Қонаев қаласында 23-маусым Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік басқосуды кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Альмира Нүсіпбаеваның, Жамбыл ауданы Теміржол ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұржамал Дауылбаеваның, Балқаш ауданы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі Марат Болатовтың кеудесіне «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тақты.
Жамбыл ауданы Бозой ауылдық округінің әкімі Торғын Бейсембаева, Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округінің әкімі Мақсат Маханбетқалиұлы, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылдық округінің әкімі Есбол Рысбаев облыс әкімінің Құрмет грамотасын және туризм басқармасының бөлім басшысы Ханкей Дастар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті бас маманы Ерсін Әбікен, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Бейбіт Сарқұлов, қаржы басқармасының бас маманы Берік Әбдікәрімов облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің облыс әкімдігімен бірлесіп Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, өткізілген «Отбасым – үйім, отбасым – тірегім, атты ұлттық спорт түрлерінен отбасылық жарыста жүлделі 1 орынға ие болған облыстық әділет департаментінен Жұмаділовтар отбасы, мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілген XV жазғы спартакиадада жалпыкомандалық есепте жеңімпаз атанған Еңбекшіқазақ ауданының командасы марапатталды.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұловаға сөз кезегі берілді.
-Бүгінде облыстың мемлекеттік органдарында 4152 қызметші еңбек етіп жүр. Облыстың мемлекеттік қызметшілерінің орташа жасы – 40, мемлекеттік қызметтің орташа өтілі – 11 жыл, 50 пайызы – әйелдер. Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру мақсатында мемлекеттік қызмет заңнамаларына көптеген өзгерістер енгізілуде. Қарасай ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Жарылқасын Сақтаған Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған республикалық байқауда жеңімпаз болып, бүгін Астана қаласында марапаттау рәсміне қатысуда. Мемлекеттік қызметте көптеген адал және білікті кадрлар бар. Олар халықтың игілігі үшін тынымсыз қызмет атқаруда. Мемлекеттік қызметшілердің қажырлы еңбегінің арқасында елімізде түрлі салаларда бірқатар реформалар табысты жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген ерекше сенімнің белгісі. Сенім артып отырған халыққа қызмет етуден құрметті мамандық жоқ, – деді департамент басшысы.
Ләззат Мұқатайқызы саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, адал еңбек етіп жүрген әділет департаменті басшысының орынбасары Ержан Еркеновке, облыс әкімі аппаратының бас маманы Әсел Жұмахановаға, Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Әнуар Әбеновке, санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мүсілім Сағадиевке мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Күлімхан Боранбаеваға департамент басшысының Құрмет грамотасын табыс етті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер арасында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, мәдени-тарихи құндылықтарды түсіну мақсатында өткізілген «Дәстүрден тағылым» байқауында топ жарған Талғар ауданының командасына, «Үздік Әдеп жөніндегі уәкіл» байқауының жеңімпазы Іле ауданы әкімі аппаратының басшысы Азамат Жандосов, «Ең үздік видео құттықтау» байқауында 1-орынды еншілеген ие болған Қонаев қаласының әкімдігіне тиісті марапаттарын табыс етті.
Одан кейін «Мемлекеттік қызметшілерді құттықтау туралы» байқауда 1-орынды жеңіп алған Қонаев қаласы әкімдігінің құттықтау видеосы қатысушылардың назарына ұсынылды.
Еліне адал қызмет ету үшін мемлекеттік қызметкер атанып, еңбек жолын бастап жатқан ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Мөлдір Даниярова, тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Азаматжан Тұранқұлов салтанатты түрде ант қабылдады. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айжарық Көптілеуов