектенуді, алға ұмтылуды ойламаймыз. Бір адамның жеткен жетістігіне өзіміздің де жете алатынымыз қаперімізге кірмейді. Ол бағындырған биікке талаптансаңыз, сіз де жете аласыз. Ең бастысы, ынта болсын.
Қазақ қашанда қыз баланы ерекше қадірлеген. Басқа ошақтың түтінін түтететін, шырағын жағатын оларды қонақ тұтып, төрден орын берген. Ақын мен батырды да, әнші мен күйшіні де, би мен шешенді де өмірге әкелген – ардақты ана. Сол себепті небір мықты да, алып та ананың алдында бас иген. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле!» – деген даналық сөздің мәні тым тереңде жатыр. Ел мақтанышы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының: «Жер бетіндегі ең батыр адам, ол – қыз. Мен қанша батыр болсам да бөтен, танымайтын елде бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіре, сыйлата да алады», – деген сөзі Шайымхан Исаеваға арнап айтылғандай. Олай болса Алматы облысында туып, Шымкентке келін болған Шайымханның өмір жолына үңілейік.
Ол 1953 жылы 29 қазанда Жамбыл ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. 1960 жылы сол жердегі мектепке барады. Бала кезінен бастап еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа бой үйретіп, сабырлы, ибалы, инабатты болып бойжетті. Еңбектің наны тәтті екенін осы кезде шындап ұғынды. Мектеп қабырғасында жүргенде көшбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, үздік оқушылар қатарында болды. 1968 жылы сегізінші сыныптан кейін Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне түсіп, 1970 жылы бітіреді де, Ұзынағаштағы Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып істейді. 1971 жылы Қыздар педагогикалық институтында музыка пәні мұғалімі мамандығын игеріп, зейнеткерлікке шыққанша мектепте ұстаздық қызмет атқарды.
Студент кезінде шымкенттік жігітпен танысып, оңтүстікке келін болады. Арман-мақсаттары бір арнаға тоғысқан екі жас ізденуден танбай еңбек етті. Дүниеге бес бала келді. Өмірдің ыстық-суығын қатар көріп, ұлын ұлықты, қыздарын қылықты етіп өсірген Шайымхан әже кез-келген мәселені байсалды, тиянақты етіп шешетін, жаны жомарт жанмен жолықтырған Алла тағалаға сансыз шүкіршілік етеді. Туған-туыс, жора-жолдастарының ортасында беделді, сыйлы.
Қазір Жамбыл ауданында тұратын бұл отбасы облыстық «Өнерлі отбасы» байқауынан І орын алған. Шайымханның өзі «Жыл мұғалімі» байқауында топ жарған. Өнерге тәрбиелеген шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарда үнемі жүлделі орын алып жүрді. Шайымхан 20 жылдан бері жұмысымен қатар Ұзынағаштағы әжелер халық ансамблінің белді мүшесі. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ұжыммен жақсы жұмыс істейді. Домбыра, баян, гитара және тағы да басқа аспаптарда ойнайтын, әдемі дауыспен ән салатын өнер адамы.
Шайымхан – Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», «Ардақты ұстаз» медальдарының иегері, Қазақстанның «Алтын кітабына» енген.
Барлық қажыр-қайратын еліміздің ертеңіне арнаған Шайымхан Исаеваға мықты денсаулық, қажымас қайрат, қазақ қыздарын, жігерлі жастарды тәрбиелеуге үлес қосып жүре беруін тілейміз.
Күміс Пармашқызы
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы




