Студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көріп, ақ қанат арманға қол созған, жастық дәуреніміз бірге өрілген жан құрбымыз Назгүл туралы өткен шақпен ой қозғау қандай қиын еді?! Иә, осы күнге дейін курстастар Назгүл деуден жаңылмаған Айгүл Аханбайқызы қос есімін де аспандата білген аяулы жан еді. Сонау 90-жылдары ҚазМУ-дың журналистика факультетіне қабылданып, студенттік өмірдің алғашқы парағын Жандосов ауылындағы алма бағынан бастаған біздер бір-бірімізді жатсынбай, бірден бауыр басып кеттік. Еліміздің әр түкпірінен келген қыз-жігіттердің арасында аққұба жүзді Назгүл Халықованы қалалық қыз деп қабылдадық. Өйткені ол Ақсу ауданының Ойтоған ауылында дүниеге келіп, Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектептің табалдырығын аттағанымен, жоғары сыныпты Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №86 орта мектепте тәмамдаған.
Білімі терең, ойы ұшқыр әрі арамыздағы алғыр Назгүл алғашқы еңбек жолын студент шағында Алматы облыстық «Жетісу» газетінде тілші болып бастады. Журналистердің ұстаханасына айналған ата басылымның босағасына имене кірген курстастар Күнсая Ерғазиева, Назгүл Халықова және бас редактор Баймолда Мұса, жауапты хатшы Жұмаш Арғымбайұлы, бөлім меңгерушісі Орысбай Әбділдәұлы бастаған алдыңғы буын аға-апайлардың тәлім-тәрбиесін бірге сіңірдік, газет ісінің тыныс-тіршілігін түсіндік. Сол кезден-ақ Назгүл Халықованың өндіре жазған мақалалары қалың оқырманға жарқырай жол тартып жататын.
Кейіннен қаламы ұшқыр курстастарымыздың бірқатары республикалық «Жас Алаш» газетінде қызмет етті. Атап айтсам, аттары алты Алашқа мәлім Әмірхан Балқыбек, Қазыбек Құттымұратұлы, Абылай Қиялұлы, Гүлнәр Жұмабайқызы, Гүлзат Нұрмолдақызымен қатар Назгүл Халықованың есімдері ерте танылды. Оқырманы қалың ормандай басылымның мән-мазмұнын арттыруда курстастардың қосқан үлесі зор болғаны белгілі. Бұл орайда Назгүлдің жазу өрнегі де өзінше көркем еді. Әу бастан журналистің жүгін жүрегімен сезініп, әр сөзіне адалдықтың дәнін егіп, шырайын кіргізетін шеберлігі шын мәнінде ортасынан оқ бойы оздырып тұратын. Дәуір жүгін арқалаған басылымның «Алдаспан» қосымшасына жетекшілік етіп, ақиқат пен адалдықтың ақ туын желбіретті. Циклдық мақалалардың да авторы ретінде есімі кеңінен танылған Айгүл Аханбайқызы әр тақырыпқа атүсті қарамай, тереңнен толғап, зерттеп, зерделеп жазуды айнымас әдетіне айналдырды.
Таңғы шықтай мөлдірете жазған мақалалары өзі қызмет еткен «Қазақ әдебиеті», «Айқын» және «Халық сөзі» басылымдарында да мәңгілік тақырып болып қалды. Бұл басылымдарда бөлім редакторы, бас редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
«Ешкім оны дей алмас:
жай гүл еді,
Жарқыраған көктегі
Ай нұры еді.
Ажары ашық болғанмен
ар жағында,
Айықпас мұң – ауыр бір
қайғыда еді.
Назгүл еді ол және
Айгүл еді,
Ортасында жұлдыздың
Ай бір өзі.
Жарыстырған біздерді
жазуы да,
Таныс қылған газет ол «Айқын» еді», – деп ақын, журналист Төреғали Тәшенов ағамыздың қазанамасында айтылғандай, қазақ журналистикасының жарық жұлдызына айналған Назгүл Халықова – Айгүл Аханбайқызының есімі мәңгілікке ұмытылмайды. Оның жазу мәнері мен ізденісі, ой-толғамдары, қолына қалам ұстаған жас тілшілердің өнеге алар үлкен мектебіне айналары ақиқат.
Журналистиканың хас шеберіне айналған әріптесіміз біраз жылын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының баспасөз қызметіне арнады. Осы салада жүріп қазақ мәдениеті мен руханиятының қамбасын сүбелі сұхбат, зерттеу мақалаларымен толықтырды. Театр, кино жұлдыздары мен жаңа қойылымдарды қалың бұқараға танытудағы ізденіске толы шығармалары өзінің осы тұрғыда кәсіби маманнан кем түспейтін көсемсөз шебері екенін танытты. Қаламынан сауғалаған әр сөзінен күн шуағы сезілетін, нәрлі де мәнді мақалалары, сырға тұнған сұхбаттары арқылы журналист-публицист ретінде жарқырай түсті. Оған қаламы қуатты Айгүл Аханбайқызының «Оқырман күткен әңгіме» атты кітабы дәлел.
«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ», – деп Халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқандай, кешегі Алаш арыстарынан бастап, ұлт руханиятына қызмет еткен қазақ журналистикасының қоржынын рухани-мәдени тақырыптармен байытқан Айгүл Аханбайқызы ел басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде де тыным таппай қалам тербеп, оқырман көңілін тұщытар талай дүниелері тасқа басылды.
Біз сөз етіп отырған аяулы әріптесіміз Назгүл – Айгүл Аханбайқызы қазақ журналистикасындағы аса дарынды қалам иесі болумен қатар, ұл-қызын өмірге әкелген асыл ана, аяулы жар болғанын айрықша айтқым келеді. Бір қолымен қалам тербесе, енді бірімен қазан қайнатқан ақпейіл жан еді. Арқа сүйеген азаматы Ержан екеуі еңбекқор әрі қонақжай болды. Көппен сыйласты, алыс-жақын, ағайын-туыстың талайын төріне оздырып, дәм ұсынып, бата-тілек алудан шаршаған емес. Сөйтіп, ырыс қонақтаған қара шаңырағында ұлы Нұрбек пен қызы Айғанымның бойына дарқандықтың, кісілік пен кішіліктің, ізгіліктің үлгі-өнегесін дарытты. Жалғыз Жүнісбековтер әулетіне ғана емес, ел-жұртқа «Келіні жақсының – керегесі алтын» екенін көрсете білді.
Жан құрбымыздың соңғы бес-алты жылда дендеген ауыр дертпен күресте мұқалмаған қайсарлығы қайран қалдырады. Өйткені ол тағдырдың қатал сынына сынбады, жабырқамады, жайраңдап жүрді. Жаздай жайнаған дидары мен күміс күлкісі науқасынан құлан-таза айығып кеткендей кейіп танытты. Сол бір сиқырлы күш-қуаты аты жаман ауру жабысқалы жаны күйзеліп, тәні ауырса да, сырт көзге сездірмей, журналистикаға деген адалдығынан, сертінен бір сәт те айнымады. Алматы қаласындағы мәдени іс-шаралардың ешбірінен шет қалмай, өмірінің соңына дейін қаламын тастамай, жанкештілік таныта қызмет етті.
Қандай да бір тақырыпты қаузауда баспасөз баянына сүйеніп, сүйкете салуға жаны қас болды. Әр мақаласын қасаңдықтан сақтап, жан бітіре жазатын. Осындай еселі еңбектің арқасында қаламы қарымды Айгүл Аханбайқызы «Ақпарат саласының үздігі» атанса, өткен жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алып, марқайып қайтты. Еңбегінің бағаланғанына шын қуанған еді.
Жарық сәулемен қоштасар сәт жақындай түскенін сезгендей, өмірден өтерден он шақты күн бұрын ғана келін алып, маңдайынан сүйді. Десе де оқырман жүрегін жылытқан «Әжемнің арқасы» атты шығармасында бейнелеген немере арқалаған әженің өмірін өз басынан өткізе алмағаны өкініш болып қалды. Онда қасиетті қалам иесі, көсемсөз шебері былай дейтін еді: «Кішкентай кейуананың сұрақ белгісіндей бүгілген белі бір үйдің бармақтай үмітін ғана емес, болашақ еліне қызмет ететін тау тұлғалы азаматын ауырсынбай арқалап бара жатқанын қалай ұмытайық? Бұл – бүгінгі орта жасқа келіп қалған буыннан жоғары барлық үлкендеріміздің басынан өткен таныс жағдай. Әкенің мойыны мен әженің арқасы қазақ баласының алтын тағы еді», – деп суреттеген Айгүл Аханбайқызының ұрпақ тәрбиесіндегі толғауы тоқсан мәселені осылайша түйіндей келіп, әкенің мойыны мен әженің арқасын алтын таққа теңеудегі тапқырлығы оның журналистикадағы даралығы мен шеберлігін Алатаудай аспандата түсті. Ал таулар алыстаған сайын биіктей түсер болса, біз білетін Назгүл – Айгүл Аханбайқызының есімі мен жарқын бейнесі жадымызда жаңғырып, уақыт өткен сайын Алатаудың ақбас шыңындай жарқырай түсері хақ! Олай болса, сөз соңын біздің курстың ғана емес, Алаштың мақтанышы, ақын Жарас Сәрсектің жүрек үнімен түйіндеуді жөн көрдім.
Қаламыңда қуат бар,
Қабағыңда шуақ бар,
Жан едің ғой аяулы,
Жайың болсын жұмақтан!
Ұлбосын ИСАБЕК,
журналист