☀️
7°C
Қонаев
Жұма, Қараша 21, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    «СҰХБАТ-ТЕЛЕФОН»

    («Лениншіл жастың» оқырмандарымен тікелей байланыс орнатқан айдарын ең алғаш КСРО Халық әртісі Нұрғиса Тілендиев ашып, жүргізіп берген еді)

    04.10.2025
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Руханият, Сұхбат
    «СҰХБАТ-ТЕЛЕФОН»
    0
    SHARES
    15
    VIEWS

    СӨЗ БАСЫ. 1985 жылғы өмірге келген демократия мен жариялылықтың арқасында КСРО атты алып елде ептеген еркіндік пайда бола бастады. Қайта құру деп аталатын оның алғашқы белгілері, мысалы, сол кездегі Мәскеуде шығатын «Аргументы и факты», «Огонек», «Московские новости» газет-журналдары беттерінде көрініс тауып, бел алды десек, еш қателеспейміз. Соны негізге алған біздің республикамыздағы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») басылымы нөмір аралатып тың ой, жаңа көзқарас, батыл пікірге толы мақалаларды жариялай бастады. Мұны сол уақытта онда жұмыс істейтін біздер жақсы білеміз.
    …Бір күні, яғни 1985 жылғы желтоқсан айының аяғында өткен редакциядағы жиналыста редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов ұжым мүшелеріне қызықты бір идея айтты. Ол «Комсомольская правда» газетінде пайда болған «Горячая линия» айдарының одақ оқырмандары тарапынан кең қолдау тапқандығы туралы әңгіме еді. Иә, бұл туралы бәріміз білетінбіз. Оқығанбыз. Аталмыш рубриканың алғашқы қонағы халықаралық шолушы Генрих Боровиктің бүкіл еліміздің түкпір-түкпірінен қойылған өткір сұрақтарға ешбір жалтақсыз жауап бергеніне қызығып, таңданғанбыз, риза болғанбыз.
    Сейдахмет аға өзі өткізіп отырған лездеме жиналыста осыны есімізге салды да: «Біз де неге өз газетіміздің бетінде ел-жұрт өкілдері қатысатын осындай ашық әңгіме өткізбеске?!» – деді. Сөйтті де өзінің қашанғы тез, әрі кесімді іс-әрекетімен болашақ айдарға «Сұхбат-телефон» деген ат қойды да оны ұйымдастыруды редакциядағы әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Қамбар Керейқұловқа тапсырды. Бірақ ол сол кездегі өзінің философия тақырыбынан қорғайтын кандидаттық диссертациясының мерзімі таяп қалғанын, мүмкін болса мұны басқа қызметкер құзыретіне беруді өтінді. Содан… Иә, содан кейінгі талқылаудан соң сөз етілген жұмысты дайындап жүргізу біздің насихат бөліміне жүктелді де, әріптесім Қонысбек Ботбаев екеуміз іске бірден кірісіп кеттік. Мұндайда ең бірінші жасалатын нәрсе жоспар ғой. Сол бойынша алдымен анықтап алғанымыз: «Сұхбат-телефонды» жүргізіп, елдің ондағы қойған сұрақтарына кім жауап бере алады?» деген мәселе болды. Бұған бірден-бір лайықты адам деп КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» ансамблінің жетекшісі Нұрғиса Тілендиев таңдалды. Бұл ұсыныс редакторат тарапынан қолдау тауып, бекіген соң алдағы айдардың мән-мақсаты мен оған қатысатын атақты тұлға, онымен сөйлесуге арналған төрт телефон нөмірлері жазылған хабарландыруды апта сайын беріп отырдық. Мұнымен қатар республикамыздың 19 облысындағы өзіміздің бес аймақтық тілшілерімізді де ұйымдастыру жұмыстарына тартуды ұмытқанымыз жоқ. Ақыры 1986 жылғы қаңтардың алғашқы үш аптасындағы жоғарыдағыдай алашапқын аяқталды-ау. Міне, сол мезетте, яғни 28 қаңтар күнгі сағат 11-ден 45 минут өткенде атақты Нұрағаң ұлылықпен қоса кішілік те көрсетіп, «Лениншіл жас» газеті табалдырығын аттаған еді. Одан кейінгі оқиға төмендегідей болды, құрметті оқырман!

    ***
    Белгіленген уақытқа дейінгі соңғы секундтар. Редакция ішіндегі қарбалас сәт саябырсып, жұрттың бәрі сағат тықылына құлақ түргендей тына қалған. Тек радиоқабылдағыштан төгілген әсем әуен баяу ғана естіліп тұр. Алдын ала жасалған жоспар бойынша, сағат тілі 12-ге қарай құлаған сәтте-ақ телефондағы әңгіме анық естілуі үшін оны өшіріп тастауға тиіс болатынбыз. Алайда, бұл жолы нұсқауды орындауға ешкім асыға қойған жоқ. Радио ауыл еңбеккерлеріне арнап концерт беріп жатты «Жазира жасыл кілем өрнектеген, туған жерге, дариға, жер жетпеген…»
    Былайша, мыңдаған газет оқырман­дарымен байланысқа шығу үшін қажет нәрсенің бәрі де жасалған сияқты. Солай бола тұрса да осы жолы ұйымдастырып жүргендердің барлығының да жүзінен аздаған жүрексіну байқалады. Қанша дегенмен, бұл – «Сұхбат-телефонның» бірінші байланысқа шығуы ғой. «Лениншіл жас» оқырмандары қандай сұрақтар қояр екен?» Тіпті Нұрағаңның өзі де қобалжып отырғандай.
    Сағат тілі 12-ге жетпестен-ақ қос телефон қатар қоңыраулата жөнелді. Диктофон іске қосылды.
    – Алло, сәлеметсіз бе? Біз сағат 12-ден 14-ке дейін осы телефонда Нұрағаң отырады деп оқып едік…
    – Мен тыңдап тұрмын, айналайын.
    – Аға, сізді мазалап тұрған Қарағанды­дағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы шахтаның кеншісі Жанайдар Дәрібаев деген ініңіз еді. Ең алдымен, сіз жетекшілік етіп отырған коллективтің Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алуымен құттықтағым келеді!
    – Рахмет, рахмет!
    – «Отырар сазының» атына сырттай жақсы қанықпыз. Теледидардан, радиодан өнерлеріңізді тамашалап тұрамыз. Әйтсе де, атағы бүкіл елге жайылған өнер коллективін көзбен көргенге не жетсін…
    – Жанайдар, айтпақ ойыңды түсініп отырмын. «Біз жаққа неге келмейсіздер?» демексің ғой. Өкпең орынды. Гастрольден гастрольге шығып, жиі ел аралап тұрамыз. Қазақтың көне ұлттық аспаптарына деген жұрттың ықыласы ерекше. Өткен жылдың өзінде, сырт сапарларды былай қойғанда, туған республикамыздың талай облыстарында болдық. Әйткенмен, бір сапарда барлық облысты аралап шығу мүмкін емес. Қарағандыға биыл бармақ ойдамыз. Қарқаралы, Баянауыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан өңірлерін аралап қайтсақ деп отырмыз.
    – Күтеміз, аға, келіңіздер!
    – Жақсы онда. Еңбектес әріптестеріңе менен сәлем айтқайсың. Кенші деген мәртебелі мамандық қой…
    – «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары Болат Қабақов. Нұраға, біздегі Құрманғазы атындағы мем­лекеттік консерваторияда шертер, жетіген кластары бар ма?
    – Жоқ. Ол осы мәселемен тікелей айналысатын орындардың ойына әлі келген де емес. Сіз сұрақты өте орынды қойып отырсыз. Ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен мұраларына сергек көзбен қарайтын азаматтардың көп болуы біз үшін үлкен қуаныш. Қазақтың әртүрлі көне музыкалық аспаптарында ойнайтын адамдар саны саусақпен санарлықтай ғана. Гастрольдік сапармен ел аралап жүріп, кейде он саусағынан өнері тамған көнекөз қарияларға тап боламыз. Ондай жандар, әрине, көп емес. Уақыт өткен сайын қатарлары сиреп барады. Міне, тиісті орындар осы жайды ескеріп, жоғарыда аталғандай кластар ашса, ол ұлттық мәдениетімізді дамытуға үлкен септігін тигізер еді.
    – Аты-жөнім – Ұлжан Байбатыорова. Осы Алматы қаласында мұғалім болып қызмет істеймін. Қазір агрессорлардың кінәсінен халықаралық жағдайдың күрт шиеленісіп тұрғанын өзіңіз де білесіз. Осындай кезде өнер коллективтерінің, жекелеген өнер адамдарының басты міндеті не болуы керек деп ойлайсыз?
    – Біз осыдан бір-екі жыл бұрын Үндіқытай түбегінде гастрольде болып қайттық. Сол сапарымызда Лаостың екі бейнесін көргендей болдық. Бірі – жан-жағынан соғысқұмар жендеттер анталаған, қолына қаруын ұстап қас дұшпандарына қасқая қарсы тұрған жүрегі жаралы Лаос та, екіншісі – бейбіт өмірге іңкәрлікпен көз тіккен, жаңа заман орнатуға белсене кірісіп кеткен Лаос. Әрбір концертімізден соң олар бізді қоршап алып, сан түрлі сұрақтардың астына алатын. Совет елі бостандыққа қалай қол жеткізді? Қазақстанның келешегі қандай?.. – Өскен, өркендеген елдің бар тыныс-тіршілігін білгілері келеді. Осы мысалдардың өзі-ақ өнер адамдарына қандай міндеттер жүктелетіндігін аңғартса керек. Халықтар арасындағы достықты насихаттау, соғысқұмарлардың жыртқыштық ниетін әшкерелеу, болашақ қоғамның мән-мақсатын түсіндіру – өнер адамдарының, өнер коллективінің тікелей еншісі.
    – Алло, алло! Бұл 33-02-19 ба? Мен сіздерге қазір Шымкентті қосамын. Ал, қане, сөйлесіңіздер.
    Телефоншы қыздың күнделікті жұмыс тіршілігіне орай қалыптасқан әрі қатқыл, әрі мазасыз даусынан соңғы аз ғана үнсіздіктен кейін Нұрағаң мен оқырмандар арасындағы ауызекі әңгіме өз жалғасын тапты. Сұрақ иесі – Шымкент қаласындағы фосфор зауытының слесары Оспанғазы Жанғожаев екен. Ол өз сауалының түп-төркінін әріден бастап, көңілін күпті етіп жүрген ой желісін сұхбат иесіне ұзақ баяндаумен жеткізді.
    – Туысқан республикалардағы көптеген вокалды-аспапты ансамбльдердің өнерін тамашалап отырсақ, – дейді Оспанғазы, – керемет таңғаламыз. Олар көне әндердегі ұлттық нақыш пен бояуды, ерекшелікті жоғалтпай, қазіргі эстрада талабына сай үндестікпен жымдастыра өңдеп, тыңдаушы қауым алдында құлпырта орындап жүр. Және мұндай коллективтерде, мысалы, өзбектің «Ялла» ансамблінде: «Өз биігімізге жеттік. Болдық-толдық», – деген көңіл демдеуден туатын самарқаулық, тоқыраушылық жоқ. Қайта олар жыл сайын жаңа қырынан, жаңа ізденіс деңгейінен көрініп, бұрынғы қол жеткізген табыстарына табыс қоса түсуде. Ал біздің «Досмұқасан» ше? Оған не болды? Сөздің тоқетерін айтқанда, олар өздері шыққан биіктікті ұстап тұра алмаған сияқты. Қазір бұл коллективті жұрттан озбай, көштен қалмай жүр десек қателеспейміз. Туысқан республикалардағы «Песняры», «Гунеш» тектес ансамбльдер өз деңгейін қалай тұрақты ұстап келеді, ал бізде ол неге құлдырап кетеді? Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
    – Оспанғазы, мұны сен дұрыс байқағансың. Ол бәрімізді де алаңдатып жүрген жай. Өнер өкілі, менің ойымша: «Неге? Неге?» – деген жоғарыдағы сауалдардың себептері мынада ғой деп ойлаймын. Біріншіден, кезінде бәрімізге сүйікті болған «Досмұқасан» соңғы кезде өзінің халықтығын жоғалтып алды. Дәлел керек пе, айтайын. Жетпісінші жылдары ғой, бұл ансамбльдің айдарынан жел ескен өнеріне қуана қол соғып жүрдік. Ол кезде оның репертуарында «Ауылың сенің іргелі», «Құдаша», «Той жыры» атты ұлттық бояуға бай әндер көп еді. Эстрадаға лайықталып өңделген, қазіргі заман мәдениетіне сай келетін, оның үстіне үні, сазы туған халқымыздың табиғи болмысынан алшақтап кетпеген, сондықтан да ел жүрегіне етене жақын ол туындылар өз уақытында тыңдаушы мен ансамбльдің арасын байланыстырып ұстап тұрды. Ал қазір «Досмұқасанның» репертуарында сондай әндер бар деп айта аламыз ба? Демек, бұл аталмыш өнер коллективінде халық музыкасының қорымен жұмыс істеудің кемістігі, ұлттық өнердің қыр-сырын жете түсінбейтін, кітаптан оқып, кітаппен қиялдайтын музыкант шығармасымақтарының белең алуы деген сөз. «Досмұқасандағы» екінші кемшілік – ондағы бөтен, яғни үйлеспейтін аспаптардың көбейіп кеткендігі. Анықтап айтайын, бұл коллектив әсіреқызыл әрекетке көп барады. Музыка әлемінде жаңа бір құрал өмірге келді ме, олар оның керекті-керексізіне қарамайды немесе өз ансамбльдерінің табиғатына келу-келмеуімен санаспайды. Әйтеуір соған жармаса кетуге, бір рет болса да оны қиқылдатып-шиқылдатып көруге тым үйір. Менің ойымша, мұндай тыраштанушылық ешкімге опа бермейді, абырой да әкелмейді. Қайта ол ансамбль мен тыңдаушы арасында түсінбестік туғызады, елді мезі етіп, жалықтырады. Үшінші кемшілік мына өздеріңде ме деймін, Оспанғазы. «Халық – қатал сыншы», – деген даналыққа жүгінер болсақ, «Досмұқасан» дәл қазіргідей қиын жағдайда қалған кезде емес, одан әлдеқайда бұрынырақ көмекке келу керек еді. «Қандай көмек?» – дейсің ғой. Хат жазу, дабыл қағу. Егер өнерсүйер қауым өздерінің сүйікті ансамблінің көпшілік көңілінен шықпай жатқан жақтарын айтып, сол коллектив мүшелеріне ескерту жасаса немесе газет-журнал редакцияларына, Қазақ ССР Мәдениет министрлігіндегі жауапты бөлімдерге ой-пікірлерін білдірсе, кемшілікке тосқауыл қойылған болар ма еді, қайтер еді?! Көп ретте, сіздер, құрметті облыс, аудан, ауыл тұрғындары, кейбір мәселелерге енжар, немқұрайлы қарайсыздар. Қоғамдық негізді көздейтін көкейтесті міндеттерге ой айтуға, өздігінен үн қосып, пікір білдіруге әдеттенбегенсіздер. Қандай өнер коллективі болмасын оларға халық пікірін біліп отырудан асқан қажетті, пайдалы нәрсе жоқ. Өйткені ол тәрбиелейді, ойға ой қосады, бағыт-бағдар беріп, жаңа іске құлшындырады. Алдағы уақытта осындай жайлар көпшілік қауымның бірі мына сенің есіңде де болсын, жарай ма?
    – Жарайды, аға! Айып етпесеңіз тағы бір сұрағым бар еді…
    – Ал айта ғой!
    …Осы кезде Шымкентті Павлодардан соғылған қалааралық байланыс жүйесінің телефоны үзіп кетпесі бар ма?! Уақыттың санаулы да тапшы екенін жақсы түсінген облыстық «Қызыл ту» газетінің қызметкері Фарида Бықаева өз сұрағын төтесінен қойды.
    – Біздің қазақ өнері музыкалық аспаптарға бай дейміз. Ол факт жүзінде дәлелденген де. Оған астанамыз Алматыдағы ұлттық музыка аспаптары музейінде жинақталған көптеген экспонатты тілге тиек етуге болады. Қазіргі таңда сол аспаптардың бәрін сөйлетуге, ансамбль, оркестрге қолдануға бола ма? Жоқ, әлде музей сөрелерінде экспонат болып қала бере ме? Өзіңіз жетекшілік ететін «Отырар сазы» оркестрінің бұл мәселе тұрғысындағы мүмкіндіктері қандай? Содан кейінгі тағы бір сұрағым, Нұраға, ол домбыра жағдайы. Біздің республикамызда осы аспапты жасауға мамандандырылған арнайы фабрика бар ма? Жалпы, өнер өкілі, сіз қазіргі дүкендерге түсіп, ел пайдаланып жүрген домбыраның жасалу сапасына ризасыз ба?
    – Шырағым, Фарида! Әңгімені сенің алғашқы емес, соңғы сұрағыңа жауап беруден бастайын. Қазір дүкен сөрелерінде тұрған домбыра – ол домбыра емес, таяқ. Неге дейсің ғой? Ежелгі ренессанс, цивилизация орталықтары саналатын Азия, Еуропадағы қай ел, қай мемлекетті алып қарамаңыз, ондағы шеберлердің музыкалық аспап түрлерін жасау тарихында қалыптасқан өз заңдылығы болған. Соның бірі жасалуға тиіс құралға керекті шикізат – ағаш мәселесін алып қаралық. Мамандар оны көп таңдаған, содан кейін шеберханаға әкеліп, 10-15 жыл кептіруге қойған. Осыдан соң ғана барып, музыкалық аспаптар жасауға рұқсат еткен. Таңғаларлығы сол, біздің қазақ шеберлері де осы әдісті қолданған, оны атадан балаға мирас етіп қалдырған. Ал қазір ше? Өкінішке қарай, әлгі тәртіп пен талапты ұмытқан секілдіміз. Мамандарымыз орманнан ағашты кесіп әкеледі де қажетті аспапты домбаздап жасай береді. Жоспар қуалайды. Қолыңа ұстасаң үнемі ылғал тартып тұратын, шертсең дауысы шықпайтын, өзі зілдей ап-ауыр ол таяқ емей, немене? Ескерте кетейін, қазір бізде ұлт аспаптарын жасаумен шұғылданатын арнайы фабрика жоқ, оның орнына тек лаборатория, цех жұмыс істейді. Сонан соң бұл күнде домбыраны шеберлер жасамайды, ұсталар жасайды. Олар аспаптың болмыс-бітімін, сыртқы пішінін әдемі ұқсатқанымен, технологиялық жағындағы нәзік, күрделі процестерді орындауға келгенде тым шорқақ. Міне, осындай жетімсіздіктер мен кемшіліктердің салдарынан, біздегі халыққа ұсынылатын домбыралар шет жақтан келетін құрметті қонақтарға сыйлайтын сувенир рөлін атқарудан әрі асқан жоқ. Биылғы көктемде Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен ұлт аспаптарын жасаудағы шешімін күткен мәселелер туралы республикалық кеңес өтпекші. Сол жиын бұл саладағы көп жылдан бергі сүрленген проблемалардың сеңін сөгуге көмектесер деген үміттеміз.
    – Нұраға, жауабыңызға рахмет! Оған толық қанағаттандым. Бірақ алғашқы қойған сұрағыма жауап бермедіңіз ғой. Оны ұмытып кеткен жоқсыз ба?
    – Қазір… қазір… Фарида. Сенің соңғы сауалыңа берген жауабымның бірінші берген сұрағыңа да толық қатысы бар. Өзің ойлап қарашы, кішкентай күнімізден бәрімізге етене таныс домбыраны жөндеп игере алмай жүргенімізде, музейде тұрған көптеген көне аспаптың тілін табу оңай дейсің бе?
    – Торғай облысы байланысқа шақырады.
    – Иә, иә, мен тыңдап тұрмын.
    – Бұл Қима ауданынан. Сауда қызметкері Шерхан Оралбаев. Нұраға, сізден бір көмек сұрағым келіп тұр. Мен аздап ән шығарамын. Бірақ арнаулы музыкалық білімім жоқ. Нота білмеймін. Өнерден хабары бар жергілікті орындар маған назар аудармайды. Менің не істеуім керек?
    – Облыс орталығындағы халық творчествосы үйінде, облыстық мәдениет бөлімінде болдың ба?
    – Жоқ. Оларға барған жоқпын. Тауым шағылып қала ма деп қорықтым.
    – Ел арасындағы таланттарға көмектесу – әрқайсымыздың борышымыз. Сен, қалқам, әлгі мекемелерге кіріп, жағдайыңды айтып, түсіндір. Ал егер олар да: «Сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» деп отырса, онда маған хат жолда. Конверт сыртына: «Алматы қаласы, Қазақ ССР Композиторлар одағы, Н. Тілендиевке» деп көрсетсең болды. Көмектесемін!
    – Сізді мазалап тұрған – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрінің көмекшісі Амангелді Құлымбетов. Аға, сіздің есіміңіз бүгінде одаққа белгілі. Осындай зор беделге ие бола тұрып, фольклорлық-этнографиялық оркестрге баруыңыздың себебі не?
    – Амангелді, азаматтық парыз атақ-даңқпен өлшенбейді. Иә, беделдімін деп менің жылы орын қууыма болар еді. Бірақ олай етпедім. Әрине, көне аспаптарға жан бітіру, сөйтіп оларды бір арнаға тоғыстыру – оңай шаруа емес. Бұрындары әр жерде бір қылаң беріп жүргенімен, үлкен фольклорлық-этнографиялық оркестр құру туралы сөз де қозғалмаған. Әр нәрсенің алғашқыда өз қиыншылығы болатындығы белгілі. Бірақ қиын екен деп уақыт талап етіп отырған нәрсені жүзеге асырмауға бола ма? Міне, осындай ойға бекіндім де, «Отырар сазын» құруға белсене кірісіп кеттім. Мәселе бұл оркестрге неге келгенімде емес, ол коллектив жұртшылық талғамынан шығып жүр ме, жоқ па, сонда. Михаил Александрович Шолоховтың: «Үкіметіміз бен партиямыз бізге барлық правоны берген. Бізге тек бір ғана право берілмеген. Ол – жаман жазу правосы», – деген сөзі бар. Біздің азаматтық правомыз осы. Тыңдаушылар талғамынан шыға білу – үлкен жауапкершілік.
    – Мен Алматы мақта-мата комбинатындағы комсомол-жастар коллективінде еңбек етемін. Аты-жөнім – Төкен Қасабеков. Сізге алдымен мынадай сұрақ қойғым келеді. Консерватория мен жұмысшылардың Мәдениет сарайларының арасындағы байланыс неге әлсіз?
    – Мәселенің қойылысы орынды. Бүгінгі таңда өкіметіміз бен партиямыз науқаншылдықтан жүйелі іске көшуді талап етіп отыр. Жұмысшылардың Мәдениет сарайларына қамқорлық, көбіне қағаз жүзінде қалып жатады. Тек консерватория ғана емес, басқа да өнер отаулары бұл қамқорлықты шын мәнісінде жүзеге асырып, өнер жанашырлары бола білулері керек. Өкінішке қарай, көп жерде жағдай ойдағыдай емес. Мәселен, жұмысшылардың Мәдениет сарайлары жанынан құрылатын әртүрлі үйірмелерге жетекшілік ететін мамандар жетісе бермейді. «Сұхбат-телефондағы» осы әңгімені газет бетінен оқығаннан кейін тиісті орындар бұл мәселеге үн қатар деген ойдамын… Тағы сұрағың бар ма?
    – Біздегі Мәдениет сарайы жанынан ұлт аспаптары оркестрі құрылған. Қанша дегенмен тәжірибе жетісе бермейді. Соған «Отырар сазы» секілді үлкен коллек­тивтер көмектессе жақсы болар еді.
    – Бұған өз басым қарсы емеспін. Қай уақытта болмасын көмектесуге әзірмін. Қажет жағдайда жұмысқа болсын, үйге болсын телефон шалыңдар. Коллек­тиві­міздегі тәжірибелі жігіттерге де айтайын. Олар да жәрдемдесетін болады.
    – Рахмет аға! Мазалағанымды айып етпессіз.
    – Жоқ, керісінше осындай іскер сауалдар қойған өзіңе рахмет, Төкен. «Сұхбат-телефонның» өзінің мақсаты осындай байланыстарды нығайту емес пе?
    – Екпінді құрылыстар алаңы атанған өлкедегі «Экибастузшахтастрой» тресі туралы естіген шығарсыз. Мен осында мастердің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Сізбен ой бөліскім келіп еді. Жасыратыны жоқ, қазір біздің өнерімізде кітаппен оқып, кітаппен қиялдайтын жас композиторлар ұшырасып жүр. Олардың сол кітабы арқылы алған тәрбиесі, ойлау қабілеті, бойына сіңірген білімі өзіміздің ұлттық мұрадан, ұлттық өнер жетістіктерінен бастау алып жатса, онда оған ешқандай таласымыз болмас еді. Өкінішке қарай, бірқатар жас композитордың әлемдік, еуропалық классикалық музыка үлгілеріне ден қоюы көп сияқты да, өмірге әкелген төл туындыларын өзіміздің ұлттық үрдісімізден тарқату жағы аз секілді. Соның әсерінен ондай туындылар, белгілі, шағын ортада болмаса, былайғы жұртқа түсініксіз, оларда ұлттық бояу, үн әлсіз. Қазір ештеңе емес-ау, ал дәл осындай құбылыс кейінгі қазақ музыка өнерінің өз дербестігімен дамуына кері әсерін тигізбес пе екен?
    – Ал, Марат, тыңда. Мен сенің әлгі пікірлеріңе толық қосыламын. Музыка атаулы екі қайнардан бастау алады. Оның бірі – әлемдік қор болса, екіншісі – ұлттық ерекшелік. Ал осы екеуінің бірі естен шықса, ол шығармадан соншалықты үміт күтуге болмайды. Ал уақыт сынынан өткен осы қағиданы біздің кейбір талантты деген композиторларымыздың естен шығарып алатындығы шындық.
    – Целиноградтан Иманғали Сарбасов.
    – Иманғали, қандай сұрағың бар?
    – Сіз ел арасына көп тараған ән-күйлерді көп шығардыңыз. Ал операға атсалыспапсыз?
    – Опера саласында да жазған шығармаларым бар. Мәселен, кезінде тың өлкесіне арналған «Алтын таулар» деп аталатын операм біршама табысқа ие болды… Ал өзің өнер саласында қызмет істейсің ғой деймін?
    – Жоқ, аға, мен осындағы инженерлік институттың аға оқытушысымын. Ғылыми атағым – философия ғылымының кандидаты. Опералық шығармаларды тыңдағанды ұнатамын.
    – Алло, Алматы, Талдықорған бай­ланысқа шақырады.
    – Тілендиев тыңдап тұр.
    – Нұраға, облыстық комсомол комитетінен Жидебай Көпенов деген ініңіз ғой. Өзіңіз жетекшілік ететін «Отырар сазы» туралы қысқаша болса да айта кетсеңіз…
    – Жидебай, осындай сұрақты әлгінде алматылық құрылыс инженері Бақдәулет Құмаров, Қазақ педагогикалық институтының студенті Қайыртай Ақыпбеков, Гурьев облысының Теңіз ауданынан заң қызметкері Махамбет Хайдаров және басқа да біраз оқырман қойып еді. Оларға: «Газет бетінде бәріңізге бір-ақ жауап қайтарамыз», – деп уәде бергенмін. «Отырар сазы» 1982 жылғы 1 октябрь күні өмірге келді. Қазақтың ұлттық аспаптарынан оркестр құру оңайға түскен жоқ. Алғаш құрамымызда небәрі 7-8 ғана адам болды. Бүгінде оркестрімізде 60-тай қыз-жігіт бар. «Отырар сазы» осы уақыт аралығында республикамыздың түкпір-түкпіріне, бірқатар одақтас республикада, астанамыз Мәскеуде, бірнеше шетелде болды. Өткен жылы жастар мен студенттердің бүкілдүниежүзілік ХІІ фестиваліне қатысып қайттық. Оркестр мүшелерінің дені 23-27 жас аралығындағы қыздар мен жігіттер. Барлығына жуығы жоғары білімді. Репертуарымызда Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Тәттімбет, Қазанқап, Құрманғазы секілді майталман өнер шеберлерінің шығармалары бар. Қазірше оркестрде 24 көне, ұмытылып кеткен ұлттық музыка аспаптары қолданылып жүр.
    – Гурьевтік Манарбек Дәулетов.
    – Ал, Манарбек…
    – Мен Гурьев пединститутының музыка факультетінде оқимын. Бірер ұлттық аспаптарда ойнаймын. Сізге сұрақ қойғым келеді. Біз қазір шаңқобыз, асатаяқ секілді музыкалық аспаптарды ұлттық деп жүрміз. Ал осындай аспаптар қырғыз, сондай-ақ басқа да халықтарда бар емес пе?
    – Иә, бар. Бірақ ұқсастықтары бола тұра әр халықтың музыкалық аспаптарының өзіндік ерекшелігі болатындығын ескеру қажет. Біздің шаңқобызымыз, асатаяғымыз, месқобызымыз қырғыздардікінен әлдеқайда бөлек. Бұрын мал бағумен айналысқан ата-бабаларымыздың қолынан шаңқобыз, сазсырнай, тағы басқа да аспаптар түспеген. Ал ата-бабаларымыздың мұраларын ұлттық деуден неге қорқамыз?!
    – Рахмет, аға! Түсіндім.
    …Түскі сағат 12-ден бері тыным таппаған телефондар бір сәтке үнсіз қалды. Бөлмеде орнай қалған осы мамыражай тыныштықты пайдаланып қалуға тырысқан біз диктофон дискісін ауыстыруға ұмтылдық. Осы сәтті күтіп тұрғандай-ақ 33-92-56 нөмірлі қызыл телефон қайтадан қоңыраулата жөнелді. Сұрақ иесі Көкшетау прибор жасау зауыты Мәдениет үйінің директоры Нүркен Уәлиев екен.
    – Бізде ораториялық, симфониялық, опералық озық шығармалар жоқ емес, баршылық. Олар одақта жақсы бағаланып та жатады. Бірақ өз республикамызда олардың тыңдаушысы аз. Біздің жұртшылық мұндай шығармаларды түсінбей ме, әлде әлгі дүниелерді орындаушылар оны көпшілкке түсіндіре алмай ма? Жалпы, Нұраға, сіздің қазіргі қазақ тыңдаушыларына көңіліңіз тола ма? Тыңдаушы сауаты, танымы және мәдениеті туралы ойыңыз қандай?
    – Во-о-от, Нүркен батыр! Сенің бұл сұрағыңа мен қатты риза болып отырмын. Өйткені кейде біздер осы бір мәселені елге қалай жеткізсек екен деп ойлаушы едік. Оның реті, міне, енді келіп отыр. Жасыратыны жоқ, гастрольмен облыс, аудан орталықтарына концерт қойғанымызда, жұрттың көбі қысқа қайырымды, ойнақы, сазды әуендерді үлкен құлшыныспен тыңдайды. Бұл түсінікті, себебі ондай әндерге еститін құлақ пен көретін көз болса, соның өзі жеткілікті. Неге десеңіз, ол – тыңдаушылардың қабылдап, түйсінуіне жеңіл. Бірақ сол өнерқұмар қауым орато­рия мен симфониядан берілген үзінді­лерге, операдан айтылатын арияларға келгенде селқостық танытады. Сонда не, бұл туындылар жаман ба, әлде нашар орындала ма? Гәп онда емес, мәселе оның күрделігінде. Музыкадағы үнмен, сазбен сурет салатын мұндай жанрларды түсіну үшін оған ең алдымен кәдуілгі концерттегі қалыптасқан әдеттегіден өзгешелеу зейін керек. Содан кейін дайындық, білім қажет. Міне, сонда ғана әлгі оратория, опералардың ар жағынан тыңдаушы мен көрерменге өзгеше бір рухани әлем есік ашады. Әрине, жоғарыдағы талаптар кім-кімге де алғашқыда қиын нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ бүгінгі жастар, мына сіздердің өнер атты құдіреттің жеңіл-желпі көңіл көтерушілік жағына емес, оның ойлылық, мәдениеттілік, тәрбиелілік рөліне дағдыланатын уақыттарыңыз әбден жетті. «Оған уақыт жоқ», – деп ешқайсыларыңыз да дау айта алмассыздар. Әр үйдегі радио, теледидар, «Мелодия» фирмасынан шығып жатқан республика композиторларының күйтабақтары, ауыл клубтарына гастрольге келген концерттік бригадалар сіздердің музыкалық танымдарыңызды арттыруға жасалып отырған қамқорлық емей, немене?! Мұнда тек ынта, құштарлық, сезімталдық керек. Біздер, өнер адамдары, тыңдаушылардың құлағына алтын сырға ретінде айтқан жоғарыдағы өкпемізді театр көрермендеріне де арнауымызға болады. Басқасын былай қойғанда, астанамыздың М. Әуезов атындағы академиялық драма театрын алып қарайық. Ондағы көрермендердің арасынан сіз қоғамдық пікірдің иелері – академиктер мен профессор, ғалымдарды, ірі де іргелі коллективтерге жетекшілік етіп жүрген министр, директор, инженерлерді сирек көресіз. Сонда бұл өнер отауына келетіндердің дені кімдер? Олар: «Театр деген не? Соны көрейікші. Қандай болады екен өзі?» – деген әуесқойлық сезім жетегіне ерген астанадағы оқу орындарының алғашқы курс студенттері, еңбек демалысын алып, қалаға қыдыруға келген қонақтар, сонан соң ақын-жазушылар мен өнер адамдары. Егер озық ойдың иелері саналатын ғалымдар мен министрлер театрға ат ізін салмаса, онда не болғаны? Көпшілікке ол қандай тәлім-тәрбие бермек? Бізді міне, осы мәселе де ойландырмай қоймайды.
    – Жас талаптарды үлкен сахналарға тарту бізде баяу сияқты. Қазақ ауыл шаруашылығы институтының ғалым-агрономы Есжан Әмірбеков.
    – Бойында оты бар жастарды тани білу де өнер. Бұл орайда республикамызда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, жыл сайын республика комсомолы ұйымының басшылығымен өткізіліп келе жатқан творчестволық жастардың «Жігер» фестивалінің өзі неге тұрады? Әйткенмен арқаны кеңге салып келе жатқан тұстарымыз жоқ емес. Республикамызда үлкен өнер фестивалін өткізу туралы соңғы кездері біршама пікірлер айтылып жүр. Ол сөздің жаны да бар ма деймін. Ондай мереке өткізе қалсақ талай таланттың көзін ашар едік.
    – Аға, біз, аудандық газеттің қызмет­керлері, түскі тамаққа бармай, бәріміз бір бөлмеге жиналып, сізге сұрақ қойғалы отырмыз. Менің аты-жөнім – Гүлбаршын Дүрманова. Павлодар облысының Май ауданынан.
    – Ал, Гүлбаршын?
    – Біздің сұрағымыз ақындар айтысына байланысты еді. Халқымыздың осы бір өнерін Қазақ телевизиясы көрсете бастағанда бәріміз оған қатты қуандық. Келе-келе: «Экранға әу дейтіннің бәрін шығарғаннан ұтарымыз қайсы? Талғам, ізденіс қайда?» – деген реніш сөздерді ести бастадық. Көпшіліктің пікіріне қарағанда ақындар айтысына қатысушы өнерпаздар бірсарындылыққа, жаттандылыққа ұрынған сияқты. Осы өнерді қай тұрғыда байытқан жөн деп ойлайсыз?
    – Орынды сұрақ. Әңгімені әлгі өзіңіз айтқан теледидардан бастайық. Теледидар ұйымдастырған ақындар айтысында әділқазылар алқасы көбіне тіл мамандарынан, әдебиетшілерден құралады. Ақындар айтысында өткір сөздің, ұтқыр ойдың, жұмыр ұйқастың орны бөлек-ақ дейік. Солай бола тұрғанымен, айтыстың музыкалық жағына да назар аудару қажет. Бұлар таразының екі басы сияқты нәрселер ғой. Мысалы, баяғы атақты Сараны алып қарайық. Оның есімі елге, ең алдымен әншілігімен танылған жоқ па еді?! Алдағы уақытта айтыс ақындарының мұны да ескергені жөн тәрізді.
    Сағат тілі 14.00-ді көрсетті. Зыр қағып айналып тұрған диктофон лентасы сырт етіп тоқтай қалды. Әйткенмен, белгіленген уақыт біткеннен кейін де жан-жақтан үздіксіз телефон соғылып жатты. Мүмкіндікті пайдаланып редакция қызметкерлері Нұрағаңды өздерімен бірге суретке түсуін, домбыра тартып беруін өтінген болатын. Бірақ оқырмандармен байланыс әлі де жалғасып жатқандықтан бұл жоспарды да ептеп бұзуға тура келді.
    Телефон трубкаларын кезек-кезек көтеріп отырған Нұрағаңның жүзінен бір кезде жымиыс табы аңғарылғандай болды. Осы сәтте біз диктофонды қайтадан іске қосқанбыз.
    – Бұл енді «Лениншіл жастың» төл сұрағы, Нұраға! Сіздің халық алдында өнер көрсетіп тұрған сәтіңізді талай көргенбіз. Ондайда маңдайыңыздан шып-шып тер шығып, бойыңыздағы барыңызды халыққа беруге ұмтылатындай халде көрінетінсіз. Әлгінде есіктен сығалап қарағанымызда, телефондардың құлағын кезекпе кезек көтеріп концерт беріп немесе дирижерлік етіп тұрғандай шабыттанып отыр екенсіз…
    – «Сұхбат-телефонда» отыру – жұртшылық алдында өнер көрсетуден де қиын ба деп қалдым. Өйткені мұнда халыққа есеп бересің ғой. Оқырмандар сұрақтарының бәрі де көкейтесті мәселелер. Қазақ өнерінің аяқ алысы, болашағы тек біз секілді өнер адамдарына ғана емес, сіздердің мыңдаған оқырмандарыңызды да, демек, сергек ойлы азаматтарымыздың бәрін толғандырады екен. Мұны сезіну, әрине, үлкен қуаныш. Осы екі сағат ішінде талай сындар, ұсыныстар, құнды пікірлер айтылды. Мұны осы «Сұхбат-телефон» материалымен танысқан тиісті орындар, жекелеген басшылар назарға алады деген ойдамыз. (Авторлары – Жанболат АУПБАЕВ, Қонысбек БОТБАЕВ).

    ***
    СӨЗ СОҢЫ. Ұзын ырғасы екі сағаттан астам уақытқа созылған «Сұхбат-телефон» аяқталған соң «Лениншіл жас» ұжымы Нұрағаңды ортаға алып, суретке түстік. Редакция өміріндегі бұл ерекше рәсімді орындаған газеттің сол кездегі фототілшісі Рахымбай Ханалиев еді. Содан соң басшымыз бен қосшымыз болып бәріміз құрметті қонақпен бірге секретариаттың кең бөлмесіндегі дастарқанға беттедік. Шай ішіп отырған жерде оқырмандармен тікелей сұхбатта көтерілген көкейтесті мәселелерге байланысты алдағы нөмірге деп ведомстволардан сұратқан жауап хаттар да келе бастады. Курьерлер арқылы қолымызға тиген солардың алғашқысы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториядағы ұлт аспаптары факультетінің деканы Мүлкаман Қалауовтың жазбасы еді. Онда былай делінген: «Біздің музыкалық оқу орнында шертер, жетіген кластарын ашу туралы тиісті жерлерге талай рет мәселе етіп қойып жүрміз. Бұндай өтініштерімізге әзірше тиісті жауап берілмей отыр. Жуырда өтетін Қазақстан Компартиясы ХVI съезі қарсаңындағы перспективалық документтерді талқылауға арналып консерваторияда өтетін басқосуда осы пікірді ұсыныс етіп тағы да хаттамаға түсіртеміз». Ал екінші жауаптағы сөзін Қазақ КСР Мәдениет министрлігіндегі музыкалық мекемелер бөлімінің инспекторы Қуаныш Оразғалиев: «Республикамызда домбыра жасайтын арнаулы фабриканың жоқ екендігі рас, – деп бастапты. – Тек Алматыдағы №46 кәсіптік-техникалық училище ғана аспаптар емес, оларды жасайтын мамандар даярлайды. Олар үш жерге барады: консерватория жанындағы шеберханаға; «Алматымебель» өндірістік бірлестігіндегі домбыра цехына; Қазақ КСР Ағаш және ағаш өңдеу министрлігіне қарайтын комбинат­тағы домбыра жасау кәсіпшілігіне. Ескерте кетейін, дүкендерге түсетін домбыралар соңғы екеуінде жасалады. Ал консерваториядағы шеберханада тек профессионал коллективтерге арналған аспаптар шығарылады. Домбыра фабрикасын ұйымдастыру мәселесінің алдағы уақытта жоспарланып отырмағаны да шындық. Сондықтан бұл ретте көп болып ойластыруды қажет ететін тұстар баршылық». Үшінші жауап хат Қазақ телевизиясындағы әдеби-драмалық хабарлар басқармасының бас редакторы Жүрсін Ермановтан келген болып шықты. Онда ол: «Айтыс туралы газет оқырмандарының пікірлері өте орынды, – деп жазған. – Айтысқа қатысушылардың көбі сөзіне, ұйқасына баса назар аударып, оның әнін естен шығарып алады. Көпшілік қауымның соған байланысты айтылған сынын мойындаймыз. Оны түзету үшін келесі айтыс хабарынан бастап әділқазылар алқасына музыка саласының адамдарын да қамтып отыруды қарастырамыз».
    Міне, «Сұхбат-телефон» өтіп бола бере-ақ оған деген тиісті орындар тарапының реакциясы осындай болды. Сол күнгі жоғарыдағы хаттар мен Нұрағаңның оқырмандар сұрағына редакцияда отырып берген жауаптарынан түзілген стенограммалық есеп бәрі біріктіріліп, «Лениншіл жастың» 1986 жылғы 31 қаңтардағы санында жарық көргені ұжымды қандай қуанышқа бөледі десеңізші! «Өнер – күрделі әлем» деген тақырыппен шыққан ол құрама материалға біздің ақ тер-көк тер болып зыр жүгірген еңбегіміздің өтеуін қайтарғысы келді ме, редактор Сейдахмет аға мәтінге: «Авторлары – Жанболат Аупбаев, Қонысбек Ботбаев», – деп өз қолымен жазып бергені бар.
    Сөз ретіне қарай айта кетейік, әңгіме етіп отырған мақаламыз «Сұхбат-телефонның» бірінші туындысы еді. Одан кейін оны жалғастыруға тиіс әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Қамбар Керейқұлов «Қазақфильмге» бас редактор болып ауысты да, оның орнына келген әріптесіміз Өтеген Оралбаев сөз етілген айдарды наурыз айында абыз ақын Әбділда Тәжібаевпен, қазанның ортасында тұғыры биік тұлға Шыңғыс Айтматовпен өте жоғары деңгейде жүргізе білді.

    Жанболат АУПБАЕВ,
    Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

    Ұсынымдар

    Қонаевта коммуналдық қызмет көрсететін техникалар саны артты

    Қонаевта коммуналдық қызмет көрсететін техникалар саны артты

    2 years ago
    Ұлтты ұйыстыратын ұлы күш

    Ұлтты ұйыстыратын ұлы күш

    6 months ago
    Ұстаз бейнесі ұмытылмайды

    Ұстаз бейнесі ұмытылмайды

    6 months ago
    Бажат ата

    Бажат ата

    1 year ago
    Еңбегімен ер атанған

    Еңбегімен ер атанған

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>