Перейти к содержимому
Главная страница » Сүрінгенге сүйеу

Сүрінгенге сүйеу

     Қарасай ауданындағы «Azamatsha kz» қоғамдық қоры әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде көпбалалы отбасы мен жалғызбасты аналарға қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы бір-екі жылда қор сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге ерекше назар аударып отыр. Атап айтқанда, оларға бостандыққа шығуға дайындалуға, бизнес-идеялар мен белгілі бір мамандықты меңгеруге көмектеседі.

Бұл жоба облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен облыстық үкіметтік емес ұйымдардың консалтинг орталығы ұйымдастырған «Үздік әлеумет­тік идеялар мен жобалар – 2025» байқауының жеңімпазы атанып, «Azamatsha kz» қорына 500 000 теңге көлемінде грант бөлінді.
Қор директоры Мадина Сауытбекова­­­ның айтуынша, жобаны жүзеге асыру жұмысы 2024 жылы бастал­ған. Іле ауданы Жауғашты ауылын­дағы және Алатау қаласы «Заречный» ықшамауданындағы колония­ларда арнайы орталық ашылған. Бүгінгі күні қордың оқу курсына 180-ге жуық сотталушы қатысқан.
Қор тарапынан сотталғандарға және бостандыққа шыққан азаматтарға тегін заңгерлік және психологиялық кеңес беру қызметі көрсетіледі. Сонымен қатар мамандар оларды құжаттарын қалпына келтіруге, өз құқығын білуге, ішкі күйзеліс пен қиын эмоциялық жағдайдан шығуға үйретеді.
Орталықта, әсіресе, білім беруге ерекше көңіл бөлінеді. Сотталғандар мен бостандыққа шыққан азаматтар макияж және шаштараз ісі, қаржылық сауаттылық негізі, жасанды интеллект пен цифрлық дағдыларды меңгеру бойынша курстан өте алады. Бұл – өз жолын табуға, мақсатын жүзеге асыруға, тұрақты жұмыспен айна­лысуға және қоғамның толық­қанды мүшесі ретінде өмір сүруге нақты көмек.
– Құқық қорғаушылардың мәліметін­ше, түрмеден шыққаннан кейін адамдар­дың қайта қылмысқа баруына көбіне қолдаудың болмауы, жұмыс табудың қиындығы себеп болады, – дейді Мадина Маратқызы. – Сондықтан біздің «Azamatsha kz» қоры бұл тұйық шеңберді бұзу үшін бар күшін жұмсап келеді.
Жақында Жауғаштыдағы әйелдер колониясында маңызды оқиға – курсты аяқтаған сотталушыларға сертификат табыстау рәсімі өтті. Бұл шараға облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері білім беру саласы бойынша салалық кеңес төрайымы Гүлсая Қожабекова, шағын және орта бизнесті дамыту бөлімінің жетекшісі Венера Ертілеуова келді. Салтанатты шараға сондай-ақ курс оқытушысы, Қаскелең қаласындағы «Тиффани» сұлулық салонының директоры Әсем Далиева және басқа да қонақтар қатысты.
Мадина Маратқызының пікірінше, қайта әлеуметтендіру – бұл тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның міндеті. Ол басқарып отырған қордың қызметі сүрінген адамдардың тағдырын дұрыс арнаға бұруына шынайы көмек береді.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы